Әлем • 19 Қыркүйек, 2018

Теңіз деңгейінің көтерілуі әуежайларға қауіпті

633 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы айдың басында Жапонияны күшті дауыл талқандап өткенде, Кансай халықаралық әуежайында жолаушылар сырттағы қорқынышты көрініске куә болды. Ұшу жолағына қарағандарға теңіз суынан басқа ештеңе көрінбеді.

Теңіз деңгейінің көтерілуі әуежайларға қауіпті

Джиджи пресс, Agence France-Presse

Хироко ТАБУЧИ, «Нью-Йорк Таймс»

Сондай-ақ олар әлемнің түк­пір-түкпіріндегі ойпаңда ор­на­ласқан әуежайлардың болашағына мұның қаншалықты қауіпті болатынын, теңіз деңгейінің көтерілуі және климаттың өзгеруінен туын­даған долы дауылдар алдын­да олардың дәрменсіз екенін байқады. Халықаралық әуежай­лар кеңесі мен OpenFlights-тың деректеріне сүйенсек, әлемдегі ең көп қолданылатын 100 әуежайдың жиырма бесінің теңіз деңгейінен биіктігі 10 метрге де жетпейді.

Солардың 12-сі, оның ішінде Шанхай, Рим, Сан-Франциско және Нью-Йорк хабтары бар, теңіз деңгейінен 5 метр ғана биікте орын тепкен. 

«Біз қамалып қалдық», дейді веб-кәсіпкер Такаюки Кобата. Ол Осакаға таяу маңдағы жасанды аралға салынған Кансайдың үлкен әуежайынан Гонолулуға баратын ұшаққа мінуді жоспарлаған екен. «Біз дауылдың басылғанын күтуіміз қажет», дейді Т.Кобата. 

Су басқан аралдан шығудың жолын іздеуге ол 36 сағат жұм­сапты. Белдеме арқанын үзіп кетіп, әуежай мен Осака арасын жал­ғап тұрған көпірге соғылып, жол­ды қатты зақымдаған кеме жағдайды тіпті күрделендіріп жіберген. 

Су деңгейінің артуынан туын­­даған қауіп климат өзгеруіне әсер етіп отырған басты индус­трия­­лардың жазасы секілді. Әлем­дегі парниктік газ шығарын­ды­ларының 3 проценті әуе тасымалына тиесілі. Бұл – көмірқышқыл газын қолдану бойынша қарқын алып келе жатқан саланың бірі. Халықаралық азаматтық авиа­ция ұйымының болжамына сай, қазіргі үдерістерді ескерсек, әуе тасымалына тиесілі бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай үш есе өспек. 

Авиация индустриясы өзі туындатқан көмірқышқыл зардаптарымен күресе жүріп, жаһандық жылынудың салдарын да сезіне бастады. Ыстықтың әсерінен ауаның тарылуы себепті көтерілу қиындайтындықтан, жоғары температура ұшақтардың ұшуына ке­дергі келтіреді. Климаттың өз­­геруі сондай-ақ турбуленттік ай­мақ­тарды көбейтеді. 

Көптен бері су жағасында, ой­паңда орналасқан алқаптар терминалдар мен ұшу жолағын салу үшін қолайлы мекен ретінде есептеліп келген. Өйткені онда ұшу және қону кезінде ұшақтарға кедергі азырақ. Ал жағалаулар тасқын мен қатты желдерге қарсы қалқан бола қоймайды. 

Қысқасы, айрықша ауа райы мен теңіз деңгейінің артуы жаһандық жылынуды ескермей салған әлемнің ең көп қолданы­латын әуежайларына үлкен қауіп төндіріп отыр. 

«Сэнди» дауылы салдарынан 2012 жылы Нью-Йоркте қыз­мет ететін үш әуежайды су басып, бірнеше күн бойы әуе тасы­малы кедергіге тап болды. «Гони» тайфуны 2015 жылы Шанхайдың сыртындағы Хунцяо халықаралық әуежайының ұшу жолақтарын істен шығарды. Таяуда Үндістандағы Кералада болған осы ғасырдағы ең жойқын тасқын салдарынан 400-ден астам адам қаза тауып, өңірлік хаб саналатын Кочин әуежайы екі аптаға дейін жұмысын тоқтатты. 

Кансай жағалаудан бес ша­қы­­рым қашықтықтағы аралда орна­ласқан. Ол он жылға жуық мерзім ішінде екі таудың қиыршық тастары мен құмнан салынды. 1994 жылы ашылған әуежай бір жағынан шу мәселелерін азайту, сондай-ақ Токиоға қызмет ететін Нарита секілді Жапо­ния­дағы ескі әуежайларға қатысты туын­даған жер құқығына қарсы на­ра­зы­лықтардан қашу мақсатында Осака мүйісінде салынған болатын. 

Қауіптің белгілері ерте бай­қалған. Инженерлер құрылыс басталғаннан кейін 50 жыл бойы әуежайдың салмағынан теңіз табанына күш түсіп, арал әр жыл сайын суға орташа есеппен 30 сантиметрдей батады деп болжаған еді. Бірақ арал алғашқы 7 жылда 9 метрге дейін түсіп кетіп, бату үдерісі әлі де жалғасып, жалпы 13 метрі су астына кетті. 

Мұндай қарқынмен әуежай­дағы екі ұшу жолағының кемінде біреуі 2058 жылы толық суға батып кетеді. Мұндай жан-жақты болжамды 2015 жылы Урбан-Шампейндегі Иллинойс университетінің азаматтық инженерия профессоры Голамреза Месри мен геотехникалық инженер Дж.Р.Фанк жасаған болатын. Профессор Месри теңіз деңгейінің көтерілуі әсерінен әуежайдың одан да жақын уақытта су астына кету ықтималдығы бар екенін айтты. «Әуежайдың орнына көл пайда болады», дейді ол. 

Толқындардан, судың көте­рілу қаупінен қорғану үшін Кан­сай әуежайы арал астындағы теңіз табанынан суды айдап отырады. Негізгі терминал алып «аяқтарға» ор­наласқан. Ол іргетастың деңгейін көтеріп ұстап тұрады. Соны­мен қатар нөсер жаңбырдан кейін әуе жолақтарын судан таза­лау үшін алып сорғылар қолда­нылады және аралдың ұзына бойы­на бірнеше теңіз қабыр­ғалары орнатылған.

Инженерлер қабырғалардың 1961 жылы теңіз суын 3 метрге дейін көтерген тайфун секілді дауылдарға төтеп беретінін айтып мақтанған болатын. Бірақ «Жеби» тайфуны осы айда 11 адамның өмірін қиып, Жапонияның батысын қиратып, Осака мүйісіндегі су деңгейін рекордтық 3 метр­ден асырып жіберді. Толқындар әуежайдың теңіз қабырғасын қиратып, сорғыларды бітеп тас­тады. 

6 қыркүйекте болған бас­пасөз жиынында әуежай опера­торының президенті Йошиюки Яамайа: «Біз тайфунға әзір едік, бірақ бұл жолғы тайфунның кү­ші күт­кенімізден асып түсті. Жағ­­дай­ды дұрыс бағамдай алма­дық», деді. 

Тайфун ойпаңда орналасқан ұшу алаңдарының кемшілігін көрсетіп берді.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»