Әдебиет • 19 Қыркүйек, 2018

Нұрғали ОРАЗ. Үш терезе

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Нұрғали ОРАЗ. Үш терезе

Егер Литваға саяхаттап барудың сәті түсе қалса, Вильнюс қаласынан не­бәрі отыз шақырым жердегі Тракай қамалын көріп, тамашалап қайтарыңыз хақ. Себебі ол литвалықтардың өткен тарихынан сыр шертіп тұратын көне ескерткіш, киелі мекен.

ХІV ғасырдың соңында Хазар қаға­натынан бөлініп шыққан бес жүзге жуық қарайымдардың отбасы міне, осы Тракай қамалының жанына келіп қоныс тепкен екен. Аңыздың айтуына қарағанда, Литваның ұлы князі Витаутас аталмыш қамалды қорғауды ер жүрек, қайсар қарайым сарбаздарына сеніп тапсырыпты деседі. 

Қазір де Тракай қамалының жанын­дағы шағын қалашықтың негізгі тұр­ғын­дары сол ұлыстың ұрпағы бо­лып табылады. Қарайымдардың түп атасы түркілер екені анық. Сон­дықтан да олардың келбеті, түр-түсі, кейбір әдет-ғұрыптары бізге ұқсайды. Бірақ діні басқа. Құдайға сиынатын ғимараттарының пошымы шіркеуге келің­кірейді. «Біздің дініміз Көне өсиеттен кейінгі діни құжаттарды қабыл­дамаған», деген-ді бізге сол ғимараттағы бір діни қызметкер.

Бүгінде қарайым ұлысының саны бар болғаны – 250 адам ғана екен. Жергілікті халықтың айтуынша, оларды мұндай күйге жеткізіп отырған басты себептердің бірі өздерінің ішкі қатаң діни заңдары көрінеді. Өйткені қарайым жігіттеріне басқа елдің қызына үйленуге тыйым салынған және үйлене қалған күннің өзінде олардан тараған ұрпақты санатқа қосудан бас тартқан.

– Байқадыңыздар ма, қарайымдардың бәрінің үйінде негізінен үш терезе, – дейді бізге Тракай қалашығындағы Қарайым көшесін көрсетіп келе жатқан жол бастаушы жігіт. – Оларда: «Бұл терезе­лердің біреуі – Құдайға, екіншісі – қамалға, үшіншісі – өзімізге қарауға арналған», деген сенім бар.

Осыдан соң біз әлгі көшенің екі жиегіндегі жер үйлердің терезесіне бір­түрлі таңырқай қарадық. Тазалықты, сән-салтанатты сүйетін өте ұқыпты, еңбекқор халыққа ұқсайды. Үйлерінің алдын­дағы тал-терегі, бау-бақшасы жайқалып тұр.

Бірақ әттең, тілі де, ділі де, салт-санас­ы да күннен күнге көмескі тартып, ұмытылып бара жатқан ұлыс. Содан да болар, әлгі үш терезенің біреуіне, дәлірек айтқанда, «өздеріне қарайтын» терезеге тұтылған перде көп жылдан бері ашылмағандай әсер қалдырады. Себебі әне, Құдай жаратқан дүниенің көк аспаны мөлдіреп, күні жадырап тұр. Айна көлдің ортасындағы оқшау арал секілді көрінген Тракай қамалына қарай ағылып жатқан саяхатшылардың легі таң атқалы бері бір толастаған жоқ.

Ал қарайымдар көшесі болса, әлім­сақтан бергі Адамзат тарихының сирек кездесетін бір экспонаты секілді шағын қаланың қақ ортасынан айдай әлемге көз тігіп, өзін мазалаған бір сұрақтың жауабын күтіп тұрған секілді... 

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»