Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Жібек жолының жаңа бағыты

957 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұлы Дала еліне саяхат» жобасы шеңберіндегі соңғы экспедиция «Жаңа Жібек жолы» деп аталады. Саяхатшылар жолға 17 қыркүйекте Алматы қаласынан шықты. Экспедиция қатысушылары 13 күнде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары аумағымен 3000-нан аса шақырым жол жүрмек. 

 

Жібек жолының жаңа бағыты

Мәдениет және спорт министр­лігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша экспедицияны ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» ҰК. «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» РҚБ жүзеге асыруда.

Экспедиция құрамы тәжі­ри­белі саяхатшылардан, тур­опе­ратор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-бло­гер­лерден, сондай-ақ «National Geographic Ресей» командасынан құралған.

«Ұлы Дала еліне саяхат» жобасы – Қазақстан аймақтарына жасалатын ең ірі экспедиция. Экс­педиция алты бағыт бо­йын­ша ал­ты туристік клас­тер­ді қамти оты­рып, маңызды табиғи нысан­дар­ға бару арқылы жүргізіледі. Экспе­дицияның мақсаты – жаңа турис­тік бағыттарды жасау үшін табиғи, тарихи, киелі ме­кен­­дерді зерттеу, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту, және туған елді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дес­тинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал етеді. Экспедиция нәти­жесінде еліміздің табиғи ны­сан­дары бойынша жаңа ту­рис­тік бағыттар, сапалы фото және видео­банктер құрылады. Олар­дың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады. 

Экспедиция Алматыдан Қазақ­стан – Қытай шекарасына қарай шығады да, Жаркент қаласы мен Қорғас ауылына аялдайды. Әрі қарай, Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі, Солтүстік Тянь-Шань маржаны аталатын – Саты ауылына барады.

Қатысушылар Саты ауылынан жолсыз жермен бірнеше шақы­рым жүріп, тау ішіндегі Көлсай және Қайыңды көлдеріне қарай бағытталады. Қайыңды көлі эко-туристердің ең сүйікті жері және Қазақстанның басты туристік нысандарының бірі болып саналатынын айта кеткен жөн. Ол теңіз деңгейінен 1867 метр биікте орналасқан. Бұл жердің сұлу­лығын сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Қайыңды көлі 1911 жылғы жер сілкінісінің салдарынан пайда болған: құлаған тас шатқалды жауып қалып, табиғи бөгет түзіліп, шыршалар су ас­тында қалған. Көлсай көлінің суы тұп-тұнық. Мұнда құбылмалы бақтақ, қабыршақсыз көкбас, тағы басқа да балық түрлері мекендейді. Маңындағы орман саңырауқұлаққа, қойбүлдірген мен таңқурайға бай. 

Әрі қарай саяхатшылары­мыз Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барып, Темір­лік, Бестамақ шатқалдары мен Қорғандар алқабын тамашалайды. Сол жерден «Алтынемел» мем­лекеттік ұлттық табиғи саябағына бет алады. Онда экспедиция мүше­лері Ақтау тауы мен 700 жыл­дан аса уақыт өсіп тұрған ағаш­ты көре алады. Содан соң, Айғай­құмға, Шоқан Уәлиханов бұлағы мен Талхиз қалашығына ат басын бұрып, алтыншы күні Алматыға оралып, «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» ТШК және «Үлкен Алматы көліне» барады.

Экспедиция бағытындағы келесі аялдама – Тамғалы шат­қалы. Бұл Жетісудағы жартас­қа жазылған ең ескі, әрі көрнекті ес­керткіштердің бірі. Ол 2004 жылдан бері ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының нысаны қатарында. Өткен ғасырдың ортасында бұл жерден жартасқа салынған әр­түрлі суреттер табылған. Тамға­лы шатқалы Алматы қаласы­нан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жердегі Аңырақай тауында. 

Тамғалыдан соң экспедиция қатысушылары Жамбыл об­лы­сындағы археологиялық және табиғи ескерткіштерге жол тартады. Олардың ең алғаш­қысы – Тараз қаласынан 45 ша­қы­рым жерде орналасқан Ақыр­тас археологиялық кешені. Бұл орын Қазақстанның 100 кие­лі нысанының тізіміне кіреді. Тараз қаласында олар Қарахан мен Айша бибі кесенесіне және «Ежелгі Тараз» археологиялық орталығына барады.

Экспедиция тобы Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорық­тардың бірі Ақсу-Жаба­ғылы­да аялдайды. Мұнда олар табиғаттың сұлулығын және өсімдіктер мен жануарлардың керемет әлемін тамашалай алады. Бұл қорық Жамбыл және Түркістан облыстарының аума­ғында орналасқан. 

Экспедиция бағытындағы келесі пункт – Батыс Тянь-Шань тау­ларының солтүстік-шығы­сын­дағы Сайрам-Өгем мемле­кеттік ұлттық табиғи саябағы. Саяхатшылар Сайрам-Өгем шат­қалының ең көрікті жерлерінің бірі, теңіз деңгейінен 2350 метр биікте орналасқан Сайрамсу көлін көріп қайтады.

Түркістан облысының аумағы археологиялық және табиғи ескерткіштерге бай. Отырар қала­сы, Арыстан баб, Қожа Ах­мет Ясауи кесенелері, Сауран қала­сы және басқа да нысандар сая­хат­шылар мен зерттеушілерді қызықтырары сөзсіз.

«Егемен-ақпарат»