Тарих • 17 Қыркүйек, 2018

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі Көкшетауға келді

1890 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетаулықтар көне Тараздың тылсым тарихымен етене танысып, бір жасап қалды. Астана қаласының 20 жылдығына орай, Ақмола облыстық өлкетану музейінде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі көшпелі көрме ұйымдастырып, құнды жәдігерлерін ел назарына ұсынуда. 

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі Көкшетауға келді

Ұлы Жібек жолындағы көне қаланың тұрмысы мен мәдениетінен сыр шертетін археологиялық экспонаттар көкшетаулықтардың қызығушылығын тудырып отыр. Аталмыш мәдени шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтуде.

Жалпы Жамбыл облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы саны 3365-ті құрайды екен. Ал, аталмыш қорық музей қарауында жүзден астам тарихи-мәдени ескерткіштер жинақталған. Сол ескерткіштердің отызы республикалық дәрежедегі ескерткіштер болса, бес ірі ортағасырлық Ақыртас, Құлан, Ақтөбе-Степнинское-Баласағұн, Өрнек Қостөбе қалашықтары халықаралық дәрежедегі, яғни, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Респуб­ли­калық дәрежедегі 25 ескерткіштің қата­рындағы Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан баба, Тектұрмас, Дәуітбек ке­се­нелері Тараздың ін­жу-маржаны саналады. Тараздық музей қыз­меткерлері «Ежелгі Тараз ескер­ткіштері» тарихи-мәдени қорық-му­зейінің құрылғанына 20 жыл толуына орай халқымыздың тарихи қазыналарын елге көрсету үшін сапарға шығыпты.

Көрмеге келушілер назарына 300-ге жуық көне жәдігерлер ұсынылған. Олардың қатарында түргештер заманынан қалған сырғалар, білезіктер, өзгеше әшекейлер, қолдан құйылған шырағдандар да бар.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»