Технология • 19 Қыркүйек, 2018

Интернеттен келер қауіп қандай?

6065 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Интернетті заңдық тұрғыдан реттеу саласындағы тәжірибелер бұл салаға мемлекеттік бақылаудың қажеттігін көрсетті. Интернет желісіндегі ұлттық сегменттегі ресурстардың мазмұнын бақылау мақсатында және ұлттық қауіпсіздікті сақтау бағытында жағымсыз ақпарат көздерінің алдын алу үшін дамыған елдер жылына миллиондаған доллар қаржы жұмсайды.  

Интернеттен келер қауіп қандай?

Құқықтық тұрғыдан қалай реттелуде?

Әлемде интернетті құқықтық тұр­ғыдан реттеудің бірнеше тәсілдері бар. Біріншісі – мемлекет интернетті реттеу жұмысына араласпайды, екін­ші тәсіл – интернетті басқару жә­не құқықтық қарым-қатынасты реттеу ісінде (балалар порнографиясы, терроризм, экстремизм және т.б.) мем­лекеттің араласу үлесі шектеледі. Ал үшінші тәсіл – интернетті заңдық реттеудің қатаң түрін қолдану.

Қазақстан осы құқықтық реттеу тәсілдерінің үшінші үлгісін таңдап алды. Әрине бұл мәселеге қатысты заңгерлер мен медиа сарапшылар қарсы пікірлерін жария түрде білдірді. Мәселен, олар интернет азаматтардың еркін пікір білдіру құқығын іске асы­руға технологиялық мүмкіндік бере­тін құрал болуы керек десе, екін­шіден, мем­лекеттің реттеудің «жоға­ры­дан төмен» ұстанымын алға тартуы интернет қол­данушыларының қарсылығын ту­ды­руға әкеледі, бұл жағдайда мемле­кет контентті бақылау және сүзгіден өт­кізу артықшылығын өз мүддесіне сай реттейтіндігі сөзсіз деген тұжырым жасайды.

Қазақстан интернетті реттеуді шектеу үлгісін заңдық тұрғыда бекі­тіп отыру үрдісін соңғы жылдары үздік­сіз жалғастырып келеді. 2009 жылы ин­тернеттегі барлық сайттар, әлеу­меттік желілер «бұқаралық ақпарат құралы» деп заңдық тұрғыда бекітіл­ді. Әкімшілік, азаматтық, құқықтық жауапкершілік өлшемдері де БАҚ-қа теңестірілді. «Ақпарат туралы» заң қабылданар алдында еліміздің медиа сарапшылары мен құқық қор­ғаушылары бұл мәселені шешудің оңтайлы тәсілін ұсынып көрген еді. Яғни, заңға «желілік басылымдар» деген түсінік енгізіп, интернеттегі барлық жарияланған дүниелерді БАҚ деп танымай, тек «желілік басылым» деген тіркелім жасаған сайттарды мойын­дау ұсынылды. 

Сайттар неліктен бұғатталады?

Соңғы жылдары мемлекет сайт­тарды қаржыландыру көлемін арттыр­ды. Қазақстан интернет ассоциациясы­­ның жетекшісі Шавкат Сабировтың айтуынша, «Қазақстанның құқық қорғау органдары өткен жылы әлеуметтік желі­лерге мониторинг жүргізетін жү­йе­­лерді сатып алуға қомақты қар­жы жұмсаса, биыл Ақпарат және ком­му­ни­кациялар министрлігі интернетке мо­ни­торинг жүргізуге 2 миллиард тең­ге бөліп, осы іске тендер жа­рия­лады». Тағы бір айтып өтер­лігі, Қазақ­станда тыйым салынған сайт­­та­р­дың тізімі жоқ, бар болған жағд­ай­да да бұл ақ­па­рат көпшілікке қол­­жетімді емес, негізі­н­ен алғанда мұндай мәлі­мет­тердің жария болғаны дұрыс дер едік. 

Еліміздің заңнамасында заң бұзу­шылық нысанасына жеке адамдар көбірек ілінеді, яғни оның әлеуметтік желі­лерде өз парақшасында жазыл­ған ақпараттар және басқа пайда­лану­­шы­ның жазған жазбасына қал­дыр­ған комментарий мазмұны көбірек бақылау­ға алынады. Ресей заңында бұғаттау ісінде көп жағдайда сайттардың ақпа­рат­тары бақылау тезінен өтетіндігі бай­қа­лады. Бұл сөзі­мізге «Ақпарат және ком­му­ни­ка­ция мәсе­лелері бо­йын­ша Қазақстан Республикасының заң­на­ма­лық ак­т­і­леріне өз­­ге­ріс­тер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заңындағы 36-бап қо­сым­ша дәлел бола алады. Осы баптың 5-1 тармағы негізінде енді тіркелмеген қолданушылар қазақ­стандық интернет-ресурстарда бүркеншік атпен пікір қал­дыра алмайды. Көп­шілікке қол­же­тімді электронды ақп­аратт­ық ресурс­тар­дың иелері қолдану­шының ақ­па­рат­тарын «электронды үкімет» пор­талында идентификация немесе SMS-идентификация жасағаны туралы екеуара жасаған жазбаша келісімшарт болған жағдайда ғана жариялай алады.

Заңдағы бұл жаңа норма Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, әлеуметтік желілердегі қолданушылардың бір-бірін бейәдеп сөздермен балағаттау, әлеуметтік және ұлтаралық жанжал тудыратын мазмұндағы комментарийлер қалдыру деректерінің көбеюінен пайда болған. Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданушылары комментарийді жалған атпен бұрынғыдай қолдана береді, тек портал иелері бүркеншік атпен кімнің тіркелгенінен хабардар болып отырады. 

Бұл бағытта елімізде нақты шаралар атқарылып жатыр. Әлеуметтік желіде ойланбай жазған бір сөзі үшін темір тордың ар жағынан шыққан азаматтардың саны арта түсті. 2016 жылдың соңғы екі айында Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиеленіс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталса, Щучье қаласының тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға түрмеге қамалды. Бұл, әрине алаңдататын мәселе. Әсіре­се оқу­шы­лар мен жастар үшін. Әлеу­мет­­тік желіде «ерігіп» отырған олар ойлан­бай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін.

Елімізде қазіргі кезде дәстүрлі БАҚ-та немесе әлеуметтік желіде бол­­сын адамдардың бір-бірін сөзбен қор­лап, ар-намысына тиіп, бейәдеп сөз­дер айтқан жағдайлары жиі кез­деседі. Мәселен, «Гәкку» телеарнасын­да «Follow Wars» деп аталатын бағ­дар­лама бар. Онда еліміздің танымал адам­дары, көп жағдайда шоу-бизнес өкілдері әлеуметтік желіде оқыр­ман­дардың өздері туралы жазған жағым­сыз пікірлеріне немесе өздеріне қа­тыс­ты сыни пікірлерге тікелей эфир­де жауап береді. Кезекті бір санында танымал продюсер қонақ болып, өзіне желі арқылы бейәдеп сөз жаз­ған қол­данушыға былапыт сөзбен жауап қайтарды. Көрермендер бұл іс-әрекеті үшін продюсерді қатты сынады. Негізі мұндай жайттар­дың отан­­дық телеэфирлерден немесе әлеу­­­мет­тік желілерден орын алуы көп­­­­ші­лік­тің ар мен ұяты және заң ал­дын­­­дағы жауапкершіліктерін терең сезінбеулерінен туындаса керек. 

Кез келген тұлғаның жеке арналар ашып, өздерінің бейне, аудио туындыларын интернет желілері арқылы әлемге тарата алу мүмкіндігіне ие болғаны белгілі. Бұл орайда авторлық құқықты сақтамаған кез келген адамды жауапкершілікке тартып, заң ал­дында жауапқа тарту қиындық тудырмайды. Бұған елімізге танымал режиссер Алина Мұстафинаның жеке бейнеролигін ресейлік «Первый канал» телеарнасы рұқсатсыз қол­дан­ғанын анықтағаны мысал бола алады. Ресейлік журналистер Ургант пен Поз­нер жүргізетін «В поисках Дон Ки­хота» бағдарламасында Али­на­ның YouTube арнасында жария­ла­ған Ката­лония туралы ролигі пайда­ланылған.

Арнайы статистикалық мәлімет­терге жүгінер болсақ, 2016-2017 жыл­дарда интернеттегі заң бұзушылық­тарды былайша жіктеп көрсетуге бола­ды: біріншіден, интернетте тер­роризмді насихаттау; екіншіден, дәс­түрлі емес діни ағымдардың ісін наси­­хаттау; үшіншіден, ұлтаралық шие­­ле­ністі тудыру; төртіншіден, Қазақ­­стан­ның тұтастығына қол сұғу.

Қазақстан азаматтарының әлеу­меттік желілерді қолдану үлесінде айтарлықтай серпін жоқ: 2015 жылы – 56%; 2016 жылы – 66,6%; 2017 жылы – 65,7%. Ал еліміздегі интернет желісін жаңадан пайдаланушылардың өсімі тұрақты деуге болады: 2014 жыл – 17,3; 2015 жыл – 26; 2016 жыл – 21; 2017 жыл – 23,1%.

Ендігі кезекте еліміздегі әлеуметтік желілердің қолданылу үлесі туралы сөз етсек. Beeline.kz-тің хабарлауынша, 2017 жылдың қазан айындағы мәлі­мет төмендегідей: ВКонтакте әлеу­меттік желісінің қолданушылар саны – 4 млн, Facebook – 3,3 млн, Instagram – 3 млн. Мес­сенд­жерлер ара­сында WhatsApp ал­дыңғы орында, қолданушылар саны – 2,5 млн, Telegram – 2 млн, Viber – 1 млн.

Блогерлердің бәсі неге жоғары?

Еліміздегі интернетке қатысты ой­лантатын мәселе, қазіргі таңда би­лік өкілдері мемлекеттің қаржысын кәсіби медиалық салаға емес, блогерлерге бөлуді жөн санайды. Бұл орайда «Билік бүгінде сарапшылар қоғамдастығы немесе медиалық саланы емес, әлеуметтік желілерді, нақ­тырақ айтсақ, өз салаларында кәсі­би емес адамдарға тапсырыс бе­ріп, оларды қаржыландыру ісін бас­тап кетті. Негізінде, мемлекет тек кәсіби саланы реттеуі керек. Шенеуніктермен араласқанда көз жеткізгенім, олар­дың белгілі бір адамдардың сөздері­не сілтеме жасап сөйлейтіні. Бұл оның желінің ықпалында кеткен­ді­гін көрсетеді, оның өзіндік көзқарасы жоқ және жеке сарапшылық бағам жасай алмайды. Шындап келгенде қаржыны сауатты түрде қолдануға болады. Негізі, ақшаны блог-постқа емес, жаңа­лық үшін медиалық басылымға төле­ген ұтымдырақ болар еді» дейді Қазақ­стан интернет ассоциациясының жетекшісі Шавкат Сабиров.

Қазіргі кезде кәсіби журналистерден блогерлердің бәсі неге жоғары десеңіз, оның бір ұшығы жазушы Дмитрий Шишкиннің «Еліміздегі көптеген мемлекеттік органдар газеттермен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді. Газетке келіп, «маған ың­ғайлы етіп жазып бер» деп айта алмайды. Ал блогерге ондай ұсыныс жасауға болады» деген сөзінде жатыр. 

Еуразиялық ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбеннің пікірі назар ауда­рар­лық: «Білімділік пен саяси белсенділік тұрғысынан алғанда көзіқарақты аудитория Facebook желісіне тән. Facebook үкі­­­метке тиімді қызмет атқарумен қоса, саяси белсенді азаматтарға өз­дері­­нің қарсы­лықтарын көрсетуге мүм­­­кін­­­­дік бере отырып, бу шығарушы (пароотвод) және найзағай тартқыш (гро­мо­о­т­вод) құрал­дардың рөлін ат­қарып отыр. Бірақ бұл екіұшты таяқ сияқ­ты. Әлеу­меттік желідегі өткір әрі ымы­расыз пікір­таластар адамдардың бойында сая­си үрдістерге қатысып, мемлекеттік сая­сатқа ықпал етіп жат­қандай жалған әсерге бөлейді, олар өті­рік елестің жетегінде отырады, осы ар­қылы жалған (эрзац) аза­мат­тық қо­ғам құ­ры­лады. Осы себепті де әлеу­мет­тік желі­лер көп жағдайда қо­ғам­дық пі­кірді ма­ни­пуля­­циялау бағы­тында пай­даланылады». 

Сондықтан елімізде интернет кеңіс­­­­тікті заңдық тұрғыдан реттеу мә­се­лесі нақтыланбаған, жалпылама сипа­­ты басым екенін айтқымыз келе­ді. Соны­мен қатар заң бұзушылық ны­са­насына әлеуметтік желідегі жекелеген адам­дар­дың жазбалары алына бермей, сайт­тарда жарияланған ақпараттардың маз­мұнын бақылау тезінен өткізу ісіне басым­дық берілсе дұрыс болар еді. Мем­ле­кет, интернет қол­дану­шылар және қыз­мет ұсы­ну­шы­лар бірлесе отырып, көп­ші­ліктің пікір еркіндігіне қол сұқ­пай­тындай реттеу шараларын ойлас­тырып, әрі балаларды интернеттегі зиян­ды ақпараттардан қорғаудың жүйесін құруы қажет. 

Орынтай ОШАНОВА, 

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АЛМАТЫ