Өнер • 17 Қыркүйек, 2018

Драма театрлар додасы басталады

731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдың 17-21 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында Астананың 20 жылдығы мен көрнекті театр актері және режиссері, Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVI республикалық фестивалін өткізеді.

Драма театрлар додасы басталады

Іс-шараның мақсаты – Қазақстандағы театр өнерін насихаттау, дәстүрлі театр өнерін сақтау және дамыту, талантты әрі дарынды театр әртістері мен режиссерлерді анықтап, ынталандыру, заманауи сахна үрдістерінің басым бағыттарын анықтап, жас ұрпақты патриотизм мен отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу. Театр өміріндегі бұл ауқымды оқиға осы ізгі ниеттің бәрін көрнекті театр актері және режиссері, Қазақстанның халық артисі Райымбек Сейтметовтің өмірі мен қызметін насихаттау мен оның шығармашылығымен көпшілікті таныстыру, мәдениет қайраткерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсаты төңірегіне тоқайластырып отыр.

Фестиваль аясында Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, Астана қаласының Жастар театры, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Бәйтен Омаровтың «Жас сахна» театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Азамат Сатыбалдының «Theatre 28» театры, тәуелсіз «LABORATORY #316» театр труппасы ұжымдарының орындауында Б.Вахапзаде, Ғ.Мүсірепов, Л.Разумовская, Б. Жандарбеков, Дон Нигро, Г. Бюхнер және Ф. Дюрренмат сияқты шетелдік, отандық, классикалық және қазіргі заман авторларының қойылымдарымен таныса алады.

Ал 21 қыркүйекте М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында лауреаттарды марапаттау мен фестивальдің жабылу салтанаты болады.

Спектакль көрсетілімдеріне кіру тегін.

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ