Үкімет • 18 Қыркүйек, 2018

2023 жылға дейін елордада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Астана қаласын дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын таныстырып, ондағы көлік және өндірістік инфрақұрылым, қаланы газбен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету сияқты қала тіршілігіне қажетті жобалар жайында баяндады. 

2023 жылға дейін елордада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған

Жоспарға сәйкес, 2023 жылға қарай қала тұрғындарының саны 1,5 млн адам болады деп есептелінген. Қала халқының саны артқан жағдайда тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс, инженерлік инфрақұрылымды салу, орта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу мәселелері туындайтыны анық.

«Осы жоспарда аталған мәселелер бойынша нақты шаралар қарастырылған. Жоспар бойынша алдағы 5 жылда 10 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. 546 мың адам баспанамен қамтамасыз етіледі. 37 мектеп, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіледі. Кешенді жоспарда мемлекеттік жекешелік-әріптестік қолдану арқылы жобаларды ісе асыру қарастырылған. Жалпы қаланың дамуына 6 трлн теңге жекеменшік инвестиция тартылады», - деді Асқар Мамин.

Ал қала әкімі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Астана қаласынан республикалық бюджетке жыл сайынғы түсімдер 14 пайызға, 2018 жылғы 823 млрд теңгеден 2023 жылы 940 млрд теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, алдағы 5 жылдың ішінде елорданың дамуына шамамен 6 трлн теңге жеке инвестиция салынбақ. Сонымен қатар, 2023 жылға дейін шамамен 10 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 121 шақырым жол, 2 жол айрығы, 3 көпір, 1 жол өтпесі, 1 жер асты жолын салу және 1 айналма жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»