Спорт • 18 Қыркүйек, 2018

Саңлақ спортшыға құрмет көрсетілді

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті, Азия ойындарының күміс жүлдегері Аян Бейсенбаевты ардақтаған арнайы жиын өтті.

Саңлақ спортшыға құрмет көрсетілді

Алдымен университет ректоры Марат Сырлыбаев Аян Бейсенбаевты ауыз толтырып айтуға лайық жеңісімен құттықтап, болашағынан зор үміт күтетінін атап өтті.

– Индонезия елінде өткен дүбірлі ойындарда Қазақстан мәртебесін биіктеткен студентіміз бәрімізді рухтандырып жіберді. Жерлесіміздің жеңісіне дән ризамыз. Келесі жылы спортшылар үшін қаржы қарастырылады. Жарысқа баратын спортшыларымызды қолдап, демеушілік жасаймыз,–дей келіп, ректор спортшыға 250 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

Аян Бейсенбаевтың жаттықтырушысы, триатлоннан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Соловьевқа да сый-сияпат жасалды. Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Сабыр Мәжитов Аян Бейсенбаевтың спорттағы жетістіктері жөнінде тарқатып айтып берді.

Спортшы аталмыш университеттің 3 курсында оқып жүргенде триатлоннан Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының мүшелігіне қабылданды. 2013 жылдан бері Қазақстан Республикасы және Азия чемпионаттарына, Азиада ойындарына, Азия, Африка және Еуропа кубоктарына қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Көкшетау триатлон мектебінің тәрбиеленушісі жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.

Жиын соңы көңілді концерттік бағдарламаға ұласты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»