Бағдарламалар • 19 Қыркүйек, 2018

Өзара үнқатысу мәдениетін қалыптастыру маңызды

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Nur Otan Trends» пікірталас клубының кезекті босқосуы өтті. Жиында сарапшылар көкейкесті, әлеуметтік маңызы зор мәселелер мен қоғам дамуының экономикалық қырларын талқыға сал­ды. Билік пен қоғамның өзара іс-әрекетінің жаңа үлгісі пікірталастың тақырыбына айналды.

Өзара үнқатысу мәдениетін қалыптастыру маңызды

Кездесуді ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгінде қоғамымызда әлеуметтік, экономикалық, халықаралық жағдайларға байланысты түрлі мәселелер бар екеніне тоқталды.

– Қазіргі қоғам өзекті мә­се­ле­лерге қатысты нақты әрі әділ жа­уапқа мұқтаж. Осыған байла­нысты «Нұр Отан» партиясы атал­ған түйткілдер бо­йынша жүйе­лі жұмыс жүргізуді жалғас­тыра береді. Біздің бүгінгі мемле­кет пен қоғам арасындағы өзара іс-әрекетті жандандыру мәсе­лесін көтеру үшін жиналуы­мыз­дың өзі партияның осы бағыттағы жұмысының нәтижесі екені сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төра­ғасының бірінші орынбасары қоғам мен билік арасында диалог мәдениетін қалыптастыру мә­селесіне назар аударды.
– Мұндай диалог тек бір-бірімізді тыңдаумен ғана шектел­мей, қоғамды алаңдатқан мәсе­лелерді шешудің тиімді тетік­терін қарастыратын басқосу болуы тиіс. Қазіргі таңда елі­мізде экономика, саясат, руханият және әлеуметтік саланы қам­ти­тын кешенді жаңғыру жөнін­де нақты күн тәртібі бар. Сон­дықтан аталған диалог барысында Қазақстанды жаңғырту және қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдарын талқылауымыз керек, – деді М.Әшімбаев. Сон­дай-ақ ол осы мәселе бойынша бірнеше бағыттарға тоқталды.

– Біріншіден, барлық мем­л­екеттік орган қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ететін Open Government Partnership бағ­дар­ламасын енгізуіміз керек. Бүгінде қандай да бір маңызды мем­лекеттік бағдарлама мен бас­та­маны қабылдар алдында қо­ғам­ның талқысына салу дәстүрге айналды. Open Government Partnership аясында осы меха­низмдерді жандандырып, басқа да тетіктерді қарастыру керек. Қоғамның жай талқылап қа­на қоймай, әлеуметтік салада тиім­ді ұсыныстар дайындауға бел­сенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Ал мемлекет оларды ескеруі тиіс. Диалогтің екінші механизмі мен бағыты – қоғам­дық кеңестердің жұмысы. Бұл жө­нінде Қоғамдық даму минис­трлігінің тиісті заңға өзгерістер енгізуді қолға алуы көңіл қуантады. Бұл дер кезінде жүзеге асырылған жұмыс деп есеп­теймін. Осы бағытта бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Сол заңға табан тіреген тиімді қоғамдық кеңестер құруымыз керек. Үшін­ші бағыт – «Нұр Отан» партия­сы. Партия талқылаулар мен пікірталас алаңы болуға және түрлі мәселелерді шешу жолдарын Үкімет, мемлекеттік органдар және әкімдіктердің алдына қоюға дайын. Сондықтан өзекті мәсе­лелерді партия алаңында талқы­лаудың берері мол деп есептеймін, – деді ол.

Осы іспеттес трендтер Қазақ­станда өзекті болып табылады. Әлеуметтік желілердегі танымал лидерлердің аудиторияны қамтуы көптеген дәстүрлі БАҚ-тан асып кетуі мүмкін. Позитив сияқты, айла-шарғылық сипаттағы ықпал етудің үлгілері де пайда болуда. Өзара әрекет етудің дәстүрлі үлгілері ескіруде. Бүгінгі қоғам өзара әрекет етудің заманауи тәсілдеріне мұқтаж.
Пікірталас қорытындысы бо­­йын­ша, нақты ұсыныстар пы­сық­талып, олар Үкімет, Парла­мент және жергілікті атқарушы орган­дарға жолданады.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»