Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2018

Атырауда халықты емханаларға тіркеу науқаны басталды

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықты емханаларға тіркеу науқан 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. Бұл туралы бүгін ӨКҚ өткен баспасөз жиынында Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «ӘМСҚ» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының басшылары баяндады.

Атырауда халықты емханаларға тіркеу науқаны басталды

2018 жылдың 15 қыркүйегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалы жыл сайынғы халықты емханаларға тіркеу науқанын бастады.

Облыс бойынша 624 мың адам емханаларда тіркеуде тұр. Өткен жылғы тіркеу нәтижесінде 1725 адам ішкі тіркеуге тұрса, басқа өңірлерден келген 579 адам емханаларға тіркелді.  Қазіргі таңда халыққа ыңғайлы жағдай жасалған. Әр азамат өз еркі бойынша емхана таңдау құқығына ие. Аталған тіркеу науқанында емханада тіркелмеген тұрғындар тіркеуге тұрып, жұмыс орны,тұрғылықты жері немесе оқу орнын  ауыстырған азаматтар емхананы ауыстыра алады.  Тұрғылықты мекен-жайына жақын орналасқан емханаға тіркелу тұрғындар үшін де, дәрігерлер үшін де қолайлы болады. Тұрғындардан науқанға белсенді қатысуларын сұраймыз,- дейді филиал директоры Байтолла Ғазизов.

Облыста қосымша участкелік емханалар саны артқан. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиеваның айтуынша, жаңа участкелердің ашылуы өте тиімді.

Заң бойынша бір тәжірибелі дәрігер есебінде тұратын халық саны 1700-ден аспауы керек. Өткен жылы облыс бойынша бір тәжірибелі дәрігерге 2560 адамнан келсе, бүгінге дейін жаңа бөлімшелер ашылып, тіркелген адам санын 2200-ге түсірдік. Жыл соңына дейін тағы 35 дәрігерлік бөлімшені ашуды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 1 дәрігерге 1850 адамнан тіркелетін болады,- дейді басқарма басшысы. 

Емханаға тіркеудің үш түрлі жолы бар:
- таңдап алған емханаға тікелей бару,
- электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде,
- Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Connection point бөлімі арқылы.

Емханаларға тіркелу үшін тұрғындар жеке төл құжаты мен емхананың бас дәрігері атына өтінішін тапсырады. Ал, өзі таңдаған емханаға ауысқысы келетіндер үшін жеке куәлік жеткілікті. Басқа қалалардан немесе мемлекеттен келгендер үшін бұрынғы тіркеу орнынан  анықтама талап етіледі.