Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2018

Үлкен Алматы айналма жолы құрылысының тиімділігі әлден-ақ сезілуде

1078 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құры­лысы қарқын ала бастады.  Бұл жобаны қала мен қала маңы­ның тұрғындары ұзақ күткен еді. Биылғы мамыр айының соңында жол құрылысы салтанатты түрде басталған болатын. 

 

Үлкен Алматы айналма жолы құрылысының тиімділігі әлден-ақ сезілуде

Жалпы, ел аузында «БАКАД» аталып кеткен, мегаполис үшін ғана емес, тұтас еліміздегі жол қаты­насы үшін маңызы зор жобаны жүзеге асыру жұмыстары 2019 жылдың көктеміне қарай толық қуатына қосылып, алғашқы легі 4 жыл ішінде пайдалануға беріледі. Ал жолдың толық дайын болуы 2036 жылға дейін созылмақ. Бұл кезеңде «БАКАД» ақылы қызмет көрсететін әлемдік талапқа сай трассаға айналады деп күтілуде.

Қазіргі күні айналма жол құ­ры­лысы мемлекет-же­ке­мен­шік әріптестігі арасындағы қол жеткен үлкен табысты жо­ба бо­лып отыр. Құрылысқа қа­жет­ті қар­жының қомақты бөлі­гі жеке инвестиция ретінде құ­йыл­мақ. Жобаның құны 180 млрд теңге шамасында. Бұл жоба­ның жүзеге асуы ел экономика­сына орасан пайда әкеледі деп күті­луде. Он бес жылға негіз­дел­ген инвестициялық жоба толық іске қосылғаннан кейін қара­жат­тың қайтарымы 208 млрд теңге мөл­шерінде деп болжанған болатын.

Айналма жолдың қолданысқа берілуі Алматы қаласы мен ме­га­полис маңындағы көлік қоз­ға­лысын жаңа сатыға көтереді деген үміт бар. Қазіргі жоспар бо­йынша қаланың орталығына жалғасқан 6 көше айналма жол­ға қосылып, көлік дәліздері ұза­ра­тыны жобаланған. Оның қа­тарында Абай даңғылы, Рыс­құлов көшесі, ақын Сара кө­шесі, Тілендиев көшесі және Солтүстік айналма жарты шең­бері тікелей осы үлкен айналма жол­ға қосылады. Карта бойын­ша айналма жол Алматы облы­сының Қарасай ауданы аума­ғындағы жоғары трасса аталатын жолдан басталып, осы ауданның Шамалған стансасы мен Іле ауданының Комсомол елді мекенін басып өтеді де, Талғар ауданы аумағы арқылы қазіргі әл-Фараби даңғылына барып қосылады. Жолдың жалпы ұзақтығы 66 шақырым екен. Құрылыс жүргізу барысында айналма жолмен іргелес жатқан ауылдардың қатынас жолдары да қайта жаңғыртылмақшы.

Инвестициялар және даму министрлігінің құзырындағы осы құрылыстың ауқымды бөлігі Алматы облысының аумағында жүргізіледі. Қазір жол құрылысы Қарасай, Іле, Талғар аудандарындағы жер телімдерінде басталып та кетті. Әуелгіде мегаполис маңындағы елді мекен тұр­ғын­дары үшін аздаған қолай­сыздық туғызған жол құ­ры­лысына қатысты мәселелер қазір толық шешімін тап­қан. Оның ішіндегі ең маңыз­дысы, жол құрылысы жүргі­зілетін аумақтағы жер учас­келерінің жайы болатын. Осы мақсатта 722 жер телімі құрылыс жүргізу мақсатында мемлекет меншігіне қайта­рылыпты.

– Бұл алып құрылысқа қатысты кедергілер толықтай жойылды. Жобалау бары­сын­да жол табанында қала­тын жерде жеке тұрғын үйлер, өндіріс орындары ор­на­­лас­­қаны анықталды. Қазіргі күні облыс тарапы бұл мәсе­лені 100 процентке шешті. Адамдар тиісті өтем­ақы­ларын алды, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов бұл мә­селеге қатысты біл­дірген пікірінде.

Ал Алматы қаласы маңын­дағы үлкен айналма жолдың салынуы мегаполистің көлік құрылымын жақсартуымен қатар, қала экологиясының сауығуына себеп болмақ. Бұл жайында жақында Парламент Мәжілісінде өткен жиында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жан-жақты айтқан болатын.

– Биыл елімізде алғашқы ірі концессиялық жоба – «Үлкен Алматы айналма көлік жолын» салу жұмысы бас­талды. Бұл аймақтағы тран­зит ағынының Алматы қала­сының сыртымен айналып өтуіне және қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізетін болады, – деген еді министр.

Сондай-ақ бұл құрылыс өңірдегі бірқатар өндіріс орындары үшін де пайдалы бола бастады. Мысалға, қиыршық тас, құм, цемент, бетон, көпір тіреулері мен басқа да құрылысқа қажетті заттар толықтай жергілікті жерде өндіріледі. Бұл – осы салада қызмет ететін шағын және орта бизнес өкілдерінен бастап ірі өндіріс ошақтарына  дейін тұрақты тапсырыс ала бастайды деген сөз. Мұның сыртында жол құрылысын жүргізетін жұмысшылардың 90 проценті жергілікті жерден тартылатын болады. Қазір­дің өзінде Жамбыл ауда­­нын­дағы Қарғалы кентін­де және Есік қаласы маңын­да жол құрылысына қажет­ті қиыр­шық тас пен құм да­йын­­дай­тын зауыттар ашылды. Жа­лпы, айналма жолдың құ­ры­лысы барысында 7 негізгі реттегіш көпір, 38 шақты қосымша көлік өткізу көпірі, суағарлар мен басқа да құрылымдар салынады. Ал айналма жолдың өзі әлем­дік талап бойынша
«1 А» стандартына лайық­та­лып, 6 жо­лақты болады әрі бетоннан құйылмақшы. Демек, отандық өндіріс үшін алдағы 4 жыл бойы қомақты тапсы­рыспен жұмыс істеу мүм­кін­дігі туып отыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы