Тарих • 17 Қыркүйек, 2018

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде 150 мыңға жуық құнды жәдігерлер бар

1009 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі 1915 жылы ашылыпты. Бір ғасырдан астам уақыт аралығында өңірдің тарихы, экономикасы, мәдениеті, өзге де салалары жайында 150 мыңға жуық құнды жәдігерлермен толықтырылып, әдістемелік, ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді. 

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде 150 мыңға жуық құнды жәдігерлер бар

Көз майын тауысып, тірнектеп жиналған экспонаттардың бірқатары солтүстікқазақстандықтардың назарына ұсынылып, өткен ғасырлар қойнауына саяхат жасап қайтқандай үлкен әсер алды. Музейдің  «Өлкенің ежелгі тарихы», «Өткеннің тылсым тіршілігі», «Туған жер тарихы», «Өлке халықтарының мәдениеті мен тұрмысы», «Қостанай облысының табиғат байлықтары» секілді  археологиялық, палеонтологиялық, осы заманғы тағы басқа залдар келушілердің назарын айрықша аударып, өңірдің шежірелі тарихынан терең сыр шертеді.

  – Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастар өздері тұратын өңірдің тарихи-мәдени мұралары жайлы тарата айтқанымен, өзге аймақтар туралы білері аз. Осы орайда «Рухани қазына» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған көшпелі көрме осы олқылықтың орнын толтырып, жас буынға берер тәрбиесі зор болмақ. Елбасымыз  бағдарламалық мақаласында  атап көрсеткендей бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аймақты ұлттың болашағы, келер ұрпақ үшін қорғап, мирас етті.  Олай болса, Қазақстанның әр түкпірі– бәріміз үшін ыстық, киелі атамекеніміз. Қостанай–тас, қола, темір дәуірлеріне жататын археологиялық ескерткіштерімен, табиғат ландшафтарымен, кен, қазба байлықтарымен ерекшеленетін облыс ,–дейді меймандар.

Қазақ халқын оқу-білімге шақырған Ыбырай Алтынсариннің 1884 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясының» түннұсқасын көру мүмкіндігі тудырылғанының өзі неге тұрады? Бабамыз атындағы мемориалдық музейдің директоры Марғұлан Оспановтың айтуынша  сауатсыздықты жою мақсатымен қазақ сахарасында тұңғыш рет дала қоңырауын соғып, мектеп ашқан ұлт ұстазы, отбасы, әулеті тұтынған тұрмыстық заттар, маңызды құжаттар, фотолар аса құнды жәдігерлер саналады. 1991 жылы тұрғызылған мемориалдық музей қорында бүгінде 12 мыңнан астам экспонат бар.

Көшпелі көрме дәстүрлі мұражай ісін жаңғырту, цифрлық жүйеге көшу, ескі құжаттарды қалпына келтіру, ғылыми жұмыстарды бірізділендіру  шаралары жүйелілікпен жүргізіліп,  жаңаша әдістердің кеңінен қолданылатынын да айқын байқатты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар