Ұстаздығы ұшан-теңіз жан

Өмір деген ағып жатқан өзен ғой, оның арнасын әркім әртүрлі қасиетімен, біреу бойындағы өнерімен, Құдай берген дарынымен, инабатты мәдениетімен, кісілік және кішілік адамгершілігімен, тағы біреу қайтпас, қайсар, айнымас мінезімен толықтырады. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Әкімқожа Садыров ағамыздың өмірдегі жолы бүгінгі ұрпақтың есінде осы соңғы, қайтпас та айнымас мінезімен қалуға тиіс сияқты.  

Егемен Қазақстан
19.09.2018 1099
2

Әкімқожа ағамыз аспан таулар аясын­дағы, табиғаттың саясындағы қойны құтты Нарынқол өңірінде 1912 жылы өмір­ге келген. Ата-бабасы текті тұқым, мыңды айдап, жүзді жүргізген елдің құтпан байларының қатарынан болған. Бай ғана емес, сөзге шешен, елге көсем, алғыр да айтқыш аталарының болғаны тарихтан белгілі. Мәселен, арғы бабасы Сүйіндіктің тура айтып, қара қылды қақ жарған әділдігі және сөзін әзіл-қалжыңмен, әжуалап айтатыны туралы «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» деген сөз сол өңірде кең тараған. 

Ал оның тікелей ұрпағы, Әкім ағаның кейінгі бабасы Құдайназар жеті жасынан топқа түсіп, бала би атанып, ортасынан үздік шыққан жас болыпты. Оның тауып айтқан әділ төрелігі туралы аңыз бен ақиқат бұл өңірде көп айтылады. Осындай ортада туып, қалың албанның құтты мекенінде құлдыраңдап өсіп келе жатқан Әкім­қожаның басына бес жасынан күн туады. Қанды қырғынмен өкімет басына келген қызылдар елдің құты, жердің сүті болып, шаруаны жымдастырып, халықты ұйымдастырып отырған құтпан байларға, аталы тұқымдарға қырғидай тиіп, мал-мүлкін тартып алып, өздерін атамекендерінен қашуға мәжбүр қылады. Жан бермек оңай емес, біраз халық қолда бар қаруларымен қызылдарға қарсылық көрсетеміз деп оққа ұшады. Әкімқожаның әкесі Сағырбай да солардың бірі болып, қапылыста қаза тапқан екен. Жаңа өкіметтен жақсылық күтуге болмайтынын көрген әйелі Әйнек бала-шағасын алып, бір түнде Қытайға ауып кетеді. Алас-күлесте қатты ауырып қалған бес жасар Әкімқожаны жолды көтере алмайтын болғандықтан Садыр деген ағайындарының қолына тастап кетуге тура келеді. Сөйтіп әкеден өлі, анадан тірі айырылған Әкімқожа жастайынан жат адамдардың қолында жаутаңдап қалады. Көп кешікпей Садырдың да жағдайы ауырлап, қуғыншылардың құрығы шо­шаң­дай бастағанда нағашылары Бей­сембет Әкімқожаны жаңа ашылған же­тімдер үйіне береді. Әкесінің атына жазса біреулер «байдың құйыршығы» деп көр­сетіп жүрер деген болуы керек тегін Сады­ров деп жаздырады. 

Әрине балалар үйіндегі өмір қай кезде де оңай емес, әйтеуір өкімет өлмейтіндей тамақ, киім-кешек береді. Оны үлкендер түгіл өзі құралыптас балалардың тартып алуы­нан сақтанып аса сергек, жіті, ширақ болуға тура келеді. Жас Әкім де осында тез ширап, өжет, қайсар бола бастайды. Оның үстіне қатты талапшыл, қатаң мінез­ді де бойына осы жерден сіңіреді. 

Осы тәрбиемен Әкімқожа да мектепте жақсы оқып, партияның істеріне әрқа­шанда адал болуға тырысып, пионер, ком­сомол қатарына асыға кіріп, белсенді жас болып өседі. 

Елді жаппай аштық жайлай бастаған 1932 жылы ол орталау мектепті бітіріп, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылына мұғалім болып орналасады. Бала жастан білмекке құштар болған жас жігіт ауылда мұғалім болып қала берсе үлкен оқудан құр қалатынын сезіп, арты­нан ешқандай көмек келмейтініне қарамай Алматыға оқуға аттанады. Мұнда өзі сияқты жоғары оқу орнына түсуге білімі жетпейтіндерге арнап қазақ­тың алғашқы жоғары оқу орны – ҚазПИ-дің қасынан ашылған жұмысшы факультетіне алынады. Күндіз оқып, кешке бір түйір нан табудың қамымен кез келген жұмысқа жалданған ол әйтеуір жұмысшы факультетін тастамай, оқудан қол үзбейді. 

Осындай қиындықпен жүрсе де оқуын тастамаған қайсар жігіт ақыры, 1934 жылы ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті фа­культетіне оқуға түседі. Сол жылдардағы ұстаздар да қазақтың жаңа замандағы ақыл-ойы мен санасының қалыптасуына терең із қалдырған кілең марқасқа, жан-жақты білімді де білікті адамдар бол­ған. Олар ескі заманның оқуымен де сусындағандықтан жаңа заманның жалаң социологизм тәсілдеріне бой алдырмай, нағыз білімнің негізін саралай білген жандар. Соның ішінде ұлы Мұхтар Әуезов бастаған Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Төлеген Тәжібаев, Ісмет Кеңесбаев, Қажым Жұмалиев, Мұха­меджан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайы­лов қостаған ұстаздар тобы үмітті жастың талабын ұштап, биік белестерге жетелеген еді. Осындай ұстаздардың ықпалымен Әкімқожа қазақ тілі мен әдебиеті ғылымының дамуына еңбек сіңіретін жас ғалым немесе қаламынан нәр тамған жүйрік жазушы боларына сенімді еді. Студенттік жылдарының өзін­де ол республикалық баспасөздерде әде­биет пен өнер тақырыбына сын жазып, танымал бола бастайды. Мәселен, «Ер Тарғын» операсы», «Арман ағысында» (Жазушы Ғ.Слановтың әдеби конкурс­та бәйге алған туындысы), «Әдебиет хрестоматияларының кемшіліктері» және тағы басқа мақалалары осыған дәлел. Әсіресе 1938 және 1939 жылдардағы «Лениншіл жас», «Социалистік Қа­зақ­стан» сияқты беделді газеттердің беттерінде Әкімқожа Садыровтың мақалалары жиі кездеседі. 

ХХ ғасырдың 20-жылдарының ортасындағы большевиктік идеология­ны қостаушы шолақ белсенділер 30-жылдардың аяғына дейін белең алған еді. Олар бірде Абайға да шоқпар сілтеп, ақынды үстем таптың өкілі, әкесі Құнанбай шынжыр балақ, шұбар төстің нақ өзі, сондықтан оның есімін кеңестік әдеби айналыстан шығарып тастау керек деген дау көтереді. 

Осы талқыға ҚазПИ-дің студенті Әкім­қожа Садыров та қатысады. 1937-1938 жылдардағы «Қызыл террордың» аузынан жалын атып тұрған кезінде жалаңтөс әпербақандардың аузын жабуға ұстаздар қауымы бата алмай, үнсіз отырып қалады. Өйткені олардың біразы бұрын да қуғындалып, артына қоңырау байланған жандар болатын. Сондықтан кеңестік идеологияға қарсы емес, тек күмән келтірген бір сөзінің өзі басын жұтуға жарайтынын жақсы білген. Ал тұмсығы тасқа тимеген, кеңестік мектепте өсіп келе жатқан студент жастар батылырақ, олар әдеби сайысқа араласып, өздерінің ойын білдіріп отырады. Бұл кезде дүниетанымы кеңіген, әдеби процестерге белсене араласып жүрген Әкімқожаға пікірлес жолдастары осы жиында сөйлеу керектігін айтады. Абайды әбден қаралаған бір әпербақан мінберден түскенде Әкімқожа да сөз сұрайды. Өзінің сөзін сол кездегі идеологияға сүйеніп бастаған ол. Біз бәрін де ұлы орыс халқынан үйренуіміз керек, олар өздерінің ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовты дворян деп, ұлы жазушысы Толстойды граф деп қатардан шығарып тастаған жоқ қой. Барлық өнер, білім, адамның мәдениетін, санасын өсіретін ұлағатты сөздер, озық тәрбие көбінесе әлді, қарымды адамдардың арасынан шықты емес пе? Сондықтан байлардың арасынан шыққан өнерлі адамдарымызды жоққа шығарсақ ұлтымыздың озық ойына балта шаппаймыз ба? Абай Гималай ғой, ал Гима­лайды құлатуға бола ма? – дегенде жаңа ғана бұғып отырған залдың іші ду сер­пі­ліп, алақандарын қызарғанша соққан екен... 

Міне, осының өзі үлкен ерлік, ол заманда бұлай айтуға екінің бірінің жүре­гі дауаламаған. Ал Әкімқожа Сады­ров өзінің қайсарлығымен, қайтпас табандылығымен және озық ойлы санасымен даналығын тереңнен таныған ұлы Абайды басын бәйгеге тігіп қорғап қалған. Бұл оқиға туралы кезінде Әкім ағаның өзінің айтып бергенінен Жамалбек Жақсылықов де­ген шәкірті «Мұқағали» журналына жа­риялаған. («Мұқағали» журналы., «Әуе­зовке араша түскен»., №11, 2011 жыл, 10-12 бб). 

Осы сөздерден кейін Мұхтар Әуезов те шәкіртіне барынша жылы қарап, оның әрбір қадамын қолдап жүреді. «Абай жолы» эпопеясының бірінші томы алғаш, 1942 жылы «Абай» атымен шыққанда ұлы Әуезов шәкіртіне: «Әкімқожа! Ойланып оқып, тереңірек сынап, көмекші боларсың деген тілекпен сыйлаймын. Достық көңілден М.Әуезов. 1 август, 1942 жыл» деген өзімсінген қолтаңбамен берген екен. 

Ұлы тұлғаның соншалық иіп, үміт артуының өзінен Әкімқожа Садыровтың осал адам болмағанын көруге болады. Бұл туралы белгілі жазушы Жақ­ау Дәуренбеков те «Қолтаңба» атты мақа­ласында жазды («Лениншіл жас», 15.01.1980 жыл). Ал филология ғы­лымда­рының докторы, академик Телқожа Жанұзақ 1962 жылы ҒА Тіл білімі институтында қызмет етіп жүргенде Абайдың ақындығы, шыққан ортасы, поэзиясы мен қара сөздерінің мән-мағынасын жете талдаған материалдардың қатарында Әкімқожа Садыровтың «Абай – Гималай» деген мақаласы да болғанын, осы оқиғаны содан білгенін жазады. Сонымен бірге ол өзіне 1939-1941 оқу жылдарында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазының осынау ерлігі мен даналықты тез таныған тереңдігіне тәнті болғанын айтады («Абай – Гималай»., «ҚӘ»., №20., 17.05.2013 жыл). 

«Жақсыменен жанас, жаманнан адас» деген ғой, студент Әкімқожа ұлы жа­зу­шының үйіне жиі барып, Ва­лен­тина Николаевнаның қолынан талай рет дәм татқанын кейін өзі жазған естелігінде айтады. Бірде студенттерді ұйымдастырып, Мұхаң бастаған ұстаздарымен бірге суретке түскендері де бар. Ол сурет қа­зір халқымыз үшін баға жетпес жәді­герлердің бірі болып, жазушының музей-үйіндегі көрнекті жерде ілулі тұр. Оны Мұхаңа апарып беру құрметіне де Әкімқожа ие болған екен. Ал өзі 1938 жылы асқазаннан ауырып, ас ішуден мүлде қалғанда қымыздан басқа тамақ жүрмейтін болған соң туған жеріне кетпекші болғанда шығарып салған бір топ ұстаздарының арасында үлкен басымен Мұхтар Әуезов те болыпты... 

Әңгімеміздің негізгі сарынына ора­лайық. Сөйтіп әдебиетке белсене атсалысып, әдеби ортаға батыл еніп, тіпті ұлы жазушының өзінің көзіне түсіп келе жатқан Әкімқожа Садыров 1939 жылы ҚазПИ-ді бітіргенде ен Алматыдан орын таба алмай, Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына қатардағы мұғалім етіп жіберіледі. Бұған Абай мен Мұхтар Әуезовты қолдағаны үшін жазушының жаулары «атсалысқан» болуы керек. Әйтпесе әдеби ортаға етене араласа бастаған, қаламы да жүйрік жоғары білімді жасқа ол кезде Алматыдан орын табылса керек еді... Егер әдеби ортада қалса Ә.Садыров өзімен бірге оқыған Мәлік Ғабдуллин, Дүйсенбек Еркінбеков, Абдол­ла Жұмағалиев, Әлішер Тоқмағам­бетов, Қапан Сатыбалдин, Әли Есма­ғамбетов, Қалижан Бекхожин, Сағын­ғали Сейітов және тағы басқа жолдас-жоралары сияқты не танымал жазушы немесе әдебиетші ғалым болары сөзсіз-тұғын. 

Бірақ Әкім аға жасымапты, ұстаздық қызметке көз жұмып кірісіп, барлық ынта-зейінін шәкірт дайындауға салады. Қызметті Кеген ауданында бастаған ол кейін Нарынқол ауданының бірнеше ауы­лының мектептеріне ауысып, ұстаз­дық етеді. Қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосып, өзіндік айшықты қолтаң­баларын қалдырған Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Әлнұр Мейірбеков сияқты ақын-жазу­шылармен қатар ғалым Телқожа Жанұзақ және тағы басқа осы кісінің шәкірттері. Білікті ұстаз олардың табиғатынан берілген дән­ге нәр беріп, ерте көктеп, бәйтерекке ай­налуына зор үлес қосады. Шыншыл реализмнің шынарындай болған жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Біз де бала болғанбыз» кітабына: «Бір кездегі оқытушы-ұстазым, әдебиетке қызығуымды арттырған, зор себепші болған құрметті Әкімқожа ақса­қалға ескерткіш» деп, ал «Қайдасың Гау­һар?» атты кітабына «Құрметті әке! Сіз маған ұстаз болған ардақты адамсыз. Әдебиетке келуіме мұрындық та болды­ңыз» деп қолтаңба беруі осы сөзімізді тіріл­тіп тұр.

Әкімқожа Садыров әдебиетте ғана емес, азаматтық позициясын да бе­рі­к ұстанған, сенімді азамат. Ол ауыл­дағы әділетсіздіктерге, қолында билігі бар­лардың халықтың үстінен жонып жеуіне жан-тәнімен қарсы шығып, күресе білген. Алайда әділет іздеген адамға жемқорлар бірігіп қарсы шығып, жазықсыз қызметтен қудырған кездері де болған. Тіпті жоғары білімді мұғалімді «сауатсыз» деп жала жауып, қызметтен шығарып тастаған қысастықты да бастан кешеді. 50-жылдардың басында болған сол оқиғаға Мұхтар Әуезовтың өзі араласып, «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісін жіберіп, мәселені тексертуге мұрын­дық болады. Газеттің сол кездегі жас тілшісі Балғабек Қыдырбекұлының «Қыл­мыстыны көрсеткеннен...» деген фельетоны шығып («СҚ», 19.08.1952 жыл), соның дүмпуімен заң бұзушылықтар тексеріліп, жалақорлар әділетті жазасын алады, ал Әкімқожа Садыров қызметіне қайта орналастырылады. 

1941 жылы Әкім ағамыз Білдебекқызы Нұрғайша деген қызға үйленеді. Бұл Ұлы Отан соғысының жүріп жатқан кезі, оның алғашқы кезеңінде ауыл мұғалімдеріне бронь берілген ғой. Ал 1942 жылы мамыр айында ол соғысқа аттанады. 

Адамзат тарихындағы ең үлкен қыр­ғындардың бірі – Сталинград соғысы болса, Әкімқожа Садыров сол қырғынға қатысқан адам. Бұл шайқас Воронеж, Ростов, Волгоград облыстары мен Қалмақ Республикасының аумақтарында болған. Кеңес әскерлері 1942 жылдың 17 шілдесінен 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған осы айқаста 480 мың адамынан айырылған. Адамдар шыбындай қырылып, қансырап жатқан даланы, күл-талқан болған қаланы, зарлап қалған ананы, сорлап қалған баланы көр­ген Әкімқожа аға соғысты есіне алғысы келмейтін көрінеді. Оған қанды қыр­ғынды айтпақ түгіл көзге қайта елес­тетудің өзі қиын болған екен. 

Сол қырғында өзі де ауыр жараланған. Дәл жанынан жарылған снарядтан бір қол, бір аяғы мен бастан ауыр жарақат алып, елге оралады. Осыдан әрі әдебиеттен де қол үзіп, алғашқы жылдары ауыр жара­қат­тан емделеді. Туған жердің шипалы ауасы жас жігіттің жанына дәру болып,­ басын көтеріп жүруге жарайды. Содан Кеген, Нарынқол аудандарының мек­теп­терінде өзінің мамандығы бойынша сабақ береді. Мектеп директоры сияқты ұсынылған қызметтерден бас тартып, Қақпақ ауылының мектебінде он жылдай қыз­мет істейді. Бұл уақытта Әкімқожа аға­ның бірнеше баласы өмірге келген. Мұға­лім­дердің табысы қай кезде де жарытымды болмаған, шиеттей баланы жеткізу, тең­ құрбыларынан кем қылмау се­кіл­ді тірші­ліктің талаптары Әкім ағаға ой түсі­ріп, 1962 жылы ол өзінің туған ауылы «Қы­зыл шекараға» ауысып, осындағы бас­тауыш мектептің төрт сыныбын жалғыз оқытады. 

Негізінен қазақтар ғана тұратын шеткергі аймақтардағы ауылдарға өкі­мет мән бермей, олардың дамуына қаражат бөлуді қажет деп санамағаны белгілі. Әкімқожа ағаның «Қызыл шекара» ауылы да соның бірі еді. Салғырт өкіметтің сарамас қылықтарын айламен, саяси ептілікпен бұзудың жолын тапқан Әкімқожа аға бұл ауылдың шекараның маңы екенін, КСРО-дағы социализмнің жетістігінің алға кеткенін тауға шығып мойнын созса көретін Қытай тұрғындарына мақтан ету үшін жақсы үйлер, зәулім мектеп тұрғызу керектігін коммунист ретінде оңаша да, газетке де жариялап айтып, шабан қимылдайтын шардақ өкіметті саясаттың сойылымен қамшылайды. Саясат араласқан жерде Кеңестің керенау өкіметі жүрдек болып кетеді емес пе, ақыры Әкімқожа ағаның ауылына зәулім мектеп, жақсы үйлер, тамаша клуб пен монша тұрғызып береді. Таза ауыз суды 70 метрлік тереңдіктен шығарып беретін су тартқыш та орнатылады. Сөйтіп ебін тапқан есті қимылдың арқасында ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарады... 

Әдебиеттен тікелей қол үзіп кетке­німен Ә.Садыров ірі әдебиетші ғалымдар, ақын-жазушылармен байланысын үзбей, олардың көбімен аралас-құралас жүрген. Мысалы, академик Мұхамеджан Қаратаев, ақын Әбділда Тәжібаев, жазушы Сағынғали Сейітов, ғалым Рахманқұл Бердібаев, өзінің талантты шәкірттері мен жерлестері Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев, Еркін Ібітанов, Тұрсынжан Шапай және т.б. үнемі байланыста болған. Тағдырдың жазуымен Қытай асып кеткен жерлес ақын Көдек Байшығановтың шығармашылығын зерттеп, ол туралы бай деректерді ҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар бөліміне өз қолымен тапсырады. Соның негізінде кейін, Кеңес өкіметі құлаған соң Көдек ақынның жинағы жарық көрген.

Әкімқожа ақсақалдың барлық баласы да жақсы білім алып, өмірден өз орындарын тапқан білікті адамдар. Қазір немере-шөберелері де аталарының есімін мақтан тұтып, оның атына кір келтірмеуді ойлап, жақсының ісін жалғастыруда. Ақсақалдың өзі 1988 жылы 76 жасында өмірлік серігі Нұрғайша анамыздан бір айдан соң өмірден көшкен. 

Қызық тағдырлы, қиыннан қисынмен жол таба білген әрі қайсар, әрі табанды, әрі епті жанның өмір жолы осындай. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан» 
 

Суреттерде: Мұхтар Әуезов бас­­таған мұға­лім­дер ҚазПИ-дің тү­лек­­­­те­рі­нің ортасында. (1939 жыл. Ә.Са­­ды­ров – ең соңғы қатарда солдан бірін­ші тұр);

Әкімқожа мен Берік Сады­ровтар. (1975 жыл, Алматы).

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

17.10.2018

Ауаны жаппай ластау көрінісі

17.10.2018

Эфиопиядағы үлкен өзгеріс

17.10.2018

Индонезиялық аралдың басынан бұлт арылмады

17.10.2018

Ош форумы

17.10.2018

Меңдешев білім алған мектеп 150 жылдығын атап өтті

17.10.2018

«Педагог мәртебесі туралы» заң қандай болуы керек?

17.10.2018

Urpaq azsa – ultqa qater

17.10.2018

Ішкі жалпы өнім өсімі – 4,1%

17.10.2018

Өңірдің дамуына оң баға берілді

17.10.2018

Қазақстан-Финляндия қатынастарының жаңа кезеңі басталды

17.10.2018

Ресми бөлім(17.10.2018)

16.10.2018

Станимир Стоилов: Бір ойынды жеңдік деп желпінбейміз

16.10.2018

Кольдо Альварес: Қазақстан бізден бір бас жоғары екен

16.10.2018

Машина жасау саласында меморандумға қол қойылды

16.10.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Финляндия Республикасына келді

16.10.2018

Қарағандылық оқушылар халықаралық чемпионатта жеңіске жетті

16.10.2018

С.Стоилов: Қазақстанда ұлттық құрамаға лайық шабуылшы жоқ (видео)

16.10.2018

Маңызды қадамдар атап көрсетілді

16.10.2018

Семейде «Екі жұлдыз» байқауы өтті

16.10.2018

Тарбағатайда 4 мың басқа арналған бордақылау алаңы ашылады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Izgilikke shaqyrý iriliktiń belgisi

Bıylǵy 10-11 qazan kúnderi Astanada ótken Álemdik jáne dástúrli dinder kóshbasshylarynyń dástúrli siezi óziniń halyqaralyq aýqymdaǵy asa mańyzdy únqatysý alańy ekenin taǵy bir ret dáleldedi.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Jer emgender oza ma, toza ma?

Jalpy, bizdiń halyqtyń arman-maqsatynyń bir ushyǵy qashan da jermen baılanysty sıaqty. Jerdi keńeıtý, jerdi qorǵaý, jerdi óńdeý, jerdi qurmetteý... Mentalıtetimiz jerge jaqyn. Bul basqa halyqtarda olaı emes degen sózimiz emes, biraq bizdiń halyq úshin tym erekshe sıaqty. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Qatygezdik vırýsy

О́tken ǵasyrdyń 80-jyldary rejısser R.Bykovtyń «Chýchelo» atty fılmi Odaq kólemindegi búkil eldi shýlatqan bolatyn. Kishkentaı ǵana 6 oqıtyn balalardyń boıynan sonshalyqty qatygezdikti kórgen qazaq qaýymy, bálesinen aýlaq, qalada ósken ózge ulttyń qatybastary ábden buzylyp ba­rady eken, bizdiń balalarymyzdan, keleshegimizden aýlaq dep shoshyǵan. Ol kezde mundaı zulymdyq qazaq balasynda kezdespeıtin jat qylyq sanalatyn. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу