Әдебиет • 23 Қыркүйек, 2018

Халықаралық «Тарази тағылымы» ғылыми-практикалық конференциясы өтті (фото)

784 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Франс Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, жазушы, драматург, киносценарист Әкім Таразидің 85 жас мерей-тойына орай «Тарази тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 

Халықаралық «Тарази тағылымы» ғылыми-практикалық конференциясы өтті (фото)

Шараның ашылуы рәсіміне Еңбек ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, ақын Ұлықбек Есдәулет, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы, аудармашы Меманқұл Исламқұлов (Өзбекстан), әдебиеттанушы Первана Маммедова (Әзербайжан), аудармашы, сыншы Қазоқбай Юлдашов (Өзбекстан), аудармашы Жәмиле Қынажы (Түркия) тағы басқы өнер майталмандары мен әдебиет саңлақтары қатысты. Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын жеткізіп, Елбасы атынан зерлі шапан жапты. Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының бастығы Берік Уәли құттықтау сөздерін айтып, жазушыға құрмет көрсетті. 

Жиынды Айман Мұсақожаева құттықтау сөзімен ашты. «Конференцияға қатысуға қазақстандық және шетел авторлары, әдебиеттанушылар, кинотанушылар, театртанушылар, өнертанушылар, өнер мен мәдениет саласындағы жоғары оқу орындарының педагогикалық және гуманитарлық бағытындағы оқытушылары, магистранттары мен докторанттары шақырылды.

«XX-XXI ғасырдағы әдебиет пен өнердегі Әкім Тарази шығармашылығының феномені» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушылары мен қонақтарға Университет атынан еңбектеріңізге жеміс,  шығармашылық табыс тілеймін» деді университет ректоры.

«Әкім Тарази – қоғамға жарық ұстаушы жазушы. Ол, әр еңбекті жазып бітіргенде өз-өзіне «Енді жазбаймын» дейді. Бірақ өмір сүріп, өмірдегі әр нәрсені көре отырып, бір жағынан қуанып, бір жағынан қамығып, өмірдің осы көрсеткендеріне бейжай қарай алмай өзін соларды жазуға мәжбүр сезінеді. Жазу ол үшін өзінің тыныштығын бұзған мына әлемнен қашып рахаттану және тыныштыққа қол жеткізу. Оның өмірде көргендері мен басынан өткізгендері оны жазуға мәжбүрлейді.

Әкім Тарази жаңа бір еңбекті жазып бастағанда онын қандай болатынын нақ басып айта алмайды. Бір шығарманы бастағанда тақырыыптан бұрын оның ойына бір сюжет келеді. Бұл көбінесе Таразидың өзінің басынан немесе жақын танысының, туысының басынан өткен оқиға болады. Шығармашыл жазушы өзі көріп отырған бұл жағдайға қамсыз қарай алмайды және қоғамшыл жазушы сипатымен өзін жазуға міндетті сезінеді», деді жазушы шығармашылығы туралы сөз сөйлеген Жәмиле Қынажы.

Конференцияда Әкім Таразидың еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген шәкірттері сөз сөйлеп, ұстаздарының мерейін асырды. Тек қана жазушы емес, драматург емес, оған қоса ұлағатты ұстаздық жолында жүздеген шәкірт тербиелеген қаламгердің бір бақыты да осы шәкірттері болса керек. Сонымен қатар, жазушының мерейтойына орай «XX-XXI ғасырдағы әдебиет пен өнердегі Әкім Тарази шығармашылығының феномені» жинағы шықты. 

«Осы кезеңге дейін айтылып жүрген қағидаға сүйенсек, қаламгерлік қабілет бір пайыз дарын мен тоқсан тоғыз пайыз еңбектің арқасында келетін қасиет екендігі хақ. Бұл ретте Әкім ағамыздың бір мұраты көкірегі сезімді, тілі орамды жастарды тауып, дұрыс жүлгеге салу болса керек. Қарымды қалам иесі болу үшін әрине маңдай терді моншақтатып төкпей болмайды. Ал, ол үшін бірінші кезекте өзіңнің жан-дү­ниеңді кемелдендіріп, байытып алған абзал. Яғни, жазушы өзінің ішкі әлемін көркейтіп, гүлдендірген соң ғана шығармашылық әлеміне ден қоймағы ләзім. Бұл Әкім ағамыздың дәріс арасында жиі айтып, құлаққағыс етіп отыратын өсиеті еді. Осынау бұлжымас қағида қаламгердің мына бір пікірінде көрініс тапқан. «Талант иесіне талайлы тағдыр керек. Талант иесі күнбе-күнгі тіршілігінде өзінің жан-дү­ниесіне, өзінің сезім құбылыстарына үңіле білсін, қадағалай білсін», дейді шәкірті, ғалым Ләйлә Мұсалы.

Әкім Таразидың шығармашылық ұстанымы – өмірлік қағида. Өмірінде бұзбаған ережесін әдебиетте де бұзған жоқ. Сырын қаламына айтып, мұңын қағазына зерлеген қаламгердің сексен бестің сеңгіріндегі келбеті сондай жарқын, сондай мерейлі.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше