Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2018

Сусамыр –елдің жайлауы

2623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сусамыр –елдің жайлауы

Әупірімдеп Түйе асуынан түсіп келе жатқан жолаушылардың алдынан әйгілі Сусамыр жайлауы көрінді. «Шіркін, жаз айларында бұл жер құлпырып, гүлге оранып жататын шығар-ау?!» деген ой келді оларға. Ішкі сарайларын тәтті мұң тербеді. Көңіл көгінде ән қалықтады...

Сусамыр – елдің жайлауы-ай,

Өмірдің бар ма байлауы-ай!..

Көзді ашып-жұмғанша-ақ зыр етіп өте шыққандай көрінген жаздан кейінгі бал татыған сағыныштың тәтті дәмі бар таңдайда.

«Жанға сая, дертке дауа Сусамырды жайлап, небір тамаша күндер мен түндерді өткіздік. Оны қалай ұмытамыз?.. Әйтсе де, жаз өтіп, күз келді. Күн суытып, ел төменге түсті. Беу, жастық шақ, сен де өте шығар­сың-ау осылай. Қыстауға қамалған қыбыр-жыбыр тіршілік сияқты қалт-құлт етіп кәрілік келе жатыр. Мына бес күндік жалғанның байлауы жоқ екені рас екен-ау!..» дегендей бір өкініш күзгі ызғырық жел сияқты еседі.

Сусамыр құлазып қалған. Қоңыр күздің мизам шуағы күндіз маңдайыңнан өбіп, арқаңды жылытқанымен, түнгі суық етіңнен өтіп, сүйегіңе жетеді.

Ала жаздай ары-бері ағылған жолау­шыларға күндіз-түні тынбай қызмет көрсеткен жол бойындағы вагон-үйшік асха­налар, итарқа, бастырмалар, дүкендер мен бірен-саран кафелер қазір көшкен елдің жұртында қалған қора-қопсыға ұқсап қожырайып тұр.

Өзгелеріне қарағанда еңсесі биіктеу, маңдайшасына «Күлазық» деп жазылған бір дүкеннің алдына тоқтап, жолаушылар азық-түлік сатып алды.

Күлазық... Құлаққа біртүрлі тосындау естіледі екен. Содан ба, «Бұл не азық?» деген ой келеді олардың басына.

Бақса, Күлазық - ілгеріде, жаугершілік замандарда айшылық алыс жолға шығатын сарбаздардың азығы екен.

Ал оны әзірлеу сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шынтуайтында, мехнаты мол жұмыс көрінеді. Жолаушылардың ұқ­қаны, әуелі етті майдалап турап, күнге кеп­тіріп, сонсоң келіге түйіп, талқан сияқ­ты қапшыққа, дорбаға салып береді екен. Әне, сонсоң, алыс жолға шыққанда оны суға шы­лап жейсің бе, жай әншейін құрғақ күйін­де шайнайсың ба, өз еркің.

Қалай десеңіз де, бойға қуат, жанға азық болатын күшті тамақ – Күлазық.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»