Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Таразда Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

837 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Агенттік Төрағасы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Жамбыл облыстық филиалының ашылу рәсіміне қатысты.

Таразда Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

Сонымен қатар, филиалдың ашылу салтанатында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова және Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық департаменттерінің басшылары да болды. Алик Шпекбаев өз сөзінде Мемлекеттік басқару академиясының өңірлердегі филиалдарының ашылуы еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің дамуына айтарлықтай үлес қосатынын айтып өтті.

Тараз қаласында орналасқан Академия филиалы елімізде мемлекеттік қызметкерлерді оқытудың бірыңғай жүйесін құру шеңберінде ашылған болатын. Сонымен қатар, аталмыш филиал өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға арналған. Орта есеппен алғанда, филиал базасында облыстағы мемлекеттік органдардың екі мыңға жуық қызметкері қайта даярланып, біліктілігін арттыра алады. Академия филиалы мемлекеттік басқарудағы жобалық басқаруды қолдану бойынша да консультациялық қызметтер көрсетеді. Бұл мақсатта қажетті инфрақұрылым мен педагогикалық әлеует қарастырылған.

Бұдан кейін Агенттік Төрағасының Жамбыл облысына іссапары Тараз қаласындағы бірқатар нысандарда жалғасады.    

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы