Әлем • 21 Қыркүйек, 2018

Алда елді елге қосу мұраты тұр

739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен 20 қыркүйекте Пхеньян қаласында қос Кореяның басшылары және бірінші ханымдары, басқа да бірқатар министрлер мен делегация мүшелері Пэктусан тауына көтерілді. Екі елдің басшылары аспалы жолмен «кабельді машинаға» отырып, Пэктусан тауының «Чончжи» – «Аспан көліне» жетті.

Алда елді елге қосу мұраты тұр

Оңтүстік Корея президентінің өткен 27 сәуірдегі 2-ші Корей саммитінде Ким төрағаға айтқан арман-тілегі орындалды. Ол Солтүстіктегі Пэктусан тауына бір көтеріліп шықсам, Ким төраға сол арманыма жеткізсе», деп әзілдеген болатын. Сапардың соңғы күнінде Ким төраға әріптесін арман-тілегіне оңай жеткізді. 

Бұл тау – екі елдің тарихында үлкен орын алатын тарихи тау. Тек екі елдің тарихына ғана емес, бірнеше ғасыр­­дағы ірі оқиғаларға куә тау. Сонау ала­сапыран ғасырларда, Қытайдың Тан им­периясынан бері бүкіл Қытай пат­ша­лықтары, Батыс Түркі және Шығыс Түркі қағанаты мен Корей патша­лық­тары тығыз байланыс орнатып, кейде одақ­тасып, кейде қақтығысып, Азия айма­ғында территориялық ықпал етуге күшіне ұмтылған кездері осы тау арқылы бір-бірімен елшілер алмасқан десе-ді. Сондықтан бұл тау өткен ғасырдағы жұмбаққа толы тарихи оқиғаларға куә таудың бірі. 

Осы таудың басына өрлеп шығу «3-ші Корей саммитінің» мәні мен мағынасын аша түсті. Пэктусан тауы Алма­тыдағы Алатаумен аттас тау. Корей тілінде «Пэк» – «Ақ», «Ту» – «Бас», «Сан – Тау» деген мағынаны білдіреді. Жал­пы, корейлердің тілі ғана емес жер атау­ларынан қазақтың жер-су атауларымен мағыналық жақындық сезуге болады. 

Мун мырза Пэктусанның басына шы­ғып тұрып: «Оңтүстік Кореяның қара­пайым халқы да Пэктусан тауына ту­рист ретінде келетін заман туаты­ны­на сенімім мол. Бүгін міне, ал­ғаш­­қы қадам басталды. Бұдан кейін көп адамдар келеді», деген ойымен бөлісті. Оның сөзін жалғаған Ким Чен Ын: «Бүгін тау басына аз адам келді. Бірақ алдағы уақытта Оңтүстік елден көп­шілік, шетелдегі қандастарымыз келіп, олар Пэктусанды көруі керек емес пе. Екі елдің арасы бөлініп қалғаннан кейін ол Оңтүстіктегі жұрттың арман тауы­на айналып еді», деді. Мун мен Ким бірінің қолын бірі көтеріп, дос­тық­тарын тағы да күллі әлемге паш етті. Туыс пен туыстың табысқанын және бейбіт­шіліктің жылы самалы соға бастағанын көрсетті. Сөйтіп Мун мен Ким Пхеньян саммитіне Пэктусанда нүкте қойды. 

Пэктусан тауына оңтүстіктің бұрын­ғы басшылары шықпаған. Онда Ким Чен Ынның атасы Ким Ир Сен, Ким Чен Ирлер барып серуендеуді ұнатқан. Алдағы уақытта ол тек Оңтүстіктік Корея халқы ғана емес, әлем жұртшылығы барып тамашалайтын тау болмақ. Ким Чен Ынның билігі міне, осылай биік дипломатия мен саясат шыңына бару үшін көпірме сөз емес, нақты қадамның керектігін байқатты. 

Тау басында Оңтүстік Корея прези­денті мен оның жұбайы Ким Чжон Сук ханым «Аспан көлінен» бір құтыға естелік үшін су құйып алды. Ол Халласан тауының көл-суларынан алып келген суды Чончжи «Аспан көліне» төкті. Оның бұл әрекеті «Суға су қосылсын, ел­ге ел қосылсын» деген ниеттен туған еді. Дәлірегі, бөлінген елдің басы біріксін деген ырым-сенім ретінде жасады. 

Ким Чжон Сук ханым су алып жатқан кезде оның етегі су болып қалмасын деп жасаған Солтүстік Корея басшысы жұбайының әрекеті бүкіл Оңтүстік Корея жұртының сүйіспеншілігіне бөлен­ді. Қазіргі таңда бұл сурет ғалам­тор­дағы «Күннің ғажайып суреті», «Ри­дің жаны да сұлу» деген атау алып, газет­­тер­дің басты бетінен орын алды. Сол сәт­тегі сурет­терді телеарналар да жары­са жа­риялап жатты. Ол ең көп оқыл­ған жаңа­л­ық болды. Ли Соль Чжу ханым – тек сұлу әйел ғана емес, қазіргі таңда Ким төрағаның сыртқы саясатына өзінің сұлулығы және ақылдылығы, ізеттілігі және қарапайымдылығымен ықпал етіп отыр­ған ханым. Бүгінге дейін Бейжің мен Сеул қаласына күйеуімен бірге сапар жаса­ды. Сыртқы саясатта өзінің бірінші ха­ным­дық рөлін белсенді атқаруда. Қазіргі таңда «Ли ханым­ның дипломатиясы» ай­тар­лықтай сәтті қадам­дар жасауда. Со­л­түс­тік Корея жұрт­шылығы оған «Ұлт­тың жас анасы» деп бейресми ат берген. 

Пхеньян сапары барысында Мун Чже Ин мен делегация мүшелері көптеген мемлекеттік нысандарда болды. Пхеньян қаласын аралап, саябақтарда болып, туыс елдің әртістерінің өнерін тамашалады. Бірақатар экономикалық жобаларды талқылады. Басқа да ірі жобалар болашақта қарастырылмақ. Бәрі екі елдің қарым-қатынасы мен алдағы АҚШ пен Солтүстік Корея саммитіне байланысты болайын деп тұр. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы темір жол қосылатын болса Еуразия құрлығымен де байланыс орнауы мүмкін. Қоғамда халықаралық сарапшылар арасында жас көсем Корей түбегін Еуропаға шығармақ деген болжамдар тегін айтылып жатқан жоқ. 

Оңтүстік Корея басшысының сапарына қатысты ұйымдастарылған қонағасы кезінде Мун мырза: «Ким төрағаның денсаулығын және Пэктусан тауынан Халласан тауына дейінгі 80 миллион халықтың бір болуын тілеймін», деген тілек айтты. 

Бұдан басқа, Мун Чже Ин 200 мыңнан аса халық жиналған «Пхеньян 5.1» деп аталатын мемлекеттік стадионда арнайы сөз сөйледі. Сол стадионда жұрттың алдында сөйлеген Мун Чже Ин екі елдің басы көп ұзамай бірігетінін және ол бірігуді Ким Чен Ын төрағамен бірге бастайтынын жеткізді. Ол «Біз 5000 жыл бойы бірге өмір сүрген ха­лық едік. 70 жыл бір-бірімізден ажы­рап өмір сүрдік. Бүгін мен осы жерде 70 жыл бойы бір-бірімізге деген жау­лық­ты түбімен жойып, қайта бір ел болу үшін бейбітшілікке қарай үлкен қадам басайық деп ұсыныс жасаймын. Ким төраға және мен Солтүстік пен Оңтүс­тіктегі 80 миллион туған халқымыздың қолын қатты қысып ұстап, жаңа отанымызды жасаймыз. Бәріміз бірге жаңа ғасырға барайық!» деп ұран тастады.

Артынан құрметті қонаққа арналған үлкен концерт болды. Оны дегелация мүшелері бір сағаттан артық тамашалады. Бұл стадионда «Таши маннаё» (Қайтадан кездесейік) деп аталатын корейдің ұлттық әні қойылды. Концертті арна арқылы тамашалаған Оңтүстік Корея халқы үйлері мен көшелерде көздеріне жас алып көрді.

Сарапшылар Мун Чже Иннің стадионда айтқан сөзіне үлкен мән беріп отыр. Сөздің мәтінін Солтүстік Корея билігімен алдын ала келіскен дейді. Өйткені ел алдында және тікелей арнада ұлттық бірігу мен ядролық қарусыздану туралы ашық айта алмайды деп отыр. Қалай десек те, «Екі Корея, бір Корея» болу үшін бейбіт күнді аңсап, тарихи қадамдар жасауға бет бұрды. Суға суды қосты, енді елге елді қосу мұраты қалды. 

Дастан АҚАШ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Оңтүстік Корея, 
Сеул қаласы