Медицина • 17 Қыркүйек, 2018

Балаларды қорғау шаралары күшейіп келеді

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында отбасы және балалар құқығын қорғау, балаларға зорлық-зомбылық көрсетумен күрес шаралары барысынан Дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зульфия Байсақова хабардар етті.

Балаларды қорғау шаралары күшейіп келеді

Қазақстанда балалар жалпы халық санының 31% құрайды. Көрсеткішті өңірлер бойынша қарастыратын болсақ, балалар үлесі ең төменгі аймақтар Қостанай - 23%, Павлодар облыстары - 25%.  Атырау - 36%, Жамбыл - 37 %, Қызылорда - 37%, Маңғыстау - 38%, ең жоғары көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында байқалады - 41% .

«Егер де балалардың үлесі, мысалы 35%-дан жоғары болатын болса, онда   әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түседі, ал 25%-дан төмен болса, жетіспеушілік байқалады, сондықтан аймақтарды дамытуда осы мәселеге назар аудару қажет»,-дейді  Зульфия Мұхамедбекқызы.   

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, нәрестелер мен 17 жас аралығындағы балалардың саны 5 623 387 құрайды - 51/49 (ұл/қыз). 2017 жылдың бастапқы кезеңінде ауылдық жерлерде тұратын балалар - 47%, ал қала өңірлерінде 53% құраған. Ауыл-аймақтарда тұратын балалар көрсеткіші жоғары облыстар: Оңтүстік Қазақстанда - 655 мың, Алматыда - 510 мың және Жамбыл облысында - 255 мың.

Бүгінде Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын реттейтін 45-тен аса нормативтік актілер қабылданған, яғни «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне негізделеді.

Соңғы жылдарда балаларға қатысты қылмыс көрсеткіші төмендеген.  100 мың балаға шаққанда зардап шеккендер саны соңғы бес жылда 3,7 есеге азайып отыр.

Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға  уәкілетті орган – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті. Балалар мекемелері ҚР Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігінің қарауында. Балалар өміріне қол сұқпау мәселесіне барлық министрліктер мен ведомстволар жауапты әрі қоғамдық ұйымдар да бұл шарадан тыс қалмауы тиіс. 

Зорлық-зомбылықпен күресте «Балаларды бірге қорғаймыз!» Жол картасы ҚР Мемлекеттік үйлестіруімен іске қосылған. Жоба шеңберінде балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «үй-мектеп» (патрульдер, жарықтандыру және т.б.), қауіпсіздік картасы әзірленіп, семинарлар, дәрістер, әңгімелер өткізумен қатар кітапшалар, ескертпе хабарламалар үлестірілген. Мұндай шаралар балалардың қауіпсіздігін күшейтуде бірден-бір ақпараттық көмекші құрал мен тиімді әдістер болып табылады.

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ