Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

«Шығыс Ақпарат» редакция тынысымен танысты

501 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс Ақпарат» жетекші ақпараттық ұйымы «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясына қонаққа келіп, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты.

«Шығыс Ақпарат» редакция тынысымен танысты

«Қаншама алаш қайраткерлері басшылық еткен басылымның 100 жылдық тарихы бар. Еліміздің ірілі-ұсақ мерзімді баспасөздерін газеттің шығармашылық-өндірістік әлеуетімен таныстыру туралы ұсыныс бұдан бұрын айтылған болатын. Бұл – еліміздің ақпарат кеңістігінің аясын кеңейтуге ықпал ететін қадам. Өйткені, газет – тілдік өрістің айқын көрінісі», деген «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ғасыр бедеріндегі басылымның бүгінгі мазмұны мен жаңаша бағыт-бағдарына кеңінен тоқталып өтті. Басқарма төрағасының айтуынша, қашан да оқырманмен қалтқысыз қарым-қатынас орнатуды көздеген басылым жастар аудиториясына баса мән беріп отыр.

– Материалдардың берілуі тұрғысынан ғана емес, мазмұндық жағынан аудиториямызды дұрыс айқындауды ұйғардық. Соңғы сараптауларымыз бойынша, біздің оқырмандарымыздың 67 проценті 18 бен 34 жас аралығында. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – дейді ол.

Сондай-ақ, бас басылымның 100 жылдық қарсаңындағы қол жеткізген өзге де тың жаңалықтарымен хабардар ете келе, ел өмірін кеңінен таныстыруда және шешілуі тиіс ұлттық және мемлекеттік міндеттердің әрдайым басты назарда екенін атап өтті. Авторлық бағандарды латын әліпбиімен жариялай бастаған газет алдағы күндері «Рухани жаңғыру» сынды тұтастай бір бетін латын графикасындағы қазақ әліпбиімен басуды қолға алмақ.

Шығысқазақстандық журналистер мен басылым ұжымы кездесу барысында журналистиканың бүгінгі міндеті, газеттің дизайндық ерекшелігі мен мазмұндық-идеялық алуандығы тұрғысында өзара ой-пікір алмасып, жан-жақты мағлұматқа қанықты. Аймақ журналистері ел өмірінде айрықша орны бар іргелі басылымның заман ағымына сай жаңаша түрленуінің құптарлық қадам екенін айта келе, болашақта да осы биіктен табыла берсін деген ниеттестігін жеткізді.

Ая ӨМІРТАЙ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»