Білім • 23 Қыркүйек, 2018

Тіл ықылассыз істі емес, періште көңілді ұнатады

503 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тіл ықылассыз істі емес, періште көңілді ұнатады

Соңғы үш-төрт жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының аясында мемлекеттік тілде жалпықазақстандық диктант жазу дәстүрі қалыптасып келеді. Бұл мемлекеттік тілге құрметі бар қазақстандықтардың барлығын да елең еткізген, ұтымды табылған бастама болды. Биыл оған  елімізде 300 мыңнан астам адам қатысыпты. Қостанайда да алдын ала хабарландыру беріліп, диктант жазуға тілек білдірген кісінің барлығына қазақ тілін өзінің қаншалықты меңгергенін, ана тілінен сауат қарымын байқап көруге мүмкіндік жасалды. Студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, жалпы жұртшылық өкілдері партаға отырды. Облыс өңірінің барлық шалғайында еліміздегі секілді «Астана – бейбітшілік бесігі» атты тақырыпта диктант бәйгенің сөресіндей бір мезгілде басталды. Облыс орталығындағы Достық үйіне диктант жазуға жиналғандардың арасында Қостанайдағы №7 орыс орта мектебінің 4-сынып оқушысы Талғат Латыпов та отырды. Хабарландыруды әлеуметтік желіден оқып, диктант жазуға өзі тілек білдіріпті. Шынашақтай баланың көзінен осындай шараға қатысқанына қуанған бір жарқыл, мақтаныш байқалады.

– Хабарландыруды әлеуметтік желіден көре сала ұлым осыған қатысамын деді. Мен де ұлымды толық қолдап, ертіп келдім. Әлінше жазып көрсін, әңгіме оның қатысуында деп білемін. Құдандалы татар мен қазақ бір-бірін еркін түсінеді, егер ынта болса тілді неге меңгермеске, түбіміз бір емес пе? Талғат мектепте қазақ тілін жақсы оқиды, – деген анасы Гүлнар Латыпованың сөзінен де мемлекеттік тілге деген құрметті байқағандай боламыз.

Келгендер диктантты бір сағаттың айналасында жазып шықты. Алайда осы сын сағатына қатысушылардың барлығы бірдей тіл маманы немесе қалам ұстап жүрген адамдар емес ғой, тіпті біразы өзге ұлттың өкілдері, орыс тілінде білім алған жандар. Диктантты оқығанда «ң» әріпі дұрыс айтылмады. Оның өн бойында осы әріппен аяқталатын сөздер «Астананын, Ақмоланын, жылдын» деп оқылды. Сонымен қатар сөздердің анық дыбысталмауы да жиіледі. Ұйымдастырушылар маманға мәтінді шара басталар алдында ғана берген. Дайындалуы үшін оны сенім білдіріп, бір кеш бұрын беріп қоюға болмас па еді? «Астана – бейбітшілік бесігі» диктанты мәтінінің өзі қатеден кінаратсыз емес еді. Оны байқаған комиссия мүшелері диктант жазылып жатқанда күбірлесіп айтып отырды да, кейін журналистің сұрағына маман ретінде жауап беруден қашқақтап, «қайтесің, керегі жоқ, менен аулақ» деп шыға келді.

Мемлекеттік тіл қолданыс аясының кеңея алмай келе жатқаны да осындай жауырды жаба тоқитын, табандылық танытуға ерінетін мінезімізден емес пе екен? Біздегі тамаша бастамаларға деген жұрттың ықыласы неге алғашқы әсіреқызыл көңілден аспайды? Басталмай жатып, адамдардың оған деген ықыласы білте шамның жарығындай нашарлай береді, соңы сиырқұйымшақталып та кетеді. Елдің ерен тұтар адамдары жыл сайын диктант жазушылардың алдына шығып, жылы сөзін арнаса, мерекелік, патриоттық рухты атойлатып, диктантты қатесіз жазғандардың мерейін үстем етсе, жұрттық елдікке үйірілуі судың иіріміндей тереңдей түспесе, келер кедергі болмас еді. Алдағы уақытта  латын харпіне көшкен әліпбиіміздің адымдауына да «Мың бала» секілді игі істердің ықпалы аз болмасы анық. Кішкентай Талғаттың мемлекеттік тілді білуге ынтасы мен диктантқа қатысуға ықыласы, періште көңілі мыңдарға жұғысты, үлгі болса, қанекей...

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше