Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Бітімгерлік – биік миссия

12476 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткен бітімгерлік қызметті реформалау жөніндегі отырыста Қазақстан тарапы БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларындағы өз үлесін арттыруға ниетті екендігін мәлімдеді. Оған қоса БҰҰ-ның бітімгерлік жүйесін бағалаудың инновациялық тәсілдері мен жаңа критерийлерін қолдану қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар біздің делегация қақтығыстарды болдыр­мау мен оларды шешуде өңір­лік құрылымдар арасындағы ын­ты­мақ­тастықтың маңыздылығын атап өтіп, дауларды болдырмау мен олардың түбегейлі себеп­терін алдын ала ескеру бойынша Қазақстан ұсынған үшжақты стратегияны еске салды. Еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделі арқылы қол жеткен бі­тім­герлік операцияларына қатысу мүмкіндігін саралай келе, осы миссияның маңызы қандай деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Бітімгерлік – биік миссия

Бейбітшілікті қолдаушы елдің жүгі ауыр

Әлбетте, халық­ара­лық ұйым­ның бітімгерлік миссия атқаратын әскеріне жасақ қосу ісіне кез кел­ген мемлекет қатыс­тырыла бер­мейді. Ал халықаралық саяси-әлеуметтік міндеттемелерін жауапкершілікпен орындайтын, небір күрмеуі қиын мәселелерге араласып, бітімгерлік, бейбітсүйгіштік қырынан көрінген біздің елімізге бұндай міндет­тің жүктелуі заңдылық еді. Қазақ­стан БҰҰ бітімгерлік әскеріне Орта­лық Азиядан әскер жіберуші жал­ғыз мемлекет. Бұл да болса халықаралық ұйымның сенім артуымен қатар, мойындауы және санасуы. 

Ал жоғарыда айтылған біз­дің еліміз ұсын­ған стратегия халық­аралық қоғамдас­тықтың тұрақ­тандыру шараларының тиім­ділігін арттыру мақсатында қауіпсіздік пен дамудың өзара байланысын күшейту, өзекті мәселелерді шешуде стратегиялық өңірлік тәсілді қолдану және жергілікті қолдаудың тиімділігін арттыру мен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ-ның түрлі құрылымдары мен агенттіктерінің үйлестіруін нығайту үшін әлеуетті құруға негізделген-ді. Еліміздің бұл ұсыныс-ескерт­пелері ескерусіз қалмайтындығы анық. Өйткені бүгінде Қазақстан әлемдік қоғам­дас­тық алдында тың шешімдері, батыл қадам­дары, әрбір істегі жауапкершілігі ар­қылы қай істе де сенімді серіктес екен­дігін дәлелдеп шықты. 

Еліміз халықаралық деңгей­дегі дау-жанжалдардың, шиеленіс­тердің, қарулы қайшылықтар­дың тігісін жатқызып, тараптарды татуластырып, ағайындарға араша болып әлемдік қоғамдас­тық­та өз орнын айшықтап алды. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуынан кейін бітіспес жауға айналған көршілер, ат құйры­ғын кесіскен мемлекеттер тоқтамға келіп, татуласып жатқан жағдай­лар аз емес. Бұл, әлбетте еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызмет етуіне өзіндік ық­па­лын тигізгені анық. 

Рота сапқа тұрды

Қазіргі уақытта Батыс Сахара­дағы БҰҰ миссиясының сапында еліміздің 5 офицері қызмет атқарып жүр. Олардың бірқатары бітімгершілікке қосқан үлесі үшін халықаралық наградалар­мен марапатталып, тіпті бас­шы­­лық лауазымды қызметтерге таға­йындалған. 

Жуырда Қазақстаннан Үнді­стан­ның бітімгерлік күштері­мен бірге БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріне 120 әскери қызметшіден құралған бітімгерлік ротасы аттанбақ. Арнайы заң­ды Парламент құптап, құқық­тық тетіктері бекітілді. Еліміздің Конс­­­титуциясына сәйкес, ел Пре­зи­­дентінің ұсынысы бойын­ша Парламент халықаралық мін­дет­темелерді орындау үшін респуб­ликаның Қарулы Күш­терін пайдалану туралы шешім қабылдайды.

Міне, осы межеленген уақыт таян­ған сайын әскерилердің да­йын­­дықтары пысықталып, әзір­ліктері жіті тексерілуде. 

Ливан Республикасы әлем­дік картадан қарағанда мома­қан, тыныш жатқан ел көрінеді. Жерорта теңізінің жағалауындағы 6 мил­лиондай халқы бар осынау мемлекет ішкі-сыртқы күш­тердің ықпалымен қарулы шие­леністерден көз ашпай келеді. Осыған орай БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күші 1978 жылы наурызда Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шы­ғарылуын растау үшін құ­рылған-ды. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясында 42 елден 10 000-нан астам әскери қызметші қызметін өтеуде. 

Міне, осы Ливанға аттанатын бітім­гер­лік ротасы елдегі қауіп­сіз­дік­ті күзетушілерге қосы­лып, күзет нысандарында, бақы­лау-өт­кізу бе­кет­терінде қызметке кіріспек. 

Әлемде 100 мың сарбаз жұмылған операциялар өтуде

Жалпы 2014 жылдан бастап еліміздің 11 офицері 12 ай бойы Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Республикасында БҰҰ миссия­ларына қатысқандығы белгілі. Сондай-ақ Гаити мен Либерияға да бітімгерлік әскер жіберу туралы Парламент шешімі болғанымен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі кейін­­нен ол елдерге әскер кіргізуден бас тартты. Уақыт өте Кот-д’Ивуар Рес­­пуб­ликасындағы жағдай тұ­рақ­­талып, әскери кеңесшілерге мұқ­таждық жойылды. 

Осыларды саралай келе, Қазақ­стан әскерін бітімгерлік мис­­сия­­ларында тәжірибелі жасақ бол­­ды деп айтуға толық негіз бар. Тәжік-Ауған шекара­сын күзет­кен қазақстандық сар­баз­дардың есімдері ел жадынан шықпайды.  

Қазақ сарбаздары 2003 жылдан бастап бес жылдай уақыт Иракта қақтығыстар өткен аумақтарды мина­дан тазарту, жергілікті тұр­ғын­­дарды саперлік жұмысқа үйре­ту, халыққа меди­циналық қыз­мет көрсету арқылы жұрт­шы­лықтың ықыласына бөленді. Бұл іс жүзінде абыройлы миссия болатын. Міне «ҚАЗБАТ» атағының дүр­кіреген кезі осы. Айтылған уәж дәйекті болуы үшін, сандарды сөйлетсек, Ирактағы миссия бары­сында қазақстандық сарбаздар 4 млн-нан аса жарылғыш заттың көзін жойды, 6718 текше метр суды тазартып шықты. Ирак әскери академиясының 572 кур­санты жарылғыш заттар­ды жою­ға оқытылды. Бұған қоса лаң­­кестік әрекеттердің кесірінен жара­­ланған 5 мыңнан аса азамат­қа меди­циналық көмек көрсетіл­ді. Олардың көбі әйелдер мен бала-шаға болатын.

Енді берідегі бітімгерлікке тоқ­талсақ, Иран Ислам Респуб­ли­ка­сы­ның ядролық бағдар­ламасы­­на шүйліккен әлемдік қоғам­дас­тық 2013 жылы іске Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуынан кейін кең тыныстай бастады. Сол жылы Алматыда бас қосқан Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия мен Иран тараптары мәселені реттеуге келіскен-ді. Келіс­сөздердің нәтижелі болған­ды­ғын Еуропалық одақтың ара­ға екі жыл салып Қазақстан­­­нан тағы да араағайындық етуді сұра­­ған­­д­ы­ғынан да байқауға болады. Әрине біздің Президент­­тің халықаралық деңгейдегі беде­лі арқылы мүдделі тараптар келісімге келіп, Иранды көптеген жылдар бойы бас көтерт­пей отырған қысымдар бәсеңдеді. 

Тіпті Ресей мен Түркия ара­сын­­дағы шиеленістерді шешу­дегі біздің мемлекеттің, Мемлекет бас­шы­сының рөлі аса маңызды болды. 

Жоғары деңгейдегі келіссөз­дер өткізу­дің зор жауапкершілігін арқа­лай алатын Қазақстан кеше­гі Сирия дағдарысында да тарап­тар­дың басын қосып, күн-түнге созылған құжаттардың қабылдану сатысына алаңдаған әлемдік қоғам­дастық Астанаға көз тігіп отырды. 

Жалпылай алғанда, БҰҰ 1948 жылдан бері 69 бітімгерлік миссия ұйымдастырған. Қазірдің өзінде жер шарындағы 16 «қауіпті нүктеде» жүз мыңнан аса бітімгер қызмет етуде. 

Халықаралық мінбердегі мәлімдеме

Қазақстанның Біріккен Ұлт­тар Ұйымы жанындағы Тұрақ­ты өкілі Қайрат Омаров жақында өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің бітімгерлік қызметін реформалау жөніндегі отырысында: «БҰҰ-ның бітімгерлік қызметі процесіне жаңа елдердің белсенді жұмылдырылуы және қатысуы, соның ішінде өз құрамын орналастыруы БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына жаңа энергия және тиімділік беретініне сенеміз», – деді. 

Оның айтуынша, бұл үдеріс БҰҰ миссияларының беделі мен тиімділігін сондай-ақ елдердің, өңірлік ұйымдардың және әлемдік қоғамдастықтың ынтымақтастығы мен ұжымдық жауапкершілігін арттырады. 

Жалпы, БҰҰ-ның басшы­лы­ғы біздің әскери қызметшілер­дің даяр­лық деңгейіне жоғары баға берді және олардың санын арттыруға мүд­делілік танытуда. Ал бұл бізге не береді дегенге келсек, БҰҰ-ның бітімгершілік операциясын жүр­гізу аумағындағы қауіпсіздік пен ағымдағы ахуал туралы ауқым­ды ақпарат алуға және осы ақпа­ратты контингент құрамында миссияға одан әрі қатысу жөніндегі ұста­нымды пысық­тау үшін пайдалануға мүм­кіндік пайда болмақ.

Одан басқа миссияда болу нәтижесінде алынған халықара­лық стандарттар жөніндегі тәжі­ри­бе мен жұмыс дағдылары Қару­­лы Күштердің еліміздегі оқу-жат­­т­ы­ғу талаптарын өткізетін оқу, білім беру процесінде қолданы­ла­ды. Коман­далық және штабтық лауазым­дарға тағайындау кезінде ескеріледі. 

Аталған операцияға қатысу Қазақ­стан Қарулы Күштерін де ширатып, бітімгершілік пен гума­­ни­­тарлық көмек көрсетуде тәжі­ри­бе жинақтауға, әскери бөлім­ше­лердің жауынгерлік қабілетін тексеруге зор мүмкіндік екені тағы анық.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»