Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Жайнагүлдің жанарындағы жарқыл

457 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тура келген қиындыққа қаймықпай қарсы тұру кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Оған жиырма сегіз жасының өзінде тағдырдың ауыр жүгін арқалап өткен Жайнагүл Қайымхан қарындасымыздың қайсар мінезінің өзі дәлел. Қазақстан мен Қытай шекарасының арғы бетінде – Көктоғай ауданында әкесі мен шешесінің арманы Отанымызға жету болыпты. Ес білген балаларына әкесі үнемі туған жерге, өз қазағының ортасына жетуді аманат қылған. 

Жайнагүлдің жанарындағы жарқыл

Жайнагүл сегіз жасқа келгенде анасы, бес жылдан кейін әкесі дүние салады. Көрші елден қозғалған үлкен көшпен бірге Қайымхан әулеті 2005 жылы елімізге қоныс аударып, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қалжыр ауылына табан тірейді. Аға-жеңгесі Қуанбек пен Нәзігүл, одан кейінгі ағасы Ерболат пен сіңлісі Гүлнұр да сонда.

Жайнагүл орталау мек­теп­ті бітіріп, одан әрі базарлы болашағына ұмтылған сәт­те күтпеген науқасқа шал­дығады. Ішкі құрылысы – ас жүру жолдары бұзылған. Аудан орталығындағы дәрі­гер­лер операция жасайды. Алайда бір айдан соң жара­қат орны іріңдей бастайды. Бірнеше ай бойы жарасын өзі тазартып, таңып жүреді.

Келесі жылы облыс ор­та­лығы – Өскемендегі облыс­тық ауруханаға келген Жай­на­гүлге қайтадан ота жа­са­ла­ды. Емдеуші дәрігер оған: «...енді 15 күндік өмі­рің қал­ды» деген қатал «үкім» шы­­ға­­рып береді. Ас жүру жол­дары бұзылған Жай­на­гүл­­­дің бүйірінен жасанды түтік шы­ғарып, ыдыс бай­лап қояды. Бұл жайт бұ­рын­ғы­дан бетер қинай түседі. Жай­сыз­дық салдарынан көпшілік ортада жүріп-тұра алмайды. 

Бірақ мұнымен де болмайды. Жайнагүл ауылда екі үйдің отын жағып, бала бағып, қаржы жинайды. Шамасы келген қандай жұмыстан да қайт­пайды. Сөйтіп жүріп об­лыс орталығындағы ауру­ханаға ота жасатуға тағы келе­ді. Бұл – алтыншы операция. Сыр­қаттың жағ­дайын қара­ған дәрігерлер бұл жолы ота­дан кейін біржола жазылып шығарына күмәнданады. Ен­ді­гі үміт – Астана. Оған арнайы коми­с­­сия­­ның ше­шімімен же­ңіл­дік беру керек. 

Сонымен 2014 жылы сәті түсіп, астаналық дәрігер­лер­дің алдына келген болатын. Бірақ әбден асқынып кеткендік­тен ішкі құрылысты ашуға ешкімнің дәті бара қой­майды. Германия, Израиль, АҚШ сияқты елдерге барып ем­делуге кеңес береді. Ба­рар еді-ау, бірақ оған қаржы қай­­да? Шетелдік дәрігерлер мың­даған доллар берсең ғана ем­­д­ейді. Онда да құлан-таза айығып кетуіңе кепілдік бере алмайды. Қытайға барған, он­дағылар 30 млн теңге сұра­ған. Бір жағынан қаржы тап­шылығы еңсені басса, екінші жағынан ауру меңдеп бара­ды. Сөйтіп жүргенде өзі сияқ­ты ауыратын Қадиша есім­ді қызбен әлеуметтік желі ар­қылы танысып қалмасы бар ма? Хабар-ошар алысып жүр­ген сол құрбысы Жай­нагүл­ге «Астанада Қоблан­дин деген про­фессор бар, сол ғана көмек­тесе алады» деп кеңес береді. 

Медицина ғылымдары­ның док­торы, профессор, акаде­­мик, жалпы хирургия кафед­ра­сының меңгерушісі Сәрсен Қобландинді білмей­тін жан некен-саяқ. Ең соңғы үмітін үкілеп Жайнагүл де ака­де­мик­тің алдына келеді. Ата­­ғынан ат үріккендей бол­ған­мен, Сәрсен Қоблан­дин өте кіші­пейіл адам екен. Кө­ңі­лі пәс, дерті әбден маза­ла­ған жан­ды дәрігер риясыз пейіл­мен қарсы алады. 

Сырқаттың жағдайымен танысқан соң Сәрсен Нағым­ұлы кафедрасындағы дәрі­гер-ғалым­дарды жинап, кеңес өт­кізеді. Кафедра ғалым­дары бір­ауыздан «тәуекел» деп ұй­ғарымға келеді. Бұ­рын тәжі­рибеде мұн­дай жағ­­­дай­лар кездескен. Бірақ мына сыр­қаттікі ерекше. Он жыл бойы жасанды түтік­пен жүр­ген. Ендеше ішкі құры­лыс­тағы ішектер соншама уақыт бойы жұмыс істемеген. Жұ­мыс істемеген ағза қатып қа­ла­ды. Ең қиыны, тоқ ішек өз қыз­метін атқарудан тыс қал­ған. Демек, қайта қалпына келтіру керек. Ал онда қан­шама қан тамырлары бар...

– Әрине он жыл бойы жұмыс істемей тұрған ас жүру жолдарын қайтадан іске қосу оңай емес. Енді бұлай жүре бергенде жаман ауруға айналып кетуі де мүмкін болатын. Ішкі құрылысты ашып, емдедік. Енді ешқандай қауіп жоқ, – дейді білікті оташы Сәрсен Нағымұлы.

Бүгінде Қазақстан Респуб­ликасының денсаулық сақ­тау ісінің үздігі, 2011 жылғы үздік дәрігер, Н.И.Пирогов атын­дағы Хирургтер қауым­дас­тығының толық мүше­сі Сәрсен Нағымұлының шетелден ем-дом таба алмай келген талай науқасты аяғы­нан тік тұрғызып жібер­геніне жұрт куә. Астана медицина университетінде жалпы хирургия кафедрасын басқарып отырған С.Қобландиннің жаса­ған отасы шипалы болған талай сырқат алтын қолды дәрігердің есімін құрметпен айтады.

...Өмірге құштар Жайна­гүлдің жанарынан жарық дүниеге деген іңкәрлік сезі­мі жарқ-жұрқ етеді. Біз тілдес­кенде жанында құрақ ұшып Ерғазы есімді жігіт жүрген болатын. Сұрастыра келе оның болашақ жары екенін білдік. Сонда екеуі «Үйленеміз!» деген болатын. «Он жыл мүге­дек халде азап шеккен мені бұл кісі он күнде өмірге қайта әкелді. Сәрсен ағаның жасаған жақ­сылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ғажап адам!» дейді Жайнагүлдің өзі ризашылық сезіммен. Айт­пақшы, жақында Ер­ғазы мен Жайнагүл телефон шалды. Адамның қуанышы дауы­сы­нан сезіліп тұрады ғой. Шаңырақ көтерген жастар­дың көңілдері шат-шады­ман. Денсаулық түзелген. Енді бөпе­лі болмақ ойлары бар.

Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі