Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2018

Тау шыңына «Астананың 20-жылдығы» атауы берілді

1015 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында "Бұл біздің таулар " фестивалі өткізіліп, халқымыздың белгілі тарихи тұлғалары - Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің есімі Түркістан облысының Сайрам-Өгем Ұлттық паркі аумағындағы тау шыңдарына берілген болатын. Ол шыңдарға арнайы жазбалар орнатылды. Енді Тянь-Шань тауының тағы бір шыңы «Астананың 20-жылдығы» атауын алды.

Тау шыңына «Астананың 20-жылдығы» атауы берілді

Жалпы Түркістан өңіріндегі таулардың көптеген ерекшеліктерінің бірі - жазғы маусымда альпинизм шараларын, жарыстар өткізуге ыңғайлы. Ұлттық парк деректеріне жүгінсек, биылғы 8 айда Ресей, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан және Украина елдерінен 600 - ге жуық альпинист пен туристер келген. Ал күні кеше шыңға шыққандардың жөні бөлектеу болды. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Астананың 20-жылдығына арналған іс-шаралар аясында, Қазақстанның 20 шыңына экспедиция ұйымдастырып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті тапсырмасы бойынша. Міне сол шыңдардың бірі, яғни альпинистер бағындырған Түркістан облысының Сайрам-Өгем Ұлттық паркінде орналасқан 20-шы  шың (3446м) жаңа атауға ие болды.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, экспедиция Тань-Шань тауларының солтүстігінен, биіктігі - 4330,9 метр, Нұрсұлтан шыңынан басталған. Экспедиция барысында қамтылған шыңның ең биігі - Алтай тауларында орналасқан Мұзтау шыңы (4506 м) екен. Батыс Тянь-Шаньдағы жаңа «Астананың 20-жылдығы» атауын алған шың экспедиция қамтыған соңғы тау шыңы болып отыр. Экспедицияны ұйымдастыру барысында туристік, экстремалдық спорт түрлерін дамытуға, экотуризм және трекинг бағдарларын ұйымдастыру үшін  әлеуеті жоғары 3 өңір - Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары таңдалып алынған. Аталмыш шараға 100-ден астам адам, оның ішінде кәсіби альпинистер және тәжірибелі саяхатшылар, танымал интернет - блогерлер қатысты. Енді осы маршруттарда инфрақұрылымды дамыту бойынша ұсыныстар әзірленбек. Бұл шараның мақсаты - Тянь-Шань тауларының Қазақстан жағын әлемге таныту, еліміздің тау туризмін дамытудағы әлеуетін көрсету. Экспедиция барысында жиналған материалдар туристік бағдарламалар мен тиісті халықаралық гайбуктерге енгізілмек.

Айта кетелік, тау туризмін дамытуға Түркістан облысында ерекше мән берілуде. Бүгінге Сайрам-Өгем Ұлттық паркі аумағында 6 демалыс үйі, аңшылар үйі, этноауыл, киіз үй кешені, 11 туристік бағыт, демалыс алаңқайлары, шолу алаңдары туристер мен демалушыларға қызмет көрсетуде. Туристерге қажетті заттар мен мініс аттар және жол көрсетуші бөлінеді. Туристік бағыттар парк аумағындағы Мақпал, Сусіңген, Сайрамсу көрінісі ерекше көлдері мен Бозторғай, Сайрамсу, Сарыайғыр, Өгем және Машат өзендерінің бойындағы табиғаты тұнған, керемет сұлу учаскелерді қамтиды. Парк тарапынан демалушыларға қызмет көрсетудің сапасы мен түрлері де жылдан - жылға жақсарып келеді. Бұл өз кезегінде парк аумағына келген демалушылардың жылдан – жылға көбеюіне оң әсер етуде. Мысалы, 2016 жылы  - 19,7 мың, 2017 жылы - 23,4 мың, ал 2018 жылдың 8 айында 27 мың адам келіп, тынығып қайтқан. Оларға қызмет көрсетуден биылғы 8 айда 8,7 млн. теңге қаржы түскен.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы