Өнер • 20 Қыркүйек, 2018

«Үйеңкінің түбінен үйіріп алған, қобызым»

1962 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тілеп Аспантайұлы атындағы ішекті-қыл аспаптарында орындаушылардың ІІ ха­лық­аралық байқауына 15 елден өнерпаз қатысты. Бас жүлде «Тұран» этно-фольклорлық ан­самблінің қобызшысы, ал­ма­тылық Мақсат Медеу­бектің еншісіне тиді.

«Үйеңкінің түбінен үйіріп алған, қобызым»

Тілеп Аспантайұлы – ХVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген композитор, күйші әрі қобызшы. Он үш жасында қобызбен жалындап күй тартқан. «Тілеп Қобыз» сара-йында елорданың 20 жылдық мерекесі құрметіне өткізілген ішекті-ысқышты, қобыз тектес аспаптарда орындау­шылар байқауына әйгілі қобызшы Тілеп Аспантайұлы есімінің берілуінде сондай үлкен тарихи мән бар. Тұл­ғаның туғанына биыл 260 жыл толып отыр. Соған орай «Тілеп» қайырымдылық қоры мен Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атын­дағы ха­лық­аралық қо­ғамдық-қайы­рымдылық қо­ры ұйымдастыруымен өткен байқауға 30-ға жуық өнер­паз қатысып, бақ сынады. Олардың өнеріне арысы Жапо­ниядан, берісі Алтай елінен танымал музыканттар келіп, баға берді. 

Мерекелі кештің айшықты сәті туралы ой қозғаған Гран-при иегері Мақсат САҒАТ­БЕКҰЛЫ бізбен әңгіме­сінде ха­лық саз аспаптары­ның ерекше қырлары туралы әңгімелеп берді.  

– Қобызшылар байқауы осымен биыл Қазақстанда екінші рет өткізіліп отырғаны белгілі. Бұл байқауды қолға алудағы басты мақсат не? 

 – Алғашқы сәттен бастап-ақ өнер бәйгесінің кең қолдау тауып ала жөнелгені қуантады. Бұған дәлел – былтыр додаға 30-дан астам елден өнерпаз қатысқан болатын. Сонау Солтүстік Аме­­рика мен Еуропаның, Азия мем­лекеттерінің басын бір идеяға топтастырып, бәй­ге­ге қосу де­геніңіз адам айтса нан­ғысыз үл­кен еңбек әрі әлем­дік дең­гей­дегі халықаралық сайыс­тар­дың өзінде өте сирек кезде­сетін құбылыс емес пе?

Тағы бір айта кететін жайт, мұндай ұлттық ірі жобаның қазақ елінде өткізілуі көңілге мақ­таныш сезімін ұялатады. Мақсат – қазақтың қара қобызын әлем жұртшылығына насихаттау, кәсіби биік деңгейге көтеру, сол арқылы халқымыздың музыкалық мұрасы мен мәдениетін, жан-дүниесі мен тарихын жан-жақты таныту. Өйткені қазақтың жанын түсіну үшін алдымен қобыз аспабы үніне құлақ түруге тура келеді. Халқымыздың арман-мұраты, қайғы-шері, мұң-зары, жанайқайы мен толғанысы қа­сиетті аспаптың қоңыр даусымен ғана айшықты бедерленеді, баяндалады. Мәселен, қобыз 2 мың жыл бұрын дүниеге келген деген дерек кім-кімге де ой салмай қой­майды. Алтайдың баурайынан VI ғасырдағы қобыз табылыпты. Ғажап қой! Қобыз өнеріне қолдау білдіріп, қамқорлық танытып жүрген меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының пре­зи­денті, қазылар алқасының төрағасы Сапар Ысқақов ағамыз Тілеп Аспантайұлының тікелей ұрпағы болып келеді. Міне, сол кісіден әлгі мұраның Ұлан-Батыр музейінде сақтаулы тұрғанын естіп-білген жайымыз бар. Егер оны VI ғасырда біздің ата-бабаларымыз тарта алған болса, демек тарихтың әлі бізге ашылмаған беймәлім қыр-сыры телегей теңіз деген сөз ғой, ал көкейдің көкжиегіне қондырған көгала үйрек-сеніміңіз соның жай бір азғантай бөлігі, мыңнан бір тамшысы ғана болып қалмақ. Қобыз тарихы 2 мың жылдан асып жығылып жатқанда, оның құдіретті шанағынан шіркін, небір шұғылалы, шұрайлы сұлу өрнек төгілмей тұра ма? 

– «Қобыз – скрипканың атасы» деген пікірді арагідік құлағымыз шалып қалып жатады. Осы қан­шалықты рас сөз?

 – Алтайдың Берелінен жауын­гер сүйегі табылды, оның бір жа­­ғына семсер, ал екінші жағына қобыз­дың қойылуы бекер болмаса ке­рек-ті. Қазақтың ер жүрек жауын­гер халық болғаны тарихта дәлел­денген, ал қобызды жанына әспет­теп жерлеуінде қандай сыр бар деген ой мені үнемі толғантады. Мұның өзі түбі түркінің оны жай дүние санамағанын, өмір сүру дағды­сы етене жақын болғандығын аңғартады... Өнер мерекесінде бебеулеген бір ішектен төрт ішекке дейінгі қобыз тектес неше алуан аспаптың үні құлағымнан кетпей қойды. Бәрінің түбі, тегі бір екені орындалу ерекшеліктерінен айқын аңғарылады. Мәселен, моринхур, гиджак, кеманча, ребаб, гудок, гадулка, т.с.с. жалғасып кете баратын көне музыкалық аспаптардың Астана аспаны астында тоғысып, өзгеше өрнекте сән түзеуі жан толқытады. Ұмыт бола бастаған байырғы құндылықтардың қайта бүршік жарып, ортаға оралуы кісіге ұмытылмас әсер сыйлайды.

– Биылғы байқау несімен ерекшеленді?

– Қобыз өнеріне қызығу­шы­лықтың барынша арта түске­ніне сүйсіндік. Мажар­станнан Бугларка есімді қыз байқауға қатысты. Көр­генде таңғалдым. Қобыз киелі аспап болмаса өзгелер осылай сүйе ме? Басқа бір халықтың көне музыкалық аспабында ойнауға осыншалықты құлай жығылу мүмкін бе, сірә? Сол тұрғыдан келгенде, мына байқау өзінің төл музыкасын менсінбей, халықтық туындыларды көзге ілмей жүргендерге үлгі етіп дәріптейтін тағылымды бір дәстүр екен деп ойладым. Орайы келген бір сәтте мән-жайды өзінен анықтап сұрадым. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі орындауындағы шығар­малардың бірін қалдырмай тыңдапты. Содан шыңыраудан шырқыраған қобыздың ғажайып дауысына сырттай құмар­т­қан ол мұны қалайда үйренуге бел буған. Сөйтіп өз бетімен оқи келе кәдуілгі шеберлердей емін-еркін көсіле тарта алатын жағдайға жеткен. Қазір толыққанды мең­геріп алған. Орындауы жа­тық. Оқытқан ұстазы виолончелист екен. Қобыздың қоңыр үнін жанындай жақсы көріп, ұнататыны сырттай байқаған кісіге білініп-ақ қалады.

– Алыс-жақын шетелдерден қанша адам өнер көрсетті? 

– Ресей, Мажарстан, Гер­мания, Болгария, Моңғолия, Қытай, Жапония, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Үндістан, Әзербайжан, Израиль, Иран, Сирия, бас-аяғы 15 елдің өрені бақ сынады. Ал­маты, Астана, Орал, Ақтау, Қы­зыл­орда қалаларынан алты орын­даушы қатыстық.

Бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленген Мәдина Шах­гельдиева (Әзербайжан), Тумэнбаяр Содном-Иш (Моңғолия), Маджид Карабаев, Ислом Абдулазизов (Өзбекстан) өне­ріне көпшілік тәнті болды. Ең бастысы, бір-бірімізден әлі де үйренетін жақтарымыз көп екен. Сол себепті бұл байқауға қаты­сушылардың саны келесіде мұнан да арта түсетіні еш күмән туғызбайды.

– Қобыз аспабын үйренгісі кел­етін шетелдік өнерпаздар көп пе?

– Франциядан, Ресейден, Қы­тайдан келіп менен сабақ алып жүрген шәкірттерім бар. Олар­дың саны жыл сайын артып келеді.

– Қазылар алқасы құра­мында танымал тұлғалардан тағы кімдер болды?

– Біздің өнерімізге Алтай Рес­публикасының еңбек сіңірген әртісі (Ресей) Болот Байрышев, Жа­­понияның кәсіби музыканты Та­кеши Такеучи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раушан Мұсақожаева, Адыгей Республикасының ең­бек сіңірген суретшісі, белгілі зерт­теуші Замудин Гучев сынды нағыз мамандар баға берді.

– Байқауда кімнің шығар­ма­ларын орындадың?

– Тілеп Аспантайұлының қазір­гі таңда қолымызда үш күйі бар. Бұлар: «Бақсы», «Аллам жар» және «Толғау». Соның шоқтығы биік саналатын, сирек орындалып жүрген туын­дысы – «Бақсыны» нарқо­быз­бен, ал екінші кезеңде Ықыластың «Аққуын» қылқобызбен орындадым. 

Қазақтың жанын түсіну үшін алдымен қобыз аспабы үніне құлақ түруге тура келеді. Халқымыздың арман-мұраты, қайғы-шері, мұң-зары, жанайқайы мен толғанысы қа­сиетті аспаптың қоңыр даусымен ғана айшықты бедерленеді, баяндалады. 

– Бұл екі аспаптың бір-бірі­нен қандай айырмашылығы бар?

– Нарқобыздың дауысы ке­йін­гісіне қарағанда әлденеше есе зор әрі жуан болып келеді. Сондықтан күйдің мазмұнын шұрай­лы бедерлеп, бояуын солғын тартқызбай, шынайы мәнерде жеткізу үшін әуелі ас­паптың үн ерекшелігіне айрықша мән бере білу үлкен рөл атқарады. 

– «Тұран» этно-фоль­клор­лық ансамблін көпшілік сүй­сініп тыңдайды. Мұндай та­быс­қа қол жеткізудің сыры неде деп ойлайсың?

– Ата-бабамыздан қалған алтын мұраны көз қарашығындай сақтап, байырғы төл дәстүрімізді жалғастырып, ұмыт бола бастаған ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен ер түріктің жауһар жыры мен гау­һар күйін жаңғырта алуымызда.

«Тұран» – қазақ халқының көне музыкалық аспаптарын дәстүрлі өнер туындыларымен заманауи ырғақта үйлестіріп, үндестіріп жүрген бірден-бір ұжым. Бүгінгі таңда 30-дан астам халық саз аспаптары бар десек, соның ішінде сыбызғы, са­з­сырнай, домбыра, жетіген, қыл­қобыз, шаңқобыз, шертер, шіңкілдек тәрізді алуан түрлі аспапта өнер көрсетіп жүрміз.

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»