Әлем • 18 Қыркүйек, 2018

Күншығыс еліндегі суды игерудің ерекше технологиясы

504 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Күншығыс еліндегі суды игерудің ерекше технологиясы

Жапония айналасын теңіз қор­шаған, өзен-көлге бай ел болса да, суды үнемдеудің бірегей техно­ло­гия­­ларын игерген мемлекет. Мұнда таби­ғат берген ағын судың әрбір тамшысы орнымен жұмсалады. Мәселен, Гудзйо қаласы, Хачиман ауданында Нагарагава, Йошидагава және Кодарагава деп аталатын үш өзен ағып жатыр. Жапон архипелагының дәл ортасында орналасқан бұл қалада 107 саф бастау суын көреміз. Бастаудың тұнық суы ағаш астауға құйылады. Жоғарғы жақ­тағы суды ішуге пайдаланса, төмен­гі тұсында жеміс-көкөністерді жуады. Бұл суды үнемдеуде қарапайым әрі тиімді әдістің бірі болса керек.Эко­но­миканы дамытуда үнемшілдік маңыз­ды рөл атқаратыны белгілі. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де көкейкесті болғандықтан Күншығыс елінің осынау жақсы үрдісін назарға ұсынғанды жөн көрдік.


Жапония ғалымдары тек өз елінде ғана емес, су сапасын жақсарту мен оның тапшылығын жою мақсатында әлем­нің көптеген елдеріне көмек қолын созуда, суды тазартудың ерек­ше амал-тәсілдерін ұсынуда. Оның ішін­де табиғи жолмен сүзгіден өткі­зе­тін қарапайым амалдар да бар. Мыса­лы, суды ферменттелген соя бұр­шақ­тары­мен тазартуға болады екен. Соя бұр­шағының құрамындағы γ-полиг­лутамин қышқылы судағы қажетсіз бөлшектердің бірігуіне әсер етеді. Аталған химиялық зат суға түскенде ыдыстың түбіне түйдектелген масса түзіліп, артық элементтер төмен шөгіп, су мөлдір күйге енеді. Бұл жапон­дық жоба бүгінде Бангладеш, Бра­зилия, Колумбия, Үндістан, Тан­за­ния сияқты елдерде енгізіліп, тұр­ғындар ауызсуды жапондар ұсынған әдіспен тазартуда.


Су жүйесінің сапасы жөнінен Жапо­ния әлемде теңдессіз техноло­гия­лар­­ға ие мемлекет. Ал жер асты құ­быр­­ларына келсек, бір Токио қала­сы­ның жер асты су жүйесінің ұзындығы 27 мың шақырымға жетеді екен. Бұл бүкіл жер шарының үштен екісіне тең қашықтық деген сөз. Жапонияда мамандар арнайы құралдардың көмегімен жер асты су құбырларының жағдайын тек­серіп біледі. Яғни жер асты су құбыр­­ларында болатын ықтимал төтен­ше жағдайдың алдын алудың бір амалы осы. Жер асты су құбырының қан­дай жағдайда екенін анықтайтын стетос­коп қолға жеңіл, мамандардың жұмы­сын оңайлатуда ерекше құрал. Жалпы, жер асты құбырынан су кету жағдайы Жапонияда жоқтың қасы. Бұл Жапонияның су жүйесінің әлем бойынша ең мінсіз, жоғары сапаға ие екеніне бір дәлел. Еске салайық, су асты құбырының жарылу фактілері Жапонияда 1 пайыздан сәл асса, басқа дамыған елдерде 10-20 пайыздық көрсеткішке ие. 


Мемлекеттегі су сапасы өте жоғары деңгейде болуы үшін Токио әкімшілігі гидротехникалық құрылғылар бөлімі­нің мамандары орманды алқаптарды да ұдайы бақылап, жасыл желекті аймақтарды күтімге алған. Жапонияда бір қараусыз ағаш немесе көзі қоқыс­пен бітелген иесіз бастау жоқ. Токио муни­ципалитеті су өңдеуде озонды пай­даланады. Озондық өңдеу бассейн­дерінің жұмысы да жоғары деңгейде. 


Жапония астанасында су жүйесінің көпғасырлық тарихы бар. Токиода 1590 жылы Коишикава Дзйосуй деген су құбыры жүргізілген. Сол кездің өзінде жапондар ағаш, тастан жасалған құбырлар арқылы арнайы цистернаға су өткізу технологиясын пайдаланыпты. Осындай құбырлардың көмегімен су егістік алқаптарына жеткізіліп отырған. Құбырлар өзен аңғарларына орнатылғандықтан су жүйесі қаланы түгел қамтыған. Ал цистерналар тұр­ғын­дарды тұрмысқа қажет сумен қамту үшін орнатылған. 400 жыл бұ­рын­ғы су құбырларының кейбірі әлі күнге дейін пайдаланылуда. 
Киотода арнайы салынған канал арқылы Шига префектурасындағы Бива көлінен су келеді. Осы каналдың арқасында Жапониядағы тұңғыш ГЭС салынып, су шаруашылығы өте жақсы дамыған. 


Жапон мамандары тасқыннан қорғанудың ерекше жолын тапқан. Жауын-шашын көп болатын өңірде жаңбыр суына арналған жер асты кол­лек­торы орнатылған. Мысалы, Канда­гаваның жер асты коллекторына 540 мың тонна жауын-шашын суы сия­ды. Алып туннель тәрізді коллектор қы­рық метр тереңдікте орналасқан. Оның сол­т­үстіктен оңтүстікке дейінгі ұзын­­дығы 4,5 шақырым. Токио­ның тас­қын­нан қорғауда пайдаланатын коллектор жүйесі әлемде ең үздік саналады. 


Су құбырлары арнайы құралдар арқылы ұдайы бақылауда болатын­дықтан Жапонияда суды апат­тық жағдайда кенеттен тоқтатып тастау фактілері мүлдем жоқ. Осы орайда Алматы қаласына келіп, бірнеше жыл қызмет еткен жапон мұғалімнің мына бір сөзі еске түседі: «Қазақстанда бәрі жақсы, бірақ маған ұнамаған бір жайт бар, ол кейде ваннада жуы­нып жатқанда судың белгісіз себептен тоқтап қалуы. Жапонияда қалалық жер болсын, ауыл болсын, ыстық су да, суық су да ешқашан тоқтатылмайды. Өйткені су құбырлары әу баста жарылмайтындай берік сапамен жасалған. Жер асты құбырлары іске қосылғаннан бастап, ұдайы бақылануда. Көпқабат­ты үйлерде су жүйесі кенеттен істен шығып, соның салдарынан тұр­ғын­дар­дың біраз уақыт сусыз қалуы сияқты жағымсыз жайт жапон­дар­дың түсіне де кірмейді».


Иә, расында республиканың ірі қалаларында судың кенеттен тоқтап қалуына байланысты тұрғындардың жуына алмай, ауызсу сатып алу үшін дү­кен­де кезекке тұратын кезі болып тұрады. Бір ғана Алматы қаласының өзін­де суды жылына бірнеше рет, кейде бірнеше күнге дейін өшіріп тас­тай­тынына үйреніп кет­кен­­дейміз. Құзырлы мекемеге хабар­лассақ, беретін жауаптары белгілі «апат­ты жағдай орын алды» немесе «құ­быр­­ларды жөндеп жатырмыз» дейді. Суды үнемдеу мен тиімді пай­да­лану тех­нологиясын игеруде Күн­шығыс елі­нің үлгі аларлық тұсы көп-ақ.


Жапонияда суды үнемдеу әдістері барлық салада қолданылады. Бұл елде ванна, душ құралдары да суды тиімді пайдалануға негізделген ерекше әдістермен жасалған. Мысалы, Toto компаниясы адам жуынғанда су аз мөлшерде құйылса да мол аққандай әсер беретін душ құралын жасап шығарды. Мұндай сантехникалық құралдан су аққан кезде ауамен араласып, көлемі артады да, су 35 процентке үнемделеді. Бұл бұрынғыдай суды көп ағызатын душ құралдарынан анағұрлым тиімді. Осындай әдіспен су үнемдейтін заманауи унитаздар да жасалды. Жапон мамандары ойлап тапқан «Торнадо» унитазында су зор екпінмен құйылумен қатар, бір аққанда 3,8 литр су үнемеделеді екен. Бұл санитарлық құралдың суды үнемдеу көрсеткіші жөнінен әлем бойынша ең үздік нәтиже. 


Ал «Тошиба» компаниясы жуылатын заттың көлемін, кездеменің түрін және температураны анықтайтын сенсорлар орнатылған заманауи кір жуғыш машиналар жасап шығарды. Мұндай кір жуғыш машиналар суды көп мөлшерде үнемдеп қана қоймай, процестің сапасын да қадағалайды. Осы сияқты Жапониядағы ыдыс жуғыш машиналар да суды аз мөлшер­де шығындап, көп ыдыс жууға икемделген ерекше технология өнімі. 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы