Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Ақмолалық «Зекет» қорының жұмысы жақсы

491 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Қазақстан Мұсылмандары басқармасының ұйымдастыруымен «Зекет» қорын дамыту және бағыт-бағдар беру» тақырыбында алқалы жиын өтті. Наиб мүфти Бауыржан Есмаханның төрағалығымен өткен бұл шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі «Зекет» қоры өкілдері қатысты.

Ақмолалық «Зекет» қорының жұмысы жақсы

Бүгінде «Зекет» қоры асыл дініміздегі қайырымдылық мәселені ұтымды шешуге тырысып отырған бірден бір ұйым болып табылады. Соңғы жылдары аталған қор ізгілік пен мейірімділік мақсатқа ерекше көңіл бөліп, аз қамтылған жандарға көбірек назар аударады.

Наиб мүфти өз сөзінде осы жайларға жан-жақты тоқталды. Алда «Зекет» қорын заман талабына сай дамыту аса қажет екенін атап көрсетті.

ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит сөз алып, өңірдегі тұшымды істерді тілге тиек етті. Бір жағынан, бұл шараға ол өз тәжірибесімен бөлісу үшін шақырту алған еді.  Ақмола облыстық өкілдігі «Зекет» қоры көп шаруаларды тындырды. Атап айтсақ, биылдың өзінде қайырымдылық акциясы арқылы екі отбасыға пәтер кілттерін табыс етті. Бұл республика мешіттерінде қолға алынбаған тың бастама еді. Алда бұл акция жалғасын таппақ. Қуаныш Сәбит баршаның назарын осыған аудара келе, бәрі ынта-ықыласқа байланысты екенін баса айтты.

Ақмолалықтардың қайырымдылық жұмыстары жоғары бағаға ие болды. Наиб мүфтидің қолынан облысымыздың бас имамы Қуаныш Сәбит және «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріпов Алғыс хат алып, қуанышпен оралды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы.