Өнер • 19 Қыркүйек, 2018

Оралда Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойы аясында республикалық конференция өтті

647 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында әйгілі күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатқан мерейтойы аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оралда Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойы аясында республикалық конференция өтті

Айта кету керек, биыл Батыс Қазақстан облысында күй атасы Құрманғазының есімін ұлықтау мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырылды. Сәуір айында «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың жетекшілігімен халықаралық ғылыми экспедиция жолға шықты. Құрамында өнерпаздар, өлкетанушылар, тарихшылар, өнер зерттеушілері бар топ Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандары аумағымен жүріп өтіп, күй атасы жерленген Астрахан облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылына көлікпен жетті. Сапар барысында Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйші, күйші дүниеге келген Жиделі құмы, өскен жері – Көктерек ауылы, композитордың өмірі мен өнеріне қатысты тарихи орындар қамтылып, арнайы шаралар ұйымдастырылды.

Орал қаласында 2016 жылы Құрманғазы мен Динаға қойылған ескерткіш жаңа орынға – облыс орталығының бас даңғылына қайта орнатылды.

Енді міне, күллі әлем талантын мойындап, ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп жатқан Құрманғазы жылы Оралда республикалық ғылыми конференциямен қорытындыланды. Мерейлі датаға орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы «Қазақ тілі» баспасынан «Күй-құдірет. Құрманғазы Сағырбаев» атты жинақ та жарияланыпты.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», - деп атап өтті. Нарын құмында дүниеге келіп, қара шанақтан төгілткен күйімен туған халқын ұйытып, домбыра мен қазақтың егіз ұғым екенін дәлелдей білген Құрманғазы бабамыз – музыка әлеміндегі сөзсіз ұлы тұлға, - деді республикалық ғылыми жиынды кіріспе сөзімен ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда «көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басына сүйесін, қолтығына демесін болып, дүние тұрғанша тұратын» Құрманғазы күйшіні ұлықтаған жиынға Алматы қаласынан белгілі күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, Құрманғазы атывндағы қазақ ұлттық консерваториясы халық музыкасы бөлімінің деканы, өнертану кандидаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Кәрима Сахарбаева сынды айтулы ғалымдар арнайы келіпті.

- Туған жерге әр келген сайын өнер, әдебиет, мәдениетке жасалып жатқан қамқорлықты көріп, елдің қуанышты жүзін көріп ерекше әсер алып қайтамын. Осы жолы да бабамыздың үлкен тойына келдік. Халық берген «Күй атасы – Құрманғазы» деген атақ оның қазақ күй өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін көрсетеді. Күйшінің музыкалық мұрасы өте бай. Құрманғазының өмірбаянын өз күйлерімен нақтылауға болады. Оның домбыра өнеріне енгізген көптеген жаңалығын күйлердің мазмұнынан, әуен мен композициялық құрылымынан, орындау тәсілдерінен аңғаруға болады. Құрманғазының әлемдік тұлға екенін бір мысалдан айта кетейін: Осыдан 3-4 жыл бұрын Құрманғазы оркестрі Америкаға барды. Сонда оркестр өнерін тамашалап шыққан бір конгресмен басын шайқап тұрып: «Құрманғазы оркестрін тыңдап, қазақ күйлерін тыңдап бейістің самал желі соққандай күй кештім» деген. Ұлы күйші қалыптастырған мектептен Мәмен, Көпбала, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов сынды күйшілер шоғыры өсіп шықты. Келешекте этномузыкатанушылар мен зерттеушілер алдында әлі жұмыс көп. Құрманғазының өзіндік өнері, өмірі мен шығармашылығының ерекшеліктері, айырықша стилі ашып көрсетілетін монографиялар керек, - деді Айтжан Тоқтаған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен биылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісінің Ұлттық домбыра бүкілхалықтық мейрам күні болып бекітілуі –ұлттық аспабымыздың дәрежесін зау биікке көтерді. Алтай Көлгінов айтқандай, «Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық». Бұл жоғарыда аталған күй өнерінің жарық жұлдыздары дүниеге келген Ақ Жайық өңірінде, мектептегі үзіліс қоңырауын жаппай күймен алмастырған Батыс Қазақстан облысында айырықша байқалады.

Ұлы күйші Құрманғазының Орал қаласындағы мерейлі тойы бүгін кешке Тұңғыш Президент алаңында «Нағыз қазақ – домббыра!» атты республикалық акциямен қорытындыланбақ. Ашық аспан астындағы акцияға 2 мыңдай домбырашы қатысады деп күтілуде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар