Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Вьетнам Социалистік Республикасының құрылғанына 73 жыл толуына орай жиын өтті

725 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Вьетнам Социалистік Республикасының құрылғанына 73 жыл толуына орай алқалы жиын өтті. Шара барысында Вьетнам мен Қазақстан арасындағы достыққа зор үлес қосқан отандастармыз марапатталды. Олардың қатарында Григорий Шишов, белгілі қазақстандық қайырымдылық қызметшісі, профессор Оралбек Ботбай және Бақыт Рүстемов бар. Сонымен қатар шет елдердің елшілері де қатысты.

Вьетнам Социалистік Республикасының құрылғанына 73 жыл толуына орай жиын өтті

Жиында Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Доан Тхи Суан Хиен осыдан 73 жыл бұрын 2 қыркүйекте, вьетнам халқының сүйікті көшбасшысы, Президент Хо Ши Минь, Ха-Ной Ба-Динь алаңында Тәуелсіздік Декларациясын оқып бергенін және бұл күн Вьетнам Демократиялық Республикасының, қазіргі Вьетнам Социалистік Республикасының құрылған күні болып белгіленгенін тілге тиек етті.

«Сол уақыттан бері батыр және қайсар вьетнам халқы көптеген қиындықтар мен ауыртпалықтарды жеңу үшін, біздің ұлттық қайта қосылуымызды, тәуелсіздігіміз бен бостандығымызды сақтап қалу үшін басын біріктірді, ауқатты халық, қуатты ұлт болуға, демократиялық, әділ және өркениетті қоғам құруға ұмтылды. Қазіргі кезде Вьетнам сенімді дос және серіктес, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі бола отырып, аймақтың және әлемнің ынтымақтастығы мен дамуы, бейбітшілік мүддесі үшін тәуелсіздік, өзін-өзі қамту, өзінің сыртқы байланыстарын әртараптандыру және жан-жақты қолдау бойынша жүйелі сыртқы саясатын жүргізуді жалғастыруда».

«Сонымен қатар мен Қазақстан Республикасы және оның халқына ұлттық деңгейде дамуымыз кезінде көрсеткен зор қолдаулары мен ынтымақтастықтары үшін алғыс айтқым келеді. 26 жылдық дипломатиялық қарым-қатынасы бар Вьетнам мен Қазақстан достық дәстүр негізінде арамыздағы жылы достық қатынас пен ынтымақтастықты әрі қарай нығайтады. Соңғы жылдары екі елдің арасындағы көп қырлы ынтымақтастық тұрақты нығайып, дамуда. Осы жылдарда екі ел де барлық деңгейлерде делегациялармен алмасты, әсіресе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылы Ханойға ресми сапарын,  президент Чыонг Тан Шангтың 2012 жылы Астанаға мемлекеттік сапарын және Вьетнамның Ұлттық жиналысының Президенті Нгуен Тхи Ким Нганның 2017 жылы Қазақстанға ресми сапарын ерекше атау керек. Осы сапарлар барысында түрлі салалардағы серіктестік туралы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Вьетнам және Қазақстан арасындағы экономикалық, сауда және ғылыми-техникалық серіктестік саласындағы ынтымақтастық тетігін қолдай отырып, біз екі ел де сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және еркін сауда туралы Келісімді тиімді жүзеге асыру бойынша іс-қимылдардың бірлескен жоспарларын әзірлейтін болады деп үміттенеміз. Екі ел жан-жақты саяси диалогты және барлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту келешегінің кең шеңберін нақты көздейді», деді ол.

Сонымен қатар маңызды мәслихатта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына жиырма алты жыл толғанын  атап өтіп,  осы жылдар ішінде екіжақты ынтымақтастық негізгі сипатқа ие болғанын, Вьетнаммен экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орын алатынын ортаға салды.

«Біз Вьетнаммен аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береміз. Ағымдағы жылдың соңына дейін қазақстандық және вьетнамдық делегациялардың жоспарланған сапарлары өзара сауда-саттықтың өсуіне, екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге оң ықпал ететініне сенімдімін», деді Ғ.Қойшыбаев

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»