Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Статусты сәйкестендіру керек

551 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азаматтардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл жол картасының негізгі міндеті – халықтың мемлекеттік деректер базасындағы статусын сәйкестендіру. 

Статусты сәйкестендіру керек

«Осы бағытта Атырау облысында өткен жылы өңірлік штаб құрылды. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде азаматтар статусын актуалдандыру және оларды формализациялау бойынша көптеген жұмыстар атқарылды», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.

Басқарма өкілінің айтуынша, жыл басында 54 668 адамның статусы болмаған,  12 қыркүйектегі мәлімет бойынша 22 922 адамның статусы сәйкестендірілді. Мамандар арнайы тізіммен үйлерді аралап, «міндетті жарналарын төлемей жұмыс істейтін жұмысшылар» және «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» ретінде белгілі болған адамдарға статустарын анықтау және түсініктеме алу үшін жұмыспен қамту орталықтарына, мемлекеттік еңбек инспекциясына, ауыл әкімдеріне  жүгіну қажеттілігі туралы хабарлама берді. Енді «студенттер», «шығып кеткендер» және «қайтыс болғандар», «тіркелмеген жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтитындар» санаттары бойынша актуалдандырылмаған 31 746 адам қалып отыр.

«Алдағы уақытта формальды емес жұмыспен қамтылған адамдарды формализациялау мақсатында «Бірыңғай жиынтық төлемді» ендіру Заң жобасы қолданысқа енеді. Бұл заң жобасы адамдарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар санатына қосу шараларын алу мақсатында жүргізіледі», - дейді Ұлықбек Тінәлиев. Бағдарлама аясында  2 053 атыраулық жұмыспен қамтылған.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ