Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Тоғыз тонна есірткі тәркіленді

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында орналасқан Халықаралық штаб бірнеше елдің құқық қорғау органдарының өзара бірлескен әрекеттерін үйлестіру арқылы ауқымды операцияны жүзеге асырды. Атап айтсақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттерінің есірткіге қарсы күрес бөлімшелері, сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Қытай Халық Республикасының қатысуымен халықаралық «Канал – Красный бархан» есірткіге қарсы операция өз мәресіне жетті.  

Тоғыз тонна есірткі тәркіленді

Еуропалық одақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Қылмыстық кіріс­тер­ді және терроризмді қаржы­ландыруды заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі Өңірлік басқар­­масы, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы сынды (ОАӨАҮО) халықаралық ұйымдардың қызметкерлері бақылаушы міндетін атқарған операцияға 22 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқан.

Апиын контрабандасы арналарының жолын кесу, трансұлттық есірткі топтарының қызметіне, есірткі кірістерін заңдастыруға тосқауыл қою, заңсыз айналымдағы қару-жарақтар, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды тәркілеу негізгі міндеттері болып табылатын «Канал – Красный бархан» операциясы барысында Қызылорда және Жамбыл облыстарында қарасораны заңсыз өсіру мен дайындауға қарсы күрес шаралары қатар жүргізілді. Ішкі істер министрлігінің мәлі­меті бойынша, операция барысында брондалған 4 «Тигр» автокөлігі, «Багги» сыныбына жататын 6 бірлік, жүріп өту мүмкіндігі жоғары 15-тен астам автокөлік, МИ-171Е тікұшағы қолданылған.

Ауқымды іс-шаралар нәтижесінде қатысушы мемлекеттер аумағында заңсыз айналымнан 9 тонна есірткі, оның ішінде 5 тонна апиын, 38 кг героин, 2 тонна синтетикалық есірткілер, 800 кг гашиш және 830 кг марихуана, сонымен қа­тар 115 бірлік қару-жарақ, 2,5 мыңға таяу оқ-дәрілер, 127 мың АҚШ доллары көлемінде бағалы мате­риалдық және басқа да заттар тәр­кі­ленген. Бұдан бөлек 719 есірткі қыл­мысы ашылып, 7 мыңға таяу қыл­мыстық іс қоз­ғалды. Заң­сыз әрекеттері үшін 500 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылған. 

Сондай-ақ министрліктің хабарлауынша, арнайы операция шеңберінде ІІМ «Дельта-Долина» бөлімшесінің аума­ғында Қазақстан және Қырғыз­стан ІІМ кинологиялық қызмет­терінің бірлескен жаттығулары, қыз­мет­тік-іздестіру иттерінің көр­некі өнер көрсетулері өткізіл­ген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент