Тарих • 21 Қыркүйек, 2018

Парасаттылық пен азаматтықтың өнегесі

2138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Парасаттылық пен азаматтықтың өнегесі

«Қоғамдағы тарихи құбылыстар мен қоғам дамуының беткеұстары болып жүрген ірі тұлғалар жайлы өз сөзімізді айтуға тиіспіз және ол – адамгершілік парызымыз», – десек, бұл ұлағатты сөз­­дің мән-мағынасын өмірден өтсе де, артында өшпес із қалдырған параса­т­ты да пайымды дарабоз тұлға, мемле­кет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қара­ман­ұлының даңқты есімімен, ізгілік­ті істерімен тығыз байланыстырып, сабақ­тастыра айтсақ болады.

Ұзақбай Қараманұлы – қарапайым құрылысшыдан жоғары лауазымды үкімет басшысына, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның тұңғыш премьер-министріне дейін өз еңбегімен өскен қайраткер тұлға. Мына ерекшелікті қараңыз: Ұзақ­бай аға Кеңес заманында Қазақ КСР Ми­нистр­лер Кеңесінің соңғы төрағасы болса, Қазақ­стан өз тәуелсіздігін жариялап, жаңа премьер-министр лауазымын енгіз­генде осы қызметке тағайындалған тұң­ғыш қайраткер ретінде де тарихта қалды.

Ақылы мен парасаты, біліктілігі мен білімділігі, іскерлігі мен ізеттілігі, сабырлылығы мен сырбаздығы Тәуел­сіз еліміздің Тұңғыш Президентінің жанында тұңғыш үкімет басшысы болуға лайық еді. 

Оның бар болмысынан бекзаттықты, ой-өрісінен тектілікті таныған болсақ, ағамыздың түп-тегіндегі Жалаңтөс баһа­дүр, Әйтеке би, Жанқожа батырлар­дың лебі сезілгендей еді.

Адам артында із қалдыру үшін дүниеге ке­леді десек, ағамыздың ғұмырнамасы өз­­ге­лерге үлгі боларлықтай өнегелі де із­гі­­­­­лік­ті, тағылымы мол ғибратты істер­ге толы. Қан­дай жауапты, лауазымды қыз­мет ат­­қар­са да, асқақтамады, азамат­тық қал­­­пын сақ­тады, елім деп еңбек­теніп, ту­ған хал­­­қына, туған жеріне тек жақсылық тіледі.

Республика үкіметінің басында тұр­ған кезінде еліміздің мерей-мәрте­бесін, абырой-беделін асыруға, ел экономи­касы­ның барлық саласының өсіп-өркен­деуіне ерекше еңбек сіңірді.

Әсіресе Ұзақбай Қараманұлы Арал теңізінің проблемасы ғаламшардың орасан зор экологиялық апаты ретінде аса өткір сипат алған кезеңде ерлікке бергісіз істер тындырды.

«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасын жасаған үкіметтің жұмыс тобын басқарды. Сонымен бірге Семей полигоны бойынша жасалған жұмыс тобын да басқарып, сол кездегі Жоғарғы Кеңес сессиясында үкіметтің атынан баяндама жасап, депутаттардың алдында аталған заңдарды қорғап, алып шыққан да – осы Ұзақбай ағамыз.

Сондай-ақ Арал өңірінен «Эколо­гиялық қасірет аймағы» мәртебесін алып тастау, экологиялық жеңілдіктерді жою күн тәртібінен түспей, қайта-қайта көтерілген кезде осы мәселенің біржолата нүктесін қоюға да орасан зор үлес қосты.

Бүгінде Сыр бойының тұрғындары пайдасын көре бастаған «Ғасыр жобасы» атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың Солтүстік бөлігін сақтап қалу» (САРАТС) жобасында да Ұзақбай ағаның өзіндік өшпес ізі, қолтаңбасы бар.

Бастауында Елбасы тұрған, сметалық құны 240 млн АҚШ доллары тұратын бұл жобамен 1993 жылдан бастап айналысты. Алғаш рет Қызылорда қала­сында ел Президентінің бастамасымен «Аралды құтқару – ғаламдық проблема» деген атпен халықаралық конферен­ция өткізілді. Аралды сақтау қоры құ­рылды. Оны алғашқы жылдары Елбасы басқарды. Осы кезеңдерде Ұзақбай аға Президенттің қасында жұмыс істеді.

1995 жылы Қазақстан мемлекетінің атынан Ұзақбай Қараманұлы Парижге барып, Дүниежүзілік банк басшыларымен бірге 18 «донор» елдің, яғни басқа елдерге көмек беру мүмкіндігі бар дамыған елдердің өкілдерімен кез­десті. 2003 жылы 240 млн доллардың 63 мил­лионын бөлуге қол жеткізді. Қазір де бұл қаржыға «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінде ауқымды жұмыстар атқарылып, аяқталды. Енді екінші кезеңін жалғастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар Ұзақбай аға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына екі мәрте қатарынан сай­ланып, Сыр өңірінің әлеуметтік-эконо­ми­калық саласының дамуына, экология­лық жағдайын жақсартуға байланысты өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне ұдайы көмектесіп, қамқор болды. Өзінің туып-өскен жерінің тіршілігімен тыныс­тап, кіндік қаны тамған топырағынан байланысын үзген жоқ. Сол себепті де Ұзекеңнің ізгілікті іздері Сыр елінде сайрап жатыр деуге толық негіз бар. 

«Тау алыстаған сайын асқақтай тү­сед­і» дейді дана халқымыз. Бүкіл ғұмы­рын тәуелсіз елі мен халқының өсіп-өр­­кен­­деуіне арнаған, көптеген жоғары ла­уа­з­ым­ды мемлекеттік қызметтерді абы­­­­рой­мен атқарған Ұзақбай Қараман­ұлы­­­ның халқы алдындағы өлшеусіз ең­бегі ел есінен еш шықпақ емес. Барған са­­йын асқақтай, күн өткен сайын биіктей түспек.

Ол бекзат болмыстың, сарқылмас сабыр мен таусылмас төзімнің иесі, пара­сат­тылық пен азаматтықтың өнегесі, ал­дыңғы буындағы аға ұрпақтың құр­метіне бөленген, кейінге ұрпаққа үлгі болған біртуар тұлға еді. 

Туған жері Ұзақбай Қарамановтай біртуар перзентін қашанда мақтанышпен еске алып отыратын болады.
 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, 
Қызылорда облысының әкімі