Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Жаһандық идеялар сөз болды

534 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Назарбаев орталығында» «Орталық Азиядағы БҰҰ-ның І халықаралық моделі» конференциясы өтті.

Жаһандық идеялар сөз болды

Шараны БҰҰ моделінің үй­лестіру орталығы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті-Елбасы Кітапханасы мен Қоры біріге отырып, «Ұлан-ғайыр дала елі» қоғамдық бірлес­тігінің жұмысы аясында ұйым­дастырды.

Орталық Азиядағы БҰҰ-ның І халықаралық моделі – БҰҰ шеңберінде жаһандық идея­лар­ды талқылау режімінде өткізі­летін халықаралық сұхбат алаңы, онда жоғары оқу орны сту­дент­тері мен мектеп оқушылары БҰҰ органдарының жұмысын жаңғыртады. Әрбір отырыстың мақ­саты – белгіленген мәселе­лер­ді талқылау, сонымен бірге әрбір комитеттің құзыретіне қарар дайындау. Бұл қарарлар БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігіне жіберіледі. 

Конференция жұмысының күн тәртібіне «Қазақстан және БҰҰ: 25 жылдық әріптестік және табыс­ты ынтымақтастық – жаһандық бей­бітшілік, тұрақ­тылық және ор­нық­ты даму үшін Қазақстан Рес­пуб­ликасының бей­біт бастамалары» тақырыбы таң­далып алынды.

Ха­лықаралық мәселелерді талқы­лауға елімізден, Әзербайжан, Үн­дістан, Бангладеш, Қырғыз­стан, Ресей, Пәкістан, Ауғанстан, Сербия, Өзбекстан елдерінен 200-ден астам делегат пен бақылаушы қатысты. Олар балалар еңбегі, киберқауіпсіздік, босқындар құқығы, ядролық қару қолдануды шектеу, діни төзбеушілік, гендерлік теңдік және экологиялық таза қалалар санының артуы сияқты мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»