Өнер • 18 Қыркүйек, 2018

Анкарада «Әсем әуен» әуеледі

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі Түркияда биыл он бесінші рет ұйымдастырылып отырған «Анадолы» фестиваліне Қазақстанның Түркия­дағы елшілігінің арнайы шақыртуымен қатысып қайтты.

Анкарада «Әсем әуен» әуеледі

Еліміздің атынан өнер көр­сеткен шулық өнерпаз­дар­­­ды Түркия жеріне Шу ауда­­­ны әкімінің орынбасары Кла­ра Қожағаппанова, Жам­­был облыстық мәдениет, ар­хив­­тер және құжаттама бас­­қар­масының бас маманы Ер­ке­­жан Сембаева, облыстық халық шығармашылығы орта­лығы­ның көркемдік жетек­шісі Эль­мира Дүтбаева және Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қай­рат­кері Әуесхан Кел­генбаев бас­тап барған болатын.

Өнер мерекесінің алдында жамбылдық делегация Эти­месгут ауданының мэрі Энвер Демирельдің қабыл­дауында болып, әулиеаталық шебер­лердің қолынан шыққан Жамбыл Жабаевтың бейнесі салынған кілемшені сыйға тарт­ты. Он күнге созылған дәс­түрлі фестиваль аясында бірқатар түркі тілдес мем­ле­кет­тер мен Түркияның өнер жұлдыздарымен қатар, жам­былдықтар да көрермендерді риза еткен. Шара барысында Шу ауданынан барған өнер­паздар «Жан еркем», «Ауы­лың сенің іргелі» сияқты ха­лық әндерімен қатар, Май­лықо­жаның «Өсиет» термесін, Әб­дімомын Жел­ді­баев­тың «Ер­кесылқым» кү­йін орындап, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шу­ым» әндерін шырқады. Ал Анкара төрінде қазақ өне­рін әйгілеген «Әсем әуен» фоль­клорлық ансамблін  түріктің «Бенгү» арнасының тікелей эфирден көрсетуі де атап өтуге тұрарлық жетістік. Сонымен қатар Энвер Деми­рель­­дің келесі жылы Түр­кия­да күйші Әбді­мо­мын Жел­дібаевтың шы­ғар­­ма­шы­лық кешін өткізу ту­ралы ұсы­нысы да қазақ мәдениетіне көрсетілген құрмет. Ал дәс­түрлі фестиваль со­ңында еліміздің Түркиядағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Абзал Са­парбекұлы әулиеаталық өнер­паздарға алғысын білдірді. Бұ­дан кейін жамбылдықтар Нигде қаласында да өнер көр­сетті.

Шу ауданы әкімінің орын­басары Клара Қожа­ғап­па­нованың айтуынша, Түр­кия­ның Нигде қаласының Ал­тай деген ауылында кілең қа­зақ ұлты өкілдері тұрады екен. Ал­тай­лықтар да Жамбыл өңі­­рінен барған бауырларын құр­­метпен қарсы алып, қан­дастар өнерін тамашалау үшін қалаға арнайы келіпті. Айта кетейік, он бес жыл бұрын бас­тау алған дәстүрлі фес­тивальға өңірімізден өткен жы­лы Т.Рысқұлов ауданының өнер­­паздары қатысып қайтқан бо­латын.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы