Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2018

Білім қайнары – кітапханалар

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада екі күнге созылған республикалық съез аясында кітапхана және кітапханашының қоғамдағы рөлі мен заманауи мүмкіндіктеріне қатысты келелі мәселелер Парламент депутаттары, мәдениет саласының өкілдері тарапынан жан-жақты талқыланды.  

Білім қайнары – кітапханалар

Республика өңірле­рі­нен екі жүзге тарта, сондай-ақ АҚШ, Түр­кия, Ресей, Беларусь, Өз­бекстан, Тә­жікстан, Қыр­ғызстан және т.б. шет мемлекеттерден келген кітапхана саласының мамандары соңғы жиырма жылдағы жетістіктер мен қордаланған мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Съездің ресми бө­лімінде Парла­мент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің төр­айымы Бірғаным Әйтімова мәде­ниет саласы, оның ішінде кі­тап­­ханашылардың қыз­метіне қатыс­ты талап­тар заңмен үнемі то­лық­тырылатындығын атап өтіп, кітапханалар қыз­метінің әзірге бір ғана баппен шектеліп отыр­ғанды­ғына тоқталды. Десе де, кітапханаға қатысты маңызды мәселелерді шешуге үкімет тарапынан тұрақты көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта кітапханаларға қажеттілік мәселесі мемлекеттік грант­тар аясында жандана түсуі тиіс. Ал кітапханалардың кө­беюі еліміздің интеллектуалды дең­гейінің артуына зор ықпал ететіні сөзсіз.

Заманауи технологиялар ғасы­рында әдеби мұрамызды сақтап қалу, сирек басылымдарды қалпына келтіру, көне қаріпте басылған бас­па өнімдерін сыры мен сынын бұзбай келешек ұрпаққа жеткізу осы съездің басты тақырыбына айналды. Кітапханашылар кездесуінде пікірін біл­дірген ақын Олжас Сүлей­менов әдебиет, кітап та­қы­рыбының күнделікті өмірімізбен байланысы оның жарқын келешегінен хабардар етеді. Кітап барда адамзаттың мәдениеті мен білімі бар, деп атап өтсе, ғалым Әбсаттар Дербісәлі кітапханалар сонау көне ғасырлардан бастау ала­тынын әрі көптеген ғұл­а­маларымыздың, оның ішінде әл-Фараби сияқты тұлғалардың ғы­лыми тұрғыдан дамуы кітап­ханалар қызметімен тығыз байланысты екендігіне тоқталды.

Кітапханалардың өмір­шең болуы білімді, жарқын келешектің келбетінің жар­қын көрінісі. Кітап­хананың жаһан­дану ғасырында мәдени институт мәр­тебесін сақтауына қоғамның қосар үлесі зор. Осы тұрғыда сөз сөйлеген Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев, Қазақстан Жазу­шы­лар ода­ғының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет, Ұлт­тық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, Ресей мемлекеттік кітап­ханасының директоры В.Дуда, ЮНЕСКО өкіл­дері кітапхана мен кітапханашының қоғам­дағы рөліне қатысты ма­ңызды жайттармен бө­лісті.

Екі күнгі съез аясын­да салада шешілуге тиісті көптеген мәселелер на­зарға алынып, кітап­хана желісінің сапалы адами капиталды қа­лып­тастырудағы жә­не қоғамдық сананы жаң­ғыртудағы рөлі мен орны, кітапхана саласын дамыту, цифр­ландыру жүйесіндегі кітапханалар, арнайы кітапханаларды сандық ортаға интеграциялау және заманауи форматта дамыту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ