Өнер • 20 Қыркүйек, 2018

Ақын Сараның 165 жылдығына арналған айтыс өтті

921 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Биыл ақын Сара Тастанбекқызының туылғанына 165 жыл толды. Айтыс өнерінің ақтаңгері атанған халықтың қадірлі қызына деген құрмет еш кеміген емес.

 

Ақын Сараның 165 жылдығына арналған айтыс өтті

Ақынның кіндік қаны тамған Ақсу өңірі Сараның тойын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атап өтуді бастады. Күні кеше Жансүгіров кентінде «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты республикалық айтыс өтті. Айтысқа Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаев, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сияқты суырып салма өнердің өкілдері келіп, Ақсу аспанын әуезді әуен, ұтымды ұйқасқа бөледі.

Сөз сайысының нәтижесінде бас жүлде дүлділ ақын Жандарбек Бұлғақовқа бұйырып, ол 1 500 000 теңге ақшалай сыйақыны қанжығасына байлады. Ал Сара Тоқтамысова бірінші, Балғынбек Имашев екінші, Сырым Әуезхан мен Мұрадым Мирланов үшінші жүлделі орындарды иеленді. Ақсу ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне Жетісудың жас ақыны Жалғас Садырұлы лайықты болды. Сондай-ақ, Айнұр Тұрсынбаева, Қуаныш Шармонов, Нұрислам Әбділ, Жарқынбек Наушабековтер де айтыстан құрауыз қайтпай, ынталандыру жүлделерін алып қайтты.

- Биыл айтыстың дара дүлділі Сара Тастанбекқызының 165 жылдығы облыс көлемінде аталып өтуде. Бүгінгі Жансүгіров кентінде өткен «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты республикалық айтыс соның бір көрінісі. Бұған дейін ақынның Мәскеуден табылған суреттері, жеке заттары елге әкелінген болатын. Ақын Сараға деген ел құрметі арта береді, - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев.

Айтпақшы, аудан орталығында өткен шарада «Біржан - Сара» операсынан театрландырылған үзінді қойылылып, басты рөлдерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер Сағат Жылкелдиев пен Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші Гүлмайдан Сүндетова сомдады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы