Әлем • 18 Қыркүйек, 2018

Қос Корея келіссөз жүргізеді

658 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Ин Солтүстік Корея елінің Астанасы Пхеньянға сапар жасайды. Пхеньян қаласында екі ел арасындағы 3-ші саммит өтеді.

Қос Корея келіссөз жүргізеді

Бұл сапар барысында Корей түбегінің тағдырына қатысты күрделі мәселенің бірі түбекті ядролық қарудан арылту, екі елдің бірігуі, сауда және экономикалық ынтымақтастық, дипломатиялық қарым-қатынас, әскери текетіресті жұмсарту, түбектің қауіпсіздік мәселесі, үстіміздегі жылдың 27 сәуір күні жарияланған «Панмунчжом декларациясын» жүзеге асыру жағдайы және Америка және Солтүстік Корея лидерлерінің жоспарлы сапары, «Вашингтон, Пхеньян, Сеул» үшжақты келіссөз мүмкіндігі, 1950-53 жылы Корей соғысы салдарынан үзіліп қалған темір жол, ірі тас жолдарды жандандырып қосу, орман мен су ресурс­тарын пайдалану, мәдениет пен спорт саласындағы алмасу мен байланыстарды дамыту жұмыстары талқыланады. Осы екі түн, 3 күндік сапар кезінде екі­­ жақ үкіметтік толық және шағын құра­м­да бас қосып, бірқатар салаларды қам­ти­тын келіссөздерді жүргізбек. Бұл сапар­ға екі елдің үкіметі жан-жақты және тыңғы­лықты дайындалды.

Өткен жексенбі күні, Сеул қаласының жергілікті уақытымен сағат күндізгі 3-те Оңтүстік Корей үкіметі алдағы сейсенбі күні Солтүстік Кореяға президент­пен бірге баратын делегация құрамымен ресми түрде таныстырды. Толық тізімді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялады. Делегация құрамына 66 адам кірді. Бәрі дерлік түрлі саланың тісқаққан білікті мамандары. Нақтылай айтқанда, делегация құрамында президент әкімшілігінің адамдары, Сыртқы істер министрі, Бірігу істері жөнін­дегі министрі, Қорғаныс министрі және лауазымды елшілер мен дипломаттар, қауіпсіздік және әскери саланың мамандары бар. Одан басқа, парламенттің төрағасы, ықпалды депутаттар, билік партиясы – «Тобуро Минджчудан» және басқа да партия өкілдері де барады. Сонымен қатар бизнес ортадан арнайы Самсунг коорпорациясы көшбас­шы­сы­ның бірі Ли Чже Ён мен корей елі­нің ірі бизнесмендері тізімге арнайы кір­гізілді. Олардың бұл сапарға арнайы іле­сіп баруы – екі ел­дің арасындағы келе­шек­­тегі жүзеге асыр­мақ кең ауқымды эконо­ми­калық, инвес­ти­циялық және сау­да жобаларына қатыс­тырылуына тіке­лей байланыс­ты. Бұлардан өзге, мәде­ниет, ғылым, жастар ісі комитеті, дін және өнер саласының өкілдері, танымал ғалым, ақын-жазушылар, журналис­тер мен аудармашылар да баратындығы белгілі болды. Корей еліндегі бірқатар ірі діндердің өкілдері де тізімге қосылды. Тек Ислам дінінің өкілдері қалыс қалды. Халықаралық келіссөздер жөніндегі мамандардың айтуынша, «Осы кездесу­дің нәтижесінен кейін Солтүстік Корея мен Американың арасындағы арнайы сапарлар жүзеге асырылады және екі елдің арасындағы байланыстар бір­қатар жақсарып, түбектегі бейбітшіліктің тұра­қ­тылығы мен түбекті ядролық қару­сыз­дандыру ісінің болашақ бағыты мен нақты іс-шаралары анықталады», деген болжамдар айтылуда. Оңтүстік Корея халқы осы сапар мен саммитке үлкен сенім мен үміт артып отыр.

     ​​​​​Дастан АҚАШ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Оңтүстік Корея,

Сеул қаласы