Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Биыл елімізде 20 млн тонна дәнді дақыл жиналмақ

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев биылғы күзгі жиын-терім науқанының барысымен таныстырды. 

Биыл елімізде 20 млн тонна дәнді дақыл жиналмақ

Оның айтуынша, ағымдағы жылы дәнді дақылдар 15 млн гектар алқаптан жиналатын болады. Оның ішінде бидай 11,1 млн гектарды құраса,  ал майлы дақылдардың жиналатын алқабы 2,8 млн гектар. Бұл өткен жылғы деңгейден 400 мың гектарға артық.

Республика бойынша 20 млн тонна дәнді дақыл жиналады деп болжануда. Майлы тұқымдар өндіру көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш астықтың экспорттық әлеуетін 9 млн тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын 1 млн тоннаға дейін жеткізуге, құрамажем және май шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал ағымдағы жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға «КазАгро» холдингі бюджеттік кредит қаражатынан 60 млрд теңге бөлмек. Сонымен қатар, 1985 агроөнеркәсіптік кешеннің 3,2 млн гектардан астам алқабына дәнді дақылдар өсіруге қаржылай қолдау көрсетілмек.  

Еркежан АЙТҚАЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»