Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Достық үйінде неміс мәдениеті күні өтті

660 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының Достық үйінде неміс мәдениеті күні болып өтті. Бұл іс-шараға елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау білдірді.

Достық үйінде неміс мәдениеті күні өтті

«Берлинская полька» атауымен өткізілген флешмоб мерекелік кешті жандандырып жіберді. Одан әрі қонақтар Достық үйіндегі неміс мәдениеті күніне арналған көрмені аралап, Қазақстан немістерінің тарихы жөніндегі мағлұматқа қанықты. Ол бойынша әр жылдары көптеген немістер мемлекеттік наградалармен марапатталған.  Соның ішінде жиырмасы Социалистік Еңбек Ері атағына лайық болып танылған.

Іс-шараға келушілер  «Қазақстандағы немістер» атауымен ұйымдастырылған  көрме  арқылы Астана мен Ақмола облысындағы немістер тарихы жөнінен тың деректермен танысып шықты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау мен Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынова тағылымдық мәні бар кештің маңызы туралы айтып берді.

Неміс мәдениеті күні бағдарламасы бойынша Достық үйіндегі үш залда бір мезетте өткізілген вокалдың, бидің, қолданбалы өнердің және аспаздық істің қыр-сырын меңгеруге арналған шеберлік сабақтары жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.  

Бір сөзбен айтқанда, келушілер неміс мәдениетімен, олардың салт-дәстүрлерімен және ана тілімен кеңірек танысып, мол мағлұмат алды. Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.