Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Туған жерге қызмет ету – қарызым

697 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресейде жоғары оқу орнын тәмамдаған алғашқы түлектер Сыр өңіріне орал­ды. «Егеменнің» өт­кен нөмірлерінің бірінде 2014 жылдан бері 452 қызыл­ордалық студенттің Мәскеу мен Санкт-Петер­бургтің таңдаулы оқу орын­дарында Ресей Фе­де­рациясы үкіметінің гран­ты негізінде оқып жат­қандығын жазған едік.

Туған жерге қызмет ету – қарызым

Биыл алғашқы 74 түлек оқуын бітірді. Олардың 43-і ма­гистратурада оқуларын жал­ғастырады. 14-і облыстың ірі кәсіпорындарына – «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС-на, ма­ман­­дан­дырылған мемлекеттік мекемелерге – индустриялық-инно­ва­циялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары мен жастар ресурстық орта­лы­ғына және тағы басқа жұмыс­тарға орналастырылды.

Қайбір жылы Өзбекстанмен шек­тесетін аудандағы жоға­ры оқу орнына жолымыз түс­кен. Бұрын асхана болған орта­лықтан институт ашқан азамат оқытушыларды, профессорларды Өзбекстаннан алдырамын деген еді. Шындығында, олар сабақ беріп те жарытпайды. Оқу орнын ұстап тұру, әлеуетін көтеру үшін тізімге қосқан, жалақысын белгілеген. Келсе де бәрібір, келмесе де бәрібір. Жоғары оқу орны талабына үстін­дегі лыпасы келмейтін сол оқу орны жабылғанымен, ақ­ш­а­сын төлесең сабаққа келмесең де дипломды қолыңа беретін білім ошақтары әлі де көп. Өткенде Елбасы Үкімет басшысын қа­был­дағанда білім саласының сын көтермейтіндігін айтты. Мем­лекет басшысы жоғары оқу орын­дарындағы былықты жою жөнінде тапсырма бергенімен, әлі шешімін таппаған мәселелер жоқ емес.

Ал Ресейдің ең ірі екі қала­сында оқып жатқан жастар біз­дегі көдедей көп мамандық­тарға емес, ауадай қат техни­ка­лық мамандықтарға, Сыр өңірін өркендету үшін керек ма­ман­дықтарға машықтанып жатыр. Қызылордада келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді.

Облыс әкімі Қырымбек Кө­шер­баев алғашқы түлектерді қабылдап, ақ тілегін жеткізді.

– Құрметті әріптестер! Сіз­дер бүгінде менің аймақ, ел дамуына етене үлес қосатын білікті маман, еңбек етуші үзеңгілес әріптесіме айналдыңыздар. Ата-бабамыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған, Елбасымыз да «Патриотизм – кіндік қаның тамған жері­ңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», деп айтып келеді. Мен де өз кезегінде «Туған жерге тағзым ету – парызым, туған жерге қызмет ету – қарызым» деген ұранды ұстанамын. Сондықтан білім алып, белгілі бір мамандық иесі атанып, туған жерлеріңе оралған қадамдарыңыз оң болсын деп тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында түлектер мен олардың ата-аналары мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға және жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

– Мұндай мүмкіндік басқа ай­мақтарда болмағанын атап өткім келеді. Мәскеу мен Петер­бургте көбінесе сырбойылық жас­тар оқуда. Басқа студенттер бізге жасалған материалдық және рухани қолдауларыңызға қызыға қарайтын. Қазір тіпті Мәскеуге арзан әуе рейстері ұйымдастырылған. Сондай-ақ оқып жүрген кездің өзінде «Арал­тұз», «Байкен-U», «Қы­зыл­орда жарығы», «Абзал және К» сияқты ірі компаниялар жұмыс ұсына бастады. Мен «Қызылорда жарығы» ЖШС-інде жұмыс істеймін. Ата-анам мен облыс басшылығының үмітін ақтап, алған білімімді туған жердің игілігіне жаратсам деймін, – дейді Ресейде оқу бітіріп, «Қызылорда жарығы» ЖШС-не жұмысқа орналасқан Еламан Меңдіқұл.

Кездесуде түлектер облыс әкіміне «Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады. Бұл ұйым биылғы жылдың тамыз айында сырбойылық жастардың мәселелерін шешуге және ресейлік жоғары оқу орындарындағы студенттер мен түлектерді біріктіруге арналып құрылған болатын.

Биыл 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық тех­но­логиялық зерттеулер универ­ситетіне, К.А.Тимирязев атын­дағы Ресей мемлекеттік аг­рарлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік ин­дустриялық технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті.

Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырыл­ған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мем­лекет­тік универси­тетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді.

Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және цифрлы технологиялар бойынша жыл са­йын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 900-ге жуық түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. 2018 жылы грант саны екі есеге артты, оның 70 пайызы IT мамандықтарына бөлінеді.

Биылғы жылы облыс әкімінің 116 стипендиаты оқуын бітірді.

Бүгінде Ресейдің жоғары оқу орындарында оқып жатқан жастар облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Өңірді түлету, елдің әл-ауқатын көтеру заман талабына сай білім алып жатқан сол жастардың қолында екендігін білетін өңір басшысы, Мағжан ақын айтқандай, «Мен жастарға сенемін» деп отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы