Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Алматыда «Нұр Отан» партиясының XXII есеп беру сайлау конференциясы өтті

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының XXII есеп беру сайлау конференциясы өтті. Осы жиын барысында соңғы екі жылда атқарылған жұмыс талқыланып, алға қойылған мақсаттар мен міндеттер жайында кеңінен әңгіме қозғалды. 

Алматыда «Нұр Отан» партиясының XXII есеп беру сайлау конференциясы өтті

Конференцияда алғашқы болып сөз алған партияның филиал басшысы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек баяндама жасап, 2017 және 2018 жылдары атқарылған шаруалар жайында есеп берді. Расында да «Нұр Отанның» бастамасымен Алатау бөктерінде орналасқан әсем шаһарда біраз ауқымды жұмыстар атқарылған екен. Атап айтсақ, қала көшелерінде күрделі құрлыстар мен жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде; жол айырықтар іске қосылуда; жер асты жолдары жаңа кейіпке енуде; талай тұрғын үй бой көтеріп, жастар үшін сол пәтерлер 5 пайыздық жеңілдік несиемен берілуде; «Алматыны дамытудың 50 жобалар-драйверлері» бастамасы шеңберінде 180 миллиард теңге сомасына 41 жоба іске асырылуда; Алматы халықаралық әуежайы жаңғыртылуда; автобус паркі 30 пайызға жаңартылып, 500 автобус сатылып алынды; қазіргі кезде 2 жаңа метро станциясының құрылысы жүргізілуде...

Осылай тізбектей берсек, Алматыда көптеген оңды істер атқарылып жатқанына анық көз жеткізуге болады. Әсем шаһарымызды көркейту мақсатында әлі де тындырылуға тиіс шаруалар жетерлік. Бұл ретте де жұмыс қарқынды жүргізілуде. Осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жөніндегі жаңа стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға бағытталған игі шаралар, – дейді Бауыржан Байбек.

«Нұр Отан» партиясы мемлекет ауқымдағы маңызды стратегиялық міндеттерді шешумен қатар, әрдайым қарапайым адамдардың проблемаларына да көп көңіл бөлуде. Бір ғана мысалы, соңғы екі жыл ішінде Алматы қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 14 мыңнан аса  азаматтың өтініші келіп түсті. Солардың үштен бірінің шешімі табылып, қалғандарына консультациялық көмек көрсетіліп, түсініктемелер берілді.

Конференция барысында Алматы қалалық филиалы Саяси кеңесі мен Бақылау тексеру комисиясының мүшелері сайланып, «Нұр Отан» партиясынан Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына үміткерлер ұсынылды. Сонымен қатар, «Көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі», «Жаңа бұқаралық ақпарат құралдарындағы жұмыс технологиялары» және «Кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында семинар-тренинг өтті.      

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»