Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Ақмолалықтар әлеуметтік медициналық сақтандыруға 3,1 миллиард теңгеден астам қаржы салған

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру бағытында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша Ақмола облысында да ауқымды шаралар атқарылуда.

Ақмолалықтар әлеуметтік медициналық сақтандыруға 3,1 миллиард теңгеден астам қаржы салған

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының дерегі бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, 2018 жылдың 6 тамызы аралығында ақмолалықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 3,1 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Оның ішінде 2,8 миллиард теңгесі (89,4 пайызы) жұмыс берушінің үлесінде болса, 333,6 миллион теңге (10,6 пайызы) жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың және азаматтық-құқықтық бойынша келісімшарт арқылы жұмыс істейтіндердің үлесінде. Оған қоса, әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын уақытылы аудармаған жұмыс берушілер тарапынан қордаланған қарыздың өсімпұлы да бар. Жалпы, облыс бойынша аталған мерзім ішінде өсімпұл сомасы 8,6 миллион теңгені құраған.

Айталық, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, уақтылы төленбеген жарна мемлекеттік кірістер органдарымен өндіріліп алынады және төлем жасаушы кешіктірілген әр күн үшін қор есебіне Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгілеген 1,25 ресми ставка көлемінде өсімпұлымен бірге төлеуге міндетті. Осы күнге дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын артық төлеу немесе төлем жасау кезінде қателікке жол беру де орын алды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қордың филиалына 26 кәсіпкер шағымданып, қателесіп артық төлем жасағанын айтқан. Олардың артық жасалған төлемдерін қайтарып беруге көмек көрсетілді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар