Әлем • 20 Қыркүйек, 2018

Ортақ мүддеге ұмтылыс

678 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Пхеньян қаласында Сеул уақытымен таңертеңгі сағат 11-ден 20 минут кеткенде қос Корея арасында тарихи маңызды құжаттарға қол қойылды. Алғашқы болып екі елдің басшылары Мун Чже Ин мен Ким Чен Ын Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы әскери сала бойынша келісімге қол қою рәсімін бастады. Одан кейін олардың қатысуымен екі елдің қорғаныс министрлері мемлекет арасындағы маңызды әскери құжатқа қол қойды.

 

Ортақ мүддеге ұмтылыс

Оңтүстік Корея қорғаныс министрі Сон Ён Му және Солтүстік Корея халықтық әскери күшінің министрі Но Гуан Чоль құжатқа қол қойып, қол қой­ған парағын ашып көрсетті. Құжат­қа «Пхеньян біріккен декларация­­сы келісімін қабылдау» деген ресми ат берілді. Аталған құжатты қос елдің үкіметі «Қос Корея саммиті, қыркүйек айындағы Пхеньян декларациясын қабылдау» деген атпен жариялады.

11-ден 40 минут кеткенде екі елдің басшылары тілшілердің алдында ресми сөз сөйлеп, маңызды саяси мәлімдеме жасады. Саммиттің нәтижесі бойынша ең маңыздысы, бірінші – Түбекті ядролық қарудан арылтудың жолдарын қарастыру мәселесі алғаш рет Солтүстік Корея лидерінің аузымен ресми түр­де айтылды. Бұл бағытта «Қос Корея толықтай ядролық қарудан арылуды жылжыту үшін тығыз ынтымақтастық орнатады». Екінші – әскери құжатты негізге ала отырып, «Әскери бағыттағы жаулық қарым-қатынасты тоқтату» деген ниеттерін қағазға түсіріп, әске­ри текетіресті жұмсартуға келісті. Үшін­ші – «Осы жылы Солтүстік Корея басшы­сы­ның Оңтүстік Кореяға алғаш рет мем­лекеттік сапары ұйымдастырылады». Төртінші – Ядролық полигонның бірі «Тончанри сынақ алаңын мүлдем жабу­ға» уағдаласты. Бесінші – туыстас ел бірігіп, халықаралық деңгейде «2030 жылы Қос Корея жазғы Олимпиаданы атап өту үшін жұмыстар атқаратынын» мәлім етті. Алтыншы – «Кымгансан тұрақты кездесу орны ашылады». Оның ашылуы солтүстік тарапына тиім­ді туристік саланы дамытып қана қой­майды, бір-бірінен көз жазып қалған отбасыларды жиі кездестіруге мүмкін­дік туып және қарым-қатынасқа жаңа сер­пін береді. Жетінші – екі елдің арасында қосылмай жатқан байланыс­ты жандандырып тірілту үшін «Бір жылдың ішінде темір жол,·тас жолды қосу құрылысын бастау ресми шарасын өткізуді» қолға алады. Сегізінші – «Наурыздың бірінші күні атап өтетін Тәуелсіздік қозғалысының 100 жылдық мерейтойын бірге атап өту шарасы­на қатысты дайындық жұмыстарын бір­ге бастауға» ниеттерін білдірді. Тоғы­зын­шы – «Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасында түрлі сала бойынша өзара алмасу мен ынтымақтастықты кеңейту ісін және түрлі байланысты белсенді жүргізеді». Оныншы – 1950-1953 жылдары Корей соғысы кезінде «Бөлініп қалған отбасылар мәселесін шешуді жүзеге асырады. Он бірінші – «Корей түбегін ядролық қару және ядролық қауіп жоқ бейбіт жер жасауға» келіскендігі айтылды. 

Көріп отырғандарыңыздай, бұл ке­ліс­сөз бен саммиттің қол жеткізген нәти­жесі ауыз толтырып айтарлықтай және мәні мен мағынасы зор. Міне, осылай ха­лық­аралық қоғамдастық пен әлем жұрт­шылығы алдында қос Кореяның беделі өсіп, Пхеньянда болған 3-ші саммит­тің 2-ші отырысында көзделген маңыз­ды мәселелер толығымен талқыла­нып, қос тарап та қанағаттанарлық жауап алып, діттеген мақсаттарына жетті. Дегенмен Мун Чже Ин бір сөзінде әзірге түбекті толықтай ядролық қарудан арылту жөнінде уағдаластыққа қол жет­кізілмегенін және оның себебін, бұл бағытта алғашқы қадамдардың жасал­ғандығын атап өтті. Бастысы Сол­түстік Кореяның сөзінде тұрып, іске көш­кендігін және Ядролық қарусыз түбекті жасауға келіскендігін қадап айтты. Бұл екі елдің арасында бұған дейін бол­ған келіссөздерден бөлек сипатқа ие. Өйт­кені онда ядролық қарудан арылуға деген ниет пен іс-әрекеттің орындалуын іс жүзінде көрсететіндігі жазылды.

Саммит барысында екі елдің басшылары айтқан сөздері мынадай. Бірінші сөз алған Солтүстік Кореяның басшысы «Ядролық қарусыз түбек жасау үшін тырысамын» деп ресми түрде мәлімдеме жасады. Оның аузынан мұндай сөздің шығуы екі елдің саяси бағытында үлкен өзгеріс туа бастағанын аңғартады. Бұл Корей түбегіне бейбітшілік орнай бас­тады деген сөз. Келесі болып сөз алған Мун Чже Ин мырза «Соғыссыз түбек басталды» деп жариялады. Және бүгінгі күнді ерекше күн деп атап өтті. Өзінің қуанышты көңіл-күйін де жеткізді. Сонымен қатар АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасындағы байланысты жетілдіру жағы сөз болды. 

Бұл саммитте ядролық қарудан арылу­ға Солтүстік Кореяның ресми түрде ниет танытқанын әлемдік дип­ло­маттар мен саясаткерлер жақсы қабыл­дады. Бұл қадам АҚШ билігіне Сол­түс­тік Корея үкіметінің жасаған дип­ло­ма­тиялық қадамы деп бағаланды. Солтүстік Корея өзінің уәдесінде тұрды. «Ал енді Америка өзінің уәдесінде тұра ма?» деген сұраққа жауап ашық түрде қалды. Бұл дипломатияны «Қадам­ға қадам дипломатиясы» деп атады. Сол­түстік Кореяның жасаған қадамына АҚШ та бір қадам жасап, бір-біріне берген уәдесін орындау қажет. Сонда ғана Корей түбегінде бейбітшілік орнап, әр ел түбектің мәңгілік тыныштығына сүбелі үлестерін қоса алады. 

Өз кезегінде президент Мун Чже Ин Сол­түстік Корея лидері Ким Чен Ынды арнайы шақырды. Ким Чен Ын оның шақыр­туын қабыл алғандығын және жақын арада Сеулге баратындығын мәлім­­деді. Әлем жұртшылығына жас көсем­­нің Оңтүстік Кореяға алдағы уақыт­қа жос­­пар­ланған сапары тосын жаңалық болды. Ким Чен Ынның Оңтүстік Корея еліне мемлекеттік сапары – тағы бір тарихи жаңа парақты ашады. Ол осы жыл­дың ішінде жүзеге аспақ. Одан басқа Сол­түс­тік Корея басшысы Оңтүстік Корея елі тарапынан осы саммитке белсенді қа­тыс­қан барлық адамдарға алғысын жет­кізді. Сөз соңында екі елдің басшылары саммитке жетістік тілеп отырған екі ел халқына және шетелдегі барлық корей жұртшылығына алғыстарын жеткізді. 

Қос Кореяның саммитінің нәтижесіне АҚШ билігі оң баға берді. Дональд Трамп Тончанридегі зымыран сынақ алаңын жабуға байланысты хабарды жақсы қабылдағанын қуана жеткізді. Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео да «Ким төраға Сингапурда Трампқа берген уәдесінде толық тұрды» деп Ким Чен Ынның уәдеде тұра білетін қасиетін өте жоғары бағалап, екі елдің байланыстары жылдам қарқынмен әлі де дами түсетіндігіне сенім білдірді.

Саммиттің қорытындысына аз-кем сарап­тама жасайтын болсақ, бұл бас­қосу­дан үлкен дипломатияның бастал­ғандығын аңғарамыз. 

Солтүстік Кореяның мәлімдеме ар­қылы ең бірінші Қытай мен АҚШ ара­сын­дағы сауда соғысын сәтті пайдаланып, алпауыт көршінің ықпалынан шығыңқырап, АҚШ-пен достық қарым-қатынасты орнатып алуға Президент Трамптың мерзімі аяқталмай тұрып қол жеткізуге талпынып отырғандығы, екінші Мун Чже Иннің президенттік мерзімі кезінде Сеул мен Пхеньян арасындағы Корея дағдарысының мүлдем аяқталғандығын жақын арада жариялауға қадам жасай бастағандығы, үшінші Олимпиада секілді шараларды өткізіп Солтүстік Кореяның имиджін көтеруді көздеп отырғандығы, төртінші экономикасы мен ішкі қуатын түзейтін сауда байланыстарын барлық елмен жандандыруды қалайтындығы, бесінші Қытай, Жапония, Ресей секілді елдердің тарихи ықпалынан шығуды мұрат ететіндігі, алтыншы «Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты жетілдіруді көздейтіндігі және жетінші қос Кореяның бірігуін өздері бірінші болып бастайтындығы аңғарылады. Корей деген ұлт өз тарихын өз қолымен жасай алады деп жиі айтатын жас көсемнің сөздері – алысқа көз тастап отырған жас саясаткердің өз есебі ішінде екенін айғақтайды. Түбі ол Солтүстік Кореяның есігін әлем еліне ашуы мүмкін. Кім білсін, ол бұған дейінгі көсем­дер жа­самаған ұлы ерлікті жасап, көне Когурё деген елдің рухын тірілтіп, екі елді бірік­тіруге өз үлесін қосып, әлем күтпеген жаңа саясаттың басталуы ғажап емес. 

Дастан АҚАШ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін 

Оңтүстік Корея, 

Сеул қаласы