Бизнес • 21 Қыркүйек, 2018

Өнімді несиелеу

453 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терін науқаны үшін 2 мың­ға жуық ауылшаруашылық тауарын өндірушілер жалпы сомасы 60 млрд теңгеге қаржыландырылды, бұл оларға 3,2 млн га жерді өңдеуге мүм­кіндік берді.

Өнімді несиелеу

Тамыз айының аяғына дейінгі ара­лықта «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы Аграрлық несие корпорация­сына (АНК) 3,4  млн га жерге егін егу үшін барлығы 67 млрд теңге қаржыны құрай­тын 2146 өтініш түсті. 

– Көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім науқанын «ҚазАгро» хол­дингі дәстүрлі жолмен түрлі көздерден қаржыландырады, – деді «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Жомартұлы Құрманов. – 60 млрд теңге негізгі көлем – жыл сайын бө­лі­нетін бюджеттік несиелеудің қар­жы­сы, бұл ауылшаруашылық тауарларын өн­діру­шілерге жылдың басында 1 жел­тоқ­санға дейінгі мерзімде жабу үшін беріледі. Аталған қаржыны алу талаптары­на сәй­кес, соңғы борышкерге дейін қар­жы­­лан­дыру шарттары қойылады. АНК ар­қылы тікелей қаржыландырудан бөлек несие­лерді несие серіктестіктері неме­се басқа да қаржы институттары – микро­қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы алуға болады. 

Биыл қаржы институттары арасында қаражат көлемі бойынша қатаң шектеулер болған жоқ, сол себепті оны үлестіру өтініштердің түсу барысына қа­рай жүзеге асырылды. Несие серіктестік­тері арқылы 13,1 млрд теңге берілді, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 4,5 млрд теңгеге көп. Екінші деңгейлі банктер және микро қаржы институттары арқылы 12 млрд теңге берілді (2017 жылы – 21,3 млрд) және тікелей несиелендіру арқылы 34,9 млрд теңге (2017 жылы – 30,1 млрд) берілді. 

Тікелей несиелеу кезінде соңғы борыш­керлер үшін сыйақы мөлшері жылдық 2 процентті құрайды, банкке кепілдеме қоюды қоса есептегенде ол 6 процент болады. Несие серіктестіктері мен микроқаржыландыру ұйымдары үшін сыйақы 6 процент болса, банктер үшін 5 процентке дейін. 
«ҚазАгро» бұл фермерлерді бірша­ма көтермелейтін қаржы деп санай­ды. Кепілге келер болсақ, тікелей несие беріл­ген жағдайда бұл банктің кепілі бо­лып саналады, басқа механизмдер бо­йынша – қаржы ұйымдарының кепіл сая­сатына сәйкес болады. Тәжірибе көр­се­ткендей, несие серіктестіктері ауыл­шаруашылық техникасы, жер сынды кепілі бар қатысушыларды несиелейді, бұл микроқаржыландыру ұйымдарына да қатысты.  
АНК атап көрсеткендей, қаржыны беру кезінде аймақтардың қажеттіліктері назарға алынған. Тарихи қалыптасқандай, несие қаражатының басым бөлігі астық егуші аймақтардың үлесіне тиеді. Сөйтіп биыл оның 80 проценті еліміздің астықты өлкелеріне берілді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына сәйкесінше 15,7 млрд, 21,6 млрд және 11,9 млрд теңге бағытталды. Салыстыру үшін айтайық, Оңтүстік Қазақстанның үлесіне – 4,7 млрд теңге, Шығыс Қазақстанға – 1,2 млрд теңге, Батыс Қазақстанға – 1,1 млн теңге тиесілі. 

Егістік алқаптарын әртараптандыру саясаты бойынша екі жылдың бедерін­де көкөніске, жемшөп және майлы дақыл­дарға деген сұраныстың оң динамикасы байқалады. Атап айтар болсақ, өткен жылы агроөнеркәсіп кешен субъек­ті­лері­нің 3 млн га егістік алқаптарынан осы дақыл­дардың үлесі 900 мың гектарды құраса, биыл бұл көрсеткіш 1 млн гек­тарға дейін ұлғайды. 

Аграршылардың АНК-дан тұқым себу мен жиын-терім жұмыстары үшін алатын 60 млрд теңге қаржысынан бөлек, ұсақ шаруашылықтар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қаражатын ала алады. Биыл Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дар­ламасының аясында, сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Қор тара­пы­нан 247 жоба 1 млрд теңге сома­сында қар­жы­ландырылды. Бөлінген қара­жат­тың көмегімен 91,5 гектар жерде жұмыс жүр­гізіліп, 389 адам жұмыспен қамтылды.

Мұндай жағдайда орташа несие көлемі – 6 млн теңгені, жылдық сыйақы 6 процентті, ал несиені қайтару мерзімі – үш жылды құрайды. Қорға негізінен 100-120 гектар жерді өңдейтін ұсақ фермер­лер барады, банктер олармен жұмыс істе­мейді. Яғни, АНК-ге немесе банктерге сал­мақ­ты кепілмен қамтамасыз етілген және өндіріс көлемі де айтарлықтай ірі ша­руа­шылықтар баратын болса, Қор негі­зінен микронесиелеумен айналысады. 
Қосымша қаражат алудың тағы бір механизмі – техниканы лизингке алу. «ҚазАгроҚаржы» АҚ биыл 2199 бірлік техника сатып алуға 38 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді, оның ішінде 18,5 млрд теңге астық жинау техникасын алуға жұмсалды. Сыйақы мөлшері – жылдық 14,5 процент. Тракторларды, шөпшапқыштар, тұқым сепкіштер, тұқым себу кешендерін тікелей лизинг алушының өзі таңдайды. Кейбіреулер «Беларусь» тракторы сынды үнемді нұсқаларды таңдаса, енді біреулер John Deere сынды қымбат, есесіне өнімді комбайндар алғанды жөн көреді. 

– Тарихи қалыптасқандай, несие беруге бюджет қаржысынан бөлек бас­қа да көздер, соның ішінде жекелей қар­жы көздері мен басқалары қатыс­а­ды. Қалай болғанда да, 60 млрд теңге Қазақ­­станның қажеттілігін толық қам­та­ма­­сыз ете алмайды, бұл тек егістік ал­қап­­та­ры­ның 15 процентін өңдеуге жете­ді, – дейді Л.Ищанова. – Тұқым себу және жиын-терім жұмыстарын өз бетін­ше, қосымша қаржы тартпай-ақ жү­зеге асы­­ратын шаруашылықтар бар. Енді біреу­­лері  несие серіктестіктері арқы­лы қар­­жы­ландырылады, АНК оларға бюд­жет несиесінен бөлек жыл сайын 30 млрд теңгеден кем емес қаржы бөле­ді. Ірі, орнықты шаруашылықтар банк­тер үшін айтарлықтай тартымды клиент болып табылады, олар кепілмен қам­тама­сыз етілген. Қалай болғанда да, көк­темгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру сынды мақсатты бағдарламамен қатар, «ҚазАгро»-ның еншілес компаниялары мен өзге де қаржы ұйымдарының басқа да өнімдері бар, аграршылар өздеріне қо­лай­лы балама нұсқаларды таңдай алады. 
Несие алуға жыл сайын өтініш беретін ірі шаруашылықтар бар. Оны алуға уақыт жағынан шектеу жоқ. Бастысы, несие алушының бюджет алдында және басқа несие бойынша берешектері болмаса болды. 

«ҚазАгро» өкілінің айтуынша, теріс несие тарихы кейінгі қаржыландыруға әсерін тигізеді. Сол себепті фермерлер өз­дерінің қандай тәуекелге баратындарын алдын ала салмақтап алуы керек. Сонымен қатар олардың себуге ар­нап қалдырылған тұқым, не болмаса қойма­дағы жанар-жағармай, саймандар сынды реурстар қорының болуына байланыс­ты міндеттемелері де бар. Осылайша жұмыскерлердің барлығы 100 процент емес, олардың қажеттіліктерінің бір бөлігі ғана несиеленеді. 

Қайтару мәселесіне келер болсақ, әрине, мерзімнің өтіп кету оқиғалары кездеседі, бірақ ол жаппай сипатта емес. Ондай жайттарға әсер ететін объективті себептер, бірінші кезекте ауа райының қолайсыздығы қолбайлау болса, несие берушілер оларға түсіністікпен қарап, несиені жабу мерзімін ұзартады. 

Жалпы, көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім жұмыстары тіке­лей ауыл­шаруа­шылық тауарларын өндіру­­шілер­мен үнемі талқыланады. Олардың өті­ніш­тері мен ұсыныс-тілек­тері назар­ға алы­­нады. Мәселен, кезінде сый­ақы мөл­­шері төмендетілген болатын, ен­ді Фер­­мер­­лер одағы тарапынан қар­жы­лан­­ды­ру мерзімін ұзарту және жекелей механизм­дерін жетілдіру мәселелері көтерілуде. 

Несиелік қызмет агроөнеркәсіп кеше­нін қолдаудың шешуші құралы екенін ерекше атап өткен жөн. Жыл сайын саланы қаржыландыруға 300 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалады. Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығына тағы 1 триллион теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр. 
2017 жылы АӨК-ні қаржыландыру көлемі 266,7 млрд теңгені құрады, оның 92 проценті несиелеу бағдарламасы мен лизингке жұмсалды. АӨК несиелік портфелінің жартысына жуығы – «ҚазАгро»-ның үлесі, 58 мың борышкер оның клиенті болып табылады. 

Холдинг қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру болып табылады, ол екі стратегиялық маңызы бар міндетті шешеді: аграрлық сектордың импортқа тәуелділігін төмендету және экспорттық әлеуетін дамыту.  Қазір­гі таңда холдингтің инвестициялық қар­жы­ландыру портфелінде жалпы құны 423,4 млрд теңгені құрайтын 611 инвес­ти­циялық жоба бар, 337,8 млрд теңгенің 539 жобасы іске қосылған. 
Жақында өткен форумда инвесторлар алдында сөйлеген «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Асылхан Джувашев отандық ауыл шаруашылығына инвестициялаудың артықшылықтарын санамалап берді. ЕАЭО мүшесі ретінде Қазақстан 180 млн-нан астам нарыққа тікелей шығады, тауарлар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысына ие. Сонымен қатар көрші елдердің ауқымды нарығы республикамызды ауылшаруашылық өндірісін және қайта өңдеуді дамытуға тиімді алаңға айналдырды. 

Сол себепті, ауылшаруашылық өнім­дерін шығаруға жарамды үлкен алқап­тары бар Қазақстан экологиялық жағынан таза азық-түлік өндіруші бола алады. Қазірдің өзінде біз астық өсіруде химикатты ең аз қолдану деңгейі бойынша дүние жүзінде бірінші орын аламыз – жыр­тылатын алқаптардың әр гектарына бар болғаны 0,1 тонна. 

АӨК-ні дамытудың әлеуетті жағы мем­ле­кеттің қолдауы болып табылады. АӨК-ні дамыту мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның аясында 2017-2021 жылдары өңдеу­шілер үшін қарыздарды сақтандыру және кепілдендіру, жеңілдікпен несиелеу және салық салу, инвестициялық субсидиялау және несиелер мен лизингтердің сыйақы мөлшерін субсидиялау сынды құралдар қарастырылып отыр. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, мемлекеттің қолдауы АӨК-нің барлық қажеттіліктерін өтемейді, қазіргі агробизнес тікелей шетелдік инвестицияларды қажет етеді. Осыған байланысты ҚазАгро АӨК субъектілерін дамыту үшін жаңа капитал көздерін тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»