Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2018

Сөз қуаты мен қасиеті Еуразия қаламгерлерінің басын қосқан халықаралық әдеби форумда талқыланды

2322 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихқа көз жүгіртсек, дәл осындай ау­қым­ды форум 1973 жылдан бері алғаш рет, араға 45 жыл салып елордамыз – Астана қала­сын­да өтіп отыр. Бұл шараны Қазақстан Жазу­шылар одағы Астананың 20 жыл­дық мерей­тойына орай Пре­зидент Әкімшілігі және Мәдениет және спорт минис­трлігінің қол­дауы­мен «Рухани жаңғыру» бағ­­дарламасы аясында ұйым­дастырды.

Сөз қуаты мен қасиеті Еуразия қаламгерлерінің басын қосқан халықаралық әдеби форумда талқыланды

Астанадағы «Тәуелсіздік сарайы» есігінің алдындағы қауқылдасып, бір-бірін бауырына басып, ұзақ уақыттан бері көріспеген қаламгерлердің жадырап, жайраңдай әңгіме-дүкен құрып тұрған жайма-шуақ көңіл күйі Арқа күзінің салқынын сейілтіп, әп-сәтте жаһанды жылуына бөлеп үлгергендей... 2018 жылдың 20-21 қыркүйегі аралығында бас шаһар төрінде өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық әдеби форумда бас қосқан қалың қаламгердің көңіл түкпірінен орын алып үлгерген сағыныш пен үмітке толы ерекше сезім еді бұл.

«Қазіргі заманғы сөз энергиясы» Еуразиялық форумы – тек әдеби әлемнің өзекті тақырыптары талқыға салынып, мәселенің оңтайлы шешімін табуға талпыныстар жасалатын үлкен пікірталас орталығы ғана емес, сондай-ақ Еуразия кеңістігі жазушыларының жүздесіп, шығармашылық пікір алмасатын, ұзақ уақыттан бері көріспеген әріптестердің достық көңілі мен дархан пейілі салтанат құратын тарихи оқиға алаңы десек, титтей де артық айтқандық емес. «Тәуелсіздік сарайына» ерекше көңіл күй орнатқан бұл қауым қазіргі заман әдебиеті мен жалпы ақпараттық технологияның көз ілеспес жылдамдықпен даму дәуіріндегі сөз өнерінің киесі мен маңызына сүбелі сараптама жасап, тың ойларын ортаға салды. 

Айтулы шараға еліміздің барша қаламгерлер қауымы мен Иран, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Башқұртстан сияқты бірқатар елдерден делегаттар қатысты. Әдеби форумды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы Жарлығымен әсем қала Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан айтулы жоба «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты әдеби форумға қош келдіңіздер! Қазақ әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы баршамызды алаңдатып отырғаны даусыз. Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз деген мәселе баршамызға ортақ. Ендеше, әлемнің әдеби кеңістігімен шығармашылық байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше», – деді министр А.Мұхамедиұлы құттықтау сөзінде. 

Форумның алғашқы күні «Адамзат. Шексіздік. Мәң­гілік» тақырыбында үш бөлім­нен тұратын пленарлық отырыс өтті. Қазақстан Жазу­шы­лар одағы басқарма төр­ағасы Ұлық­бек Есдәулет моде­ра­торлық еткен «Әдебиет және жа­һандық мәселелер» атты алғаш­қы бөлімде Иран жазушылары қауымдастығының төрағасы Хади Саеди Киасари «Заманауи әдебиет: Өркениеттер қақтығысындағы адам мәселесі», Әзербайжан қаламгері Юнус Оғуз «Әлем қауіпсіздігі және әдебиеттің рөлі», Моңғолия елінің белгілі ақыны, ғалым Гун-Аажавын Аюурзана «Әдебиет трансформациясы: бәсекеге қа­білетті жанрлар», жазушы Төлен Әбдік «Жаңа замандағы қаламгер тағдыры» және публицист Расул Жұмалы «Әдебиет және идеология: мемлекеттің рөлі» тақырыбында баян­дама жасап, заманауи әдебиеттің жай-күйі мен қоғамдағы рөліне, қа­лам­гер тағдыры мен көркем әде­биеттің әлем тілдеріне сапалы аударылу мәселесіне жан-жақты тоқталып, ұтымды ұсыныстар айтылды. Мәселен, Моңғолиядан келген мейман Гун-Аажавын Аюурзана өз баяндамасында: «Біздің дәуірдің уақыт көлігі көз ілеспес жылдамдықпен зымырап кетіп барады. Көп нәрсе өзгерді. Соның ішінде, әсіресе әдебиеттің жеделділігіне қайран қалуға болады. Бүгінде «Міне, осы – заманауи әдебиеттің бағыт-бағдары», «Бұл – қазіргі заманғы әдебиеттің басты жанры» деп сағатты сағатқа жалғап теорияны түгендейтін университет төріндегі қарт ұстаздың семестрден семестрге жалғасар лекциясының күні келмеске кеткенін көрдік. Бағдар сәт сайын өзгеріп, «жанр» деген ұғым төл анықтамасынан ауытқып барады. Оқырман – сөз өнері сыйлар тұрақты рухани ләззаттан, жазушы қаламына ар­қау етер тұрақты үлгіден кетті. Қазір әдебиетте «мынау осы жанр» деп түбегейлі анықтама бере алмайсың. Көркем шығарма сан түрлі жанрдың синтезіне айналды. Сондықтан бүгінгі әдебиетте «жанр» деген қалыпты түсінік жойы­лып барады. Оның орнын жанрлар синтезі басады және алдағы уақытта бұл өзгеріс әлі де жалғаса береді» деп әдеби жанрлардың келешектегі тағдырына қатысты талдау жасаса, белгілі жазушы Төлен Әбдік көркем әдебиеттің әлем тілдеріне сапалы аударылуы мен тәржімашылардың біліктілігін арттыруды, сондай-ақ кітап басу ісі тек мемлекеттік тапсырыспен шектелмей, шетелдердегідей коммерциялық өндіріс деңгейіне көтерілуін, сөйте тұра көркемдік талаптардан ажырамауын, әрбір шығарманың насихаты лайықты деңгейде жүргізіліп, жарнамалануына жағдай жасалу қажеттілігі кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартты. 

Пленарлық отырыстың «Ай­мақтық әдебиеттердің дамуы» аталатын бөлімінде әдебиеттанушы, аудармашы Сафар Абдулло «Жа­­һандану заманындағы Ор­та­лық Азия халықтарының әде­биеті», Еуразиялық Жазу­шы­лар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы «Түркі дүниесі әде­биетінің даму перспективалары», «Роман-газета» журналының бас редакторы, жазушы Юрий Козлов «Жаңа замандағы орыс әдебиеті», публицист Айдос Сарым «Ұлттық код және мәдениет. Сана модернизациясы», ақын Мейірхан Ақдәулет «Қазақ әдебиеті және қазіргі әлем» тақырыбындағы баян­дама­ларын көпшілік назарына ұсынды. 

Ал жиынның ІІІ бөлімі жарыссөзге арналды. Онда Қазақ­стан жазушыларымен қатар, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Ма­­жарстан елдерінен келген қа­ламгерлер сөз алып, қазіргі за­манғы сөз энергиясы мен жалпы тіл көркемдігі, ой оралымдылығы мәселелеріне нақты мысалдармен талдау жасап, өз ой-пікірлерін білдірді. Әсіресе бүгінгі ақп­а­раттық технологияның жетіс­тіктері алға шығып, ғаламтор мәдениеті кітап оқу мәдениетімен бәсекеге түскенде, сонымен қатар ауыздан шыққан әрбір сөздің сүзгісіз, електен өтпей сұраусыз жариялана беруінің өзі сөздің қуаты мен қадірін түсіретінін, тілдің ұрпақ тәрбиесіне өз дең­гейінде қызмет етуіне зардабын келтіретіні жөнінде де баса айтылды. Жиында бұдан да басқа әдебиеттің өзекті мәселелері сөз болып, тұшымды ұсыныстар ортаға тасталды. 

Шара соңында сөз алған Қазақ­станның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов мұндай әдеби басқосулардың ұлттық әде­бие­тіміздің дамуы мен әлемдік дең­гейде насихатталуына, танылуы­на тигізер пайдасына тоқталды. Бұдан бөлек, айтулы әдеби форум аясында Ұлттық Академиялық кітапханасында Қазақстан – Ресей қаламгерлерінің кездесуі өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран Жазушылар қауымдастығы арасында ынтымақтастық ме­морандумына қол қойылды. 

Сондай-ақ бүгін, яғни 21 қыр­күйек күні «Hilton Garden Inn Astana» қонақүйінде 4 секция бо­­йын­ша өтетін: «Жаңа за­ман по­эзия­сы: көтеретін негіз­гі тақырыптар мен мәсе­лелер», «Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақы­рыптар мен мәселелер», «Дра­матургияның өзекті мәселелері», «Қазіргі заманғы аударма ісінің хал-ахуалы» тақырыбындағы басқосулар да заманауи қазақ әдебиеті мен драматургиясының жаһандық ауқымда мойындалуы мен насихатталуына кең жол ашатынына сенеміз. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»