Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

«Транстелеком» компаниясының ІІІ жазғы спартакиадасы болды

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бурабайдағы «Жақсы» спорт кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Транстелеком» компаниясының 3-інші жазғы спартакиадасы болып өтті.

«Транстелеком» компаниясының ІІІ жазғы спартакиадасы болды

Компанияның 15 филиалы арасында шағын футбол, үстел теннисі, әр түрлі қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру және басқа да спорттық жарыстар ұйымдастырылды. «Транстелеком» компаниясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар үйінің талантты балаларын қолдау мақсатында алғаш рет қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда.  

Аталмыш жарысқа Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының төрт балалар үйінің және Петропавл қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысып, шағын футболдан жарыс өткізілді. Бірінші орын иеленген Петропавл қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне грамота мен кубок табыс етілді. Ал, Ақкөл балалар үйінің «Арыстан» командасы екінші орын, Айыртау балалар үйі үшінші орынды еншіледі. Сандықтау балалар үйінің командасы да ынталандыру сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, «Ең үздік ойыншы» аталымы бойынша Анатолий Алаш (Петропавл), Бауыржан Орманов (Ақкөл қаласы), Никита Жакупов (Сандықтау), Роман Исайкин (Айыртау) марапатталды.

Компания өкілдері барлық балаларға оқу құралдары салынған мектеп сөмкелерін сыйға тартты. Жарыстан соң балалар үйінің тәрбиеленушілері Абылай хан алаңы мен ашық аспан астындағы Ботай-Бурабай мұражайын тамашалап, ескерткіш суретке түсті.

Аталмыш компанияның қайырымдылық ісі басқаларға да үлгі болса, кәнекей.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы