Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Емханаға тіркелуде таңдау құқығыңыз бар

692 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде 15 қыркүйектен бастап емханаға тіркеу науқаны бас­талды. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі кампания 15 қарашада аяқталады. 

Емханаға тіркелуде таңдау құқығыңыз бар

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төр­ағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекованың айтуынша науқанның мақсаты – қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға, қалауынша тіркелуіне мүмкіндік беру. Сондай-ақ бұл шара ме­дициналық қызмет көрсету нарығына жаңадан қосылған ме­дицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі. Мәселен, былтырғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық азамат емхана таңдау құқығын пайдаланған көрінеді. Бұл алдыңғы жыл­дардағы көрсеткіштерден екі есе көптігін байқатып, тіркеу кампаниясына деген жұртшылықтың қызығушылығының артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді. Ботагөз Жақселекова мән бергендей, бұл үшін медициналық қызметті халыққа көрсетушілердің әлеуе­ті заңнамамен белгіленген та­лап­тарға сай болуы тиіс. Ең бас­­тысы – емдеу мекемесінің Әлеу­мет­­тік медициналық сақтандыру қоры түзетін базада болуы және емхананың белгілі бір тіркелген тұрғындар қатары болуы шарт.

Журналистерге науқан туралы баяндаған мамандар отба­сылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық кө­мектің қолжетімділігі прин­цип­терін іске асыру үшін ем­ха­наның үйге жақын маңда болғаны дұрыс екенін айтты. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Өйткені жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы ре­формаларға сәйкес, бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жедел жәрдем қызметі емес, жергілікті емханалар қызмет көрсететіні мәлім.

Оған қоса, дәрігерлерге түсе­тін жүктеме мен емхана­лардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отырады. Бұл бо­йынша 1 жалпы практика дә­рігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсетіп, оның емханалардағы кезек санын ұлғайтып келген. «Бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болады деп үміттенеміз және аталған мәселеде медицина бизнесінің өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырдың өзінде қормен келісімшарт бе­кіткен жеткізушілер саны едәуір артты. Қазіргі таңда қор­дың жеткізушілер тізімінде 1365 меди­цина ұйымы бар. Оның 623-і жекеменшік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал 2019 жылы олардың саны тағы 10 процентке артады деген болжам бар», дейді МСҚ стратегия және әдіснама жөніндегі басқарушы директор Серік Тәңірбергенов.

Тұрғындардың емдеу ме­ке­месін таңдауды жүзеге асы­руының бірнеше әдісі бар. Ал­ғашқысы – таңдаған емханаға тікелей бару болса, енді бірі – электронды қолтаңбаны пай­да­ланып, онлайн тіркелу. Сон­дай-ақ қолтаңба болмаған жағ­дайда Халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғы арқылы жазылу. Ал меди­ци­налық мекемені ауыс­тыр­ғандар жыл соңына дейін өздері бұрын тіркелген емханада қаралып, жаңа емхананың қызметіне 1 қаңтардан бастап қана жүгінеді. «Әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру қо­ры» коммерциялық емес акцио­нер­лік қоғамының басқарушы дирек­торы Забира Оразалиева тү­сіндір­гендей, егер тіркеліп жат­қан отбасы мүшесі 18-ге тол­маған болса, ондай жағдайда баланың мүддесін қорғай алатын құжаты бар ата-ана немесе заңды тұлға сол баланың атынан өтінішін және құжатының көшірмесін беріп тіркелуі тиіс. Бұл жерде балаларды және 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді тіркеу тек қана емханалар ар­қылы жүргізілетініне назар аудар­ған жөн. Медициналық қызметті тұтынушы egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырады. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тір­келуде Connection Points бөлі­мінің қыз­метін пайдалануға болады. Жиында көп көтерілген мәсе­лелердің бірі еліміз бойынша учаскелік терапевтерден тыс ма­ман­дандырылған дәрігерлер – кардиолог, невропатолог, маммолог, эндокринолог сияқты ма­мандарға қаралудың азабы жайлы болды. Бірнеше ай бұрын жазылып қойып, уақыты келген күні талонын алып, маманданған дәрігерге көрінбек пациенттер жолығатын қиындықтарға қа­тысты МСҚ стратегия және әдіснама жө­нін­­дегі басқарушы директо­р Серік Тәңірбергенов жауап бер­ді. Оның айтуынша мұн­дай тығырықтан жал­пы практикалық дәрі­герлер қыз­метін кеңейту алып шықпақ. «Мұн­дай жағдайда жалпы практи­калық дәрігер пациенттерді ма­ман­дан­ған дәрі­герге жібермей-ақ өзі есепке қойып, емін жүргізе береді. Сон­­дықтан бұл мақсатта жұ­мы­­сымызды қарқынды атқара бере­міз. Бола­шақта кезекті азай­ту­дың бір жолы – жалпы прак­ти­ка­­­лық отбасылық дәрігер жұ­мы­­сын мейлінше кеңірек қол­дап, олар­дың жалақыларын өсіру­дің де жолын ашу», дейді С.Тәңір­бер­генов.

Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының fms.kz сай­тын­дағы «Клиника таңдау» бө­лі­мінде орналасқан. Биылғы тір­кеу науқанына бастапқы меди­­циналық-санитарлық көмек көр­сететін 580 ұйым қатысып, ел тұр­ғындарына дәрігерлік көмек көр­сетеді деп күтілуде.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар