Өнер • 19 Қыркүйек, 2018

Иманжүсіптің мылтығы

1397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әнші-композитор, азаттық жолындағы күрескер Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ тарихында орны зор тұлға. Он шақты жылдың алдында Астана іргесінде орналасқан «Жібек жолы» ауылындағы орта мектепке батыр атамыздың аты беріліп, мектеп ішінде шағын танымдық музей ашылған еді. Оны жасақтап, қайраткер-күрескердің тарихына қатысты жәдігерлерді іздеп тауып, құжаттық мұралар қорын жинақтаушы Раушан Иманжүсіп апамыз. Нақтырақ айтқанда, бұл кісі батырдың кенже ұлы Нұрқанның қызы екен.

Иманжүсіптің мылтығы

Жоғарыдағы музей-залда Раушан апа­мыз­дың ұзақ жылғы ізденісі арқасында табылған Имекең өз қолымен шапқан ағаш ер, батыр қолданған үзеңгісі мен өрмелі жүгені, сонымен қатар күрескер атамыздың мылтығы сақтаулы тұр. Бұл мылтық кәдімгі қарапайым маузер-винтовка. Өндірістен шыққан реттік нөмірі – 134 389. Бұл кодтық сан арқылы қарудың қай жылы, қандай зауыттан шықанын толық білуге болады. 

Ал мылтық қалай, қайдан табылды? Бұл сұраққа жоғарыдағы Раушан Нұрхан­қызы былай деп жауап берді: – Ашаршылық жылдары (1929-30) Иманжүсіп атамыз қы­рық түйеге астық артып Ақмолаға келеді. Бұл оқиғаны маған 90-жылдардың басында атамызды көзі көрген С.Төлеубеков деген ақсақал айтып берді. Осы сапарынан кейін қасында елу шақты нөкері бар Имекең оңтүстікті бетке алып өзінің мекен-тұрағына тар­тады. Жолай қазіргі Түркістан облысы, Оты­рар ауданы аумағында орналасқан «Шілік» дейтін ауылға соғады. Бұл жер атасы Тұрғанбай датқа орда тіккен мекен екен. Ауыл адамдары айтады: Имеке бізге жан-жақтан анталаған қарақшылар маза бермейді, не істейміз?! Жағдайға қаныққан Иманжүсіп атамыз «сендерге мына мылтығымды тас­тап кетейін, қарақшылар келсе аспанға оқ атыңдар, сол жетіп жатыр» деп қаруын қалдырып кетіпті. Расында ертеңінде ентелеп келген қарақшылар мылтық дауысын естіп «ойбай, ауылда Имекең бар екен ғой» деп екінші қайта жоламай кетіпті. 

Арада жыл өтер-өтпесте Иманжүсіптің өзі дүниеден өтіп, мылтық Шілік ауылындағы Нұр Маханбетұлы деген адамның қолында қалып қояды. Бұл әулет қаруды батырдың көзі ретінде жасырып сақтап, бертінде ата мұрасының рухани шырақшысы Раушан апайға тапсыра отырып, мынадай қолхат қалдырыпты: «Мен Оңалбаев Қалдарбек Оңалбайұлы 1948 жылы 11 қарашада Отырар ауданы (бұрынғы Шәуілдір) «Ақтөбе» бөлім­шесінде туылып, қазіргі таңда Орда­басы ауданы Темірлан елді мекенінде тұра­мын. 1929-30 жылдары атам Нұр Махам­бетұлына осы «Бесатар» мылтықты Иман­жүсіп Құтпанұлы атамыз берген екен. Мыл­тық осы кезге дейін кебежеде сақталып келді. Оны кезінде маған әкем Оңалбек Нұрұлы берген еді. Енді мен осы мылтықты Астана қаласы маңындағы Иманжүсіп ата атындағы мұражайға тапсырамын». 

Өздеріңіз оқып отырғандай бұл жәдігер бүгінге осылай жеткен екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше