Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2018

Ұлттық ұлан командирлері біліктілігін шыңдады

654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Алматы облысының Жетіген елді мекенінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында Ұлттық ұландағы барлық әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті.

Ұлттық ұлан командирлері біліктілігін шыңдады

Үш күнге созылған оқу-әдісте­ме­лік жиын Ұлттық ұлан бас қол­бас­шысының арнайы бұйрығы негізінде осы жылды Ұлттық ұлан құра­мында «2018 жыл – кәсіби білік­тілік жылы» деп жариялануымен ұштастырылып, кең көлемде алғаш рет ұйымдастырылды. Мұндағы көз­делген негізгі басымдық әскердің алдыңғы буын офицерлерінің кәсіби білік­тілігін жоғарылатуға бағыт­тал­ған. Яғни, арнайы мақсаттағы әскери бөлімдері, түзеу мекемелері мен а­са маңызды нысандарды күзету жөнін­дегі әскери бөлімдері және төтен­ше жағдайлар бойынша әскери бөлім командирлері теориялық және тәжі­рибелік сынақтар тапсырды. Нақтылай түссек, қатысушылар жауынгерлік дайындықтың негізгі түрлерінен: ату қаруымен, дене дайындығы, әдіс­темелік, мемлекеттік-құқықтық да­йын­дық пен жалпы әскери жарғы­дан, тактика мен жедел шешім қабыл­дау­дың шеберлігінен және әскерді басқару өнерінен сынақтар тапсырды.

Шараның алғашқы күні командирлер психологиялық тестен өтіп, арнайы құрылғылар арқылы оларды психологиялық және психо­фи­зио­логиялық диагностикадан өткізу жұмыстары да жоспарға сай жүр­гізілді. Осы орайда айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда уақыт талабымен үн­десетін заманауи диагностика­­дан өт­кізуге арналған мұндай құрыл­ғылар­мен Ұлттық ұланның үш өңір­лік қолбасшылығы толық дерлік қамтылған.

Сонымен қатар жиынға қатысу­шылар жетекші құжаттар мен бұй­рықтарды білу жөнінен арнайы тес­тілеуден өтті. Жиынға жетек­шілік еткен Ұлттық ұлан бас қолбас­шы­сының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримовтің айтуын­ша, оқу-әдістемелік жиынның сабақ­тары негізінен тәжірибелік тұрғыда машықтандыруға арналған. Соның аясында ұйымдастырушылар оқу-әдістемелік жиынға қатысушы офи­цер­лердің қару түрлерін күндіз бен түнде пайдалануын, арнайы жаттығу құрылғыларында жауынгерлік техникаларды тізгіндеу қабілетін таныта отырып, өз шеберліктерін көрсетуіне басымдық берілді. Бөлім командирлері жауынгерлік ұрыс жағдайына бейім­делген түрлі сипаттағы дабыл бойынша өз шеберліктерін шыңдады.

Сондай-ақ жиын барысында командирлерге әскерге жаңадан келіп жатқан соңғы үлгідегі көздеу құралдары мен жаттығу құрылғылары, нақтылап айтсақ, лазермен иммитацияланған мультимедиялық ату тирінің және басқа да құрылғылардың қыр-сыры таныстырылды.

Шеберлікті шыңдауға бағытталған оқу-әдістемелік жиынды Ұлттық ұлан бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қорытындылап, Ішкі істер министрі мен бас қолбасшы­ның әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге қатысты алдағы уақытқа нақтыланған тапсырмалары берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы жауын­герлік және әдістемелік дайындық орталығы 2016 жылы Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын. Халықаралық талапқа сай келетін аталған орталықта ІІМ мен Ұлттық ұланның әскерилері және өзге де күш құрылымдарының мамандары кәсіби біліктіліктерін шыңдап келеді.

«Егемен-ақпарат»