Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

«Түйемұрындық» ұмытылмасын десек...

1226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгінің тойында өзгеріс көп, негізінде бабалардан қалған салт-дәстүрлеріміз жатқанымен заманауи реңк пен көзқарас басым. Осы орайда Түркістан облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Арыс аудандық мәдениет үйі игі жобаны қолға алып, тойшыл қауымға тың ұсыныс жасап отыр.

«Түйемұрындық» ұмытылмасын десек...

Ұсыныс қолдау табар, ал бізге ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталғаны ұнады. Кезінде өзі куә болған аға буынның «Түйемұрындық» салт - дәстүрінің маңызы мен мәні есінде шығар. Ал жастарға беймәлімдеу. Арыс ауданында «Түйемұрындықты» қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізу мақсатында мәдени іс-шара өтті. Түйе қомдалып, үлкендер бата беріп, жастар сейіл құрып, қыз сыңсып, ұзатылды. Бұл көрініске Арыс ауданының тұрғындары да қуана атсалысты. «Менің ойымша, бұл дәстүр қазіргі қоғамға ауадай қажет. Көбіне қаланың аумағында түйе мен жылқыға отырып, өз жұртымен қоштасуға мүмкіндік бола бермеуі мүмкін. Бірақ, аталған ғұрыпты заманауи түрде қолданысқа енгізуімізге әбден болады», - дейді  облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев.

«Түйемұрындық» — ұзатылып жатқан қыз көшінің жолында отырған ауылдың адамдары керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, сый алғандар бақыт тілей батасын беріп, ризашылығын білдіріп тарасады. Ауыл ардагерлерінің айтуынша, «Түйемұрындық» бергенде қыздың төркіні құдаларға қызды ғана емес, түйені де береді. Ал ботасын өздері алып қалады екен. Араға жылдар салып, қызы күйеубаламен бірге үйіне баласын көтеріп келгенде, ботаны немересіне бәсіре ретінде беріп жіберетін болған.

Иә, бүгінде еліміздегі үйлену немесе басқа да тойларда даңғазалық пен ысырапшылдық басым екені жиі айтылып жүр. Тіпті күні кеше Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жауыр болған атаққұмарлық ысырапшылдықтан, сән-салтанаттан құтылатын жаңа үлгі, өзбектер, түріктер, түрікмендердің үлгілері бойынша ұлттық салт-дәстүрге ден қою қажеттігін айтты. Арыстағы мәдени іс-шараны ұйымдастырушылар да қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде осы бір ұлттық салт-дәстүрдің қайта жаңғырғанын қалайды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы