Тарих • 19 Қыркүйек, 2018

Тарихи атаулармен түрленеді

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тарихи атаулармен түрленеді

Бас жоспары жасалып жатқан Түркістан қаласы қай бағытта дамиды? Бір анығы – қаланың өзегі ұлттық рухани құндылықтар, оның ішінде тарихы, тілі мен дәстүрі болып айқындалған. Қаланың ертеңгі тіршілігін айқын­дайтын жобаларды бекітуге ұсыну­шылардың мәлімдеуінше, Түр­кістан түрленіп тарихын жаңғыртады, мемлекеттік тілді төрге оздырып, дәстүрді дәріп­тейді. Көшелер мен алаңдар өткенге сәуле түсіретін әуезді атауларды иеленіп, көше, ғимарат атаулары латын графикасындағы қазақ тілінде сөйлейтін болады. 

Олай деуімізге қолдау тапқан «Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» және «Түркістан облысы Түркістан қаласының атауы жоқ көшелеріне атау беру туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы да себеп болып отыр. Осы шешімге сәйкес, Түркістан қаласындағы «32-Разъезд» елді мекені Қарсақты болып өзгер­тілсе, «30-Разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталады. Сонымен қатар Түркістан қала­сындағы аты жоқ 330 көшеге атаулар беріледі. Осыған сәйкес облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе және өзге де көшелер пайда болады. Тағы бір белгілісі Түркістанды білімге құштар жастардың қаласына айналдыру көзделген. Бұл орайда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің жанынан әлемнің озық тілдерін үйрететін орталық құру жолдары қарастырылмақ.

Жаңадан бой көтеретін нысандар да аса биік болмай, шығыстық қалыпта салынбақ. Ал енді құрылыс компаниялары мұндай талаптарды орындай ала ма, ол екінші мәселедегі әңгіме. Жуырда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Хайвилл Қазақстан» компаниясының бас директоры Джон Дэ Кангты қабылдаған болатын. Әрине әңгіме Түркістан қаласын дамыту мен екіжақты әріптестікті күшейту төңірегінде өрбіген. Кореялық құрылысшыға Түркістан қала­сын дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бақы­лауында тұрғанын ескерткен облыс әкімі қазірдің өзінде ғимараттар салуға көптеген компаниялар қызығушылық танытып отырғанын да құлаққағыс етті. Бірге жұмыс істеуге шақырды. Келіссөз сәтті аяқталса, жер беріліп, инфрақұрылым тартыла­тынын да, заман талабына сай нысандарды салуға мүм­кіндіктері бар екенін де білдірді. Ал «Хайвилл Қазақстан» компа­ниясының бас директоры Джон Дэ Канг Түркістан қаласында түрлі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер салуға ниетті екенін жеткізді. 

Облыс орталығын дамыту, бірінші кезекте қажетті нысандар құрылысын қарқынды жүргізу бүгінде күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Дегенмен облыс әкімдігі өңірге инвестиция тартуды да назардан тыс қалдырған емес. Жуырда Түркістан облысының делегациясы Анкарада өткен Қазақстан-Түркия бизнес-форумында Түркияның ірі хол­дингтері мен компаниялары басшыларымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Түркия­ның «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуға ниет білдіріпті. Жобаны жүзеге асыру барысында жылыжай аумағында тоңазытқыш әрі көкөніс қоймасы салынып, 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Ал түркиялық «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» атты компаниясы келесі жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастамақ. Тартылатын инвестиция көлемі – 5 млн АҚШ доллары. Форум барысында «Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты ірі компаниялар 50 МВт қуаты бар күн электр стансаларын салуға дайын екендерін білдірген. Жобаның жалпы құны 120 млн АҚШ долларын құрамақ. Осындай нәтижелі келіссөздер қорытындысы бойын­ша Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция көле­мі 625 млн АҚШ долларын құрай­тын 4 меморандум түзілген. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы